Айгүл Жұбаныш. Бір тал гүл
Перзентханада медбикелер мұны жерден алып, жерге салды. Олар мұның ішкі жансырын ұқсын ба? Төрт қыздан кейін шаңырағына атұстар келер деп күткен-ді. Жаратқан бұл жолы тағы кестетігер тарту етті. «Қызды болдың, құттықтаймын!» деп сүйінші сұраған медбикені ұнатпай, суық қарады да, тіс жармады. Сол үнсіздік әлеміне енген күйі теріс қарап жатып қалды. Алғашында ақ халаттылар айқайлап, ақыл айтқан-ды. «Ертең сені бағатын осы қыз болады» деді бірі, енді бірі «Қыздың көп болғаны жақсы» деді. Әйтеуір жас босанған анаға баласын бауырына беру үшін жан жадыратар жақсы сөздерін айтысты. Бірақ, «ұлды болмадым» деп ренжіген әйел сәбиіне мойын бұрып қарамай жатты да қойды. Біршама «бас ауыртар» ақыл айтқан дәрігерлер сөздерінің зая кеткенін түсініп, шынымен қапалана бастады. Сәби шыр-шыр етеді, анасы бас көтерер емес.
Бөлмеге келген бас дәрігер:
- Аяла, айналайын, есіңді жи. Баланы ұл-қыз деп бөлудің қажеті жоқ. Аман-есен жаның қалды. Қарашы, бөпең қандай сүп-сүйкімді! - деді.
Ол солқ-солқ етіп жылаған күйі естімегендей жата берді. Жылы сөзге жаны ауырмасын сезген дәрігер қорқытуға көшті.
- Егер баланы қарамайтын болсаң, онда перзентханаға қалдыр да, өзің үйіңе қайт. Балаға қосымша сүт беріп, өзіміз өсіреміз.
Әйел селт етпеді. Дәрігер бөлмеден шығып кетті. Ол орнынан тұрды. Дүние есігін жаңа ашқан бейкүнә періште тәтті ұйқының құшағында. Дәрігерлер жөргекке аяқ-қолын таңып тастапты. Сәбиінің бетіне қарап отырып, өзіне ұқсастық іздеді. «Бұл да әкесіне тартыпты» деп ашулы күйі қайта жантайды.
...Өзі жеті ұлдан кейін дүниеге келген жалғыз қыз. Жеті ұлы жалаңаш жүрсе де әке-шешесі мұны хан қызындай аялады. Жеті ұлы бір төбе, Аяласы бір төбе болды олар үшін. Ата-әжесі, сірә, мұның маңдайына шаң тигізген емес. Ерке өскендіктен бе, мұның өз дегені болмаса қабырғаға теріс қарап, бүк түсіп жатып алатын әдеті. Бұл күнде бес баланың анасына айналса да, сол әдетінен арылған емес.
Медбикелер палатаға келесі бір ана мен сәбиді алып келіп орналастырды. Анасы әлсіз, сәбиі шыр-шыр етеді. Кереуетке жатысымен көршісі де көз жасына ерік берді. Сүт пісірімдей уақыт өткенде, Аяла есін жинап, көршісіне басу айтуға бекінді. Бәлкім бұл да «ұлды болмадым» деп, дүниені төңкергісі келіп, налып жатқан болар. Бос сөз жаны қиналған кісінің ашуын одан бетер қоздырары анық. Ол ары-бері жатты да, қоңыр даусымен әнге басты.
Қыздың аты қыз ғой, шіркін, қашанда,
Төбесіне алтын құйып бақсаң да.
Шаңыраққа ие болып қалатын
Ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда...
Әннің соңғы жолына келгенде көмейіне жас толып, тұншыға әзер орындады. Көршісі қосылар деп күткен еді, ол жылауын қойып, үнсіз қалды. Аяла тіл қатты.
- Сіз де ұл күтіп жүр ме едіңіз?
Көршісі біраз үнсіздіктен соң:
- Жоқ, сіңілім, мен ана болғаныма, жанымның аман қалғанына жылап жатырмын.
Көршісі баяу орнынан тұрып, сәбиін бауырына басып, мейірлене құшты. «Білесің бе, сәбидің исіндей тәтті иіс жоқ бұл жалғанда. Бұл - жұмақтың исі» деді жымиып. Содан соң бөбегін аймалап, бесік жырын айта бастады. Аяла өз әрекетіне ыңғайсызданды. Күні бойы нәр татпаған бөбегін аяп кетті... Көршісі орта жастағы апай екен. Баласын көтерген күйі кереуетіне жайғасты.
- Күнімнің көзі өзіме ұқсапты. Ал қабақ түйгені әкесінен айнымайды.
Өз-өзімен сөйлесіп, жаны жадырап отыр.
- Мен көпке дейін құрсақ көтере алмадым, - деп, сөз бастады. Емделмеген дәрігерім, қаралмаған бақсы-балгерім қалмады. Он бес жылдан астам бала болмағаннан кейін мүлдем үміт үздік. Жолдасымыз екеуміз ұрыс-керіссіз ажырасуға бел будық. Қимадық. Бірақ ер азаматқа бала керек қой. Үйімізді сатамыз деп шештік. Сотқа арыз бердік. Мен туған жеріме біржола кететін болып, жолға жиналып жатқанда.., о, тоба! Құдайдың құдіретін қараңыз... Жүрегім айнып, басым айналды. Алғашында уайымнан болар дегенмін. Сөйтсем, Жаратқан сынай жүріп, тосынсый жасауды ұмытпапты. Сол сәттен бастап жолдасым табанымды жерге тигізбеді. Бірақ, дәрігерлер бұл баланы дүниеге әкелуіме қарсы болды. Әр сараптамалық тексеру сайын құрсағымдағы баланы «дауна» деді, «қолы жоқ» деді, әйтеуір, жатырға біткен тіршілік иесінен құтылуға үгіттеді. Көнбедім. Мен мұнан соң сәбилі бола алмаймын... Міне, қарашы, дәрігерлер де қателеседі екен ғой. Сәбиім сап-сау. Құдайға мың да бір шүкір! Әлгінде мен сол үшін жыладым. Ана үшін бақыт дегенің - баланың амандығы екен ғой...
Біраз үнсіздіктен соң көршісі бұған барлай қарап отырып:
- Өзің неге көңілсізсің? - деді.
Бұл өзін мазалаған жайды айтты. Көршісі мұны ұнатпай қалды.
- Рахатты ұлдан көресің бе, қыздан көресің бе, оны Алла біледі. Қыз берген Алла ұл да сыйлайды. Тек сабыр мен төзім керек.
Көрші мұнан ары ләм-лим демеді. Қызын көтеріп отырып: «Бір тал гүлім, көрер қызығың көп болғай» деді. Бір тал гүл... Бір тал гүлге бақыт сыйлаған ана қандай бақытты еді.
Аяла өз әрекетінен ұялды. Жөргекке оралған сәбиіне қалай қолын созғанын байқамай да қалды. Бөбегі де осы сәтті күтіп жатқандай, іңгәлап қоя берді. Ол қызын мейірлене құшақтап: «Иә, жұмақтың исі екен ғой» деді...
Айгүл Жұбаныш
abai.kz