» » » ҚОС ШАҺАР АҚЫНДАР ЖЫРЫНА АРҚАУ БОЛДЫ

ҚОС ШАҺАР АҚЫНДАР ЖЫРЫНА АРҚАУ БОЛДЫ

«Сырдың елі – жырдың елі». Иә, даңғайыр жыраулар мен шаһбаз шайырларды бауырынан түлеткен «Алаштың анасы» қаншама айтыс ақтаңгерлерін де дүниеге әкелді.

Кешегі Ақмешітте болған айтыс аламанына халық қисапсыз көп жиналды. Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театрында облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» аясында Астананың – 20, Қызылорданың – 200 жылдығына арналған «Астана – биік төрім, Қызылорда – туған жерім» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Алаш жұртының астанасы болған ескі шаһардағы бұл аламанға еліміздің барлық аймағынан танымал ақындар қатысты.
Айтыстың беташар сөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр жұртшылығын қазақтың алғашқы астанасы мен қазіргі астанасының мерейлі мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде Елбасы Алаштың анасына балаған Сыр елінің қазақ руханиятында алар орны ерекше екеніне тоқталып, Сыр бойындағы шаһардың жаңарып келе жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе, сол жағалаудан бой көтеріп келе жатқан жаңа қаладағы шағын ауданның биыл пайдалануға берілетінін жеткізді. Сонымен бірге Қырымбек Елеуұлы Арқаның ажарын арттырған Астана жайында былай деп сөз толғады:
– Еділден айырылған қазақ Есілден де айырылардай болып тұрған елең-алаң кезеңде Елбасының батылдығымен, кемеңгер шешімімен Еуразия төрінде, Сарыарқа төсінде заманауи Астана бой көтерді.
Елорданы Алматыдан Астанаға ауыстыру қазақтың билігі өз қолына тиген соң ұлттың болмыс-бітімін сақтап, болашағын баянды ету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл қадамның дұрыстығын қазір қай қырынан алып қарасақ та уақыт дәлелдеді. Құла даладан құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандырған Елордамыз тәуелсіздігіміздің тұғырына, экономикамыздың тірегіне, әлем елдері бас қосатын достық мекеніне айналды. Ата-бабаның аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғаған кең байтақ жерімізді сақтап қалудағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігін қазақ қоғамы енді ғана түсіне бастағандай.
Одан соң айтыстың тайпалған жорғасы Мэлс Қосымбаев Сыр жұртшылығына жыр арнады. Айтыстың жүргізушісі, аузымен құс тістеген жүйрік Аманжол Әлтаев айтыскерлерді жеребе бойынша жұптап, көрермен нағыз суырыпсалмалық өнерге қол соқты. Әсіресе, аяқасты сөз тауып, қарсыласын қапы қалдыратын қос жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан мен Мұхтар Ниязов шаппа-шап айтыстың көрігін қыздырды. Айтыс барысында ақындар Арқадағы ару қала мен Сыр бойындағы көне шаһарды жырларына арқау етті.
Айтыс аламанында қамшы салдырмайтын жас жүйрік Мейірбек Сұлтанхан бас бәйгені жеңіп алды. І орын кешегі сал-серілердің сарқыты – қарағандылық Мақсат Ахановқа бұйырды. ІІ орынды алматылық ақын Рүстем Қайыртай қанжығасына байлады. Ал, ІІІ орынды Мұхтар Ниязов, павлодарлық Қайрат Нұрқанат және семейлік Әсем Ережеқызы өзара бөлісті.
Айтысқа Жүрсін Ерман, Нұртөре Жүсіп, Ғалым Жайлыбай, Мэлс Қосымбаев, Серік Ыдырысов, Оңталап Нұрмаханов сынды ұлт руханиятының жанашырлары қазылық етті.

Қ.АХЕТОВ.

23 ақпан 2018 ж. 1 568 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 707

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031