» » » Ата басылымның ғасыр тойы

Ата басылымның ғасыр тойы


Биыл «Егемен Қазақстан» газеті 100 жасқа келді. Руханияттың жаршысына айналған бас газет кең көлемде ұлықталды. Дүйім жұрттың назарын аударған мерейтой елорда төрінде аталып өтті. Ел газетінің ғасыртойына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатын жолдады. Жүз жылдық кеште қос тұлғаның жылы лебізін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жеткізді.
Мемлекеттік хатшы бұл мерейтой ұлт руханияты үшін айтулы мереке екенін тілге тиек етіп, алғаш 1919 жылы Орынбор қаласында жарыққа шыққан ата басылым бүгінде еліміздің ғасырлық жылнамасына айналғанын атап өтті.
– Басылым беттерін парақтағанда ұлты­мыздың ғасыр ішінде бастан кешір­ген кезеңдері көз алдыңызға келіп, жиыр­масыншы жылдардағы ұжымдастыру, отызыншы жылдардағы ашаршылық пен репрессиялар, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары, тың игеру және басқа да тағдырлы әрі тарихи оқиға­лармен өріліп, азаттықтың ақ таңындағы ақжолтай жаңалықтармен арнасы жалғасады. Замана үніне айналған бас газет әр жылдары республикамыздың астанасы болған Қызыл­орда, Алматы қалаларында жұмысын жалғастырып, ел өміріндегі өркенді істерді оқырмандарға дер кезінде жеткізіп отырды. Газет журналистері қай кезде де халықтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-эко­но­микалық, мәдени-рухани тақы­рып­тар­дағы қадау-қадау проблемаларын қаузап, игілікті іске жанашырлықпен үн қосты. Келелі мәселелердің кесімді шешім табуына кәсіби шеберлікпен атсалысты. Ең бастысы, «Egemen Qazaqstan» газеті қай дәуірде қызмет етсе де, ұлт мүддесінің жоқтаушысы, қазақ руханиятының іздеушісі, төл мәдениетіміздің жанашыры болып келеді, – деді Қырымбек Көшербаев.
Мұнан кейін Мемлекеттік хатшы ме­рей­­тойға орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысын «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге, басқарма төраға­сының орынбасары Ерболат Қаменге, бас редактордың орынбасары Талғат Батыр­ханға, саясат бөлімінің меңгерушісі Жолдыбай Базарға және басылымның аға корректоры Зәпира Төлешоваға табыстады. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев та ел игілігіне қызмет етіп жүрген егемендіктердің еңбегін ерекше бағалап, Үкімет басшысы Асқар Маминнің құттықтауын оқып берді.
Қаламгерлер еңбегі бағаланған мерей­тойда Парламент Сенаты мен Мәжілісінің де­путаттары да «Egemen Qazaq­stan» газетінің еңсесін бір көтеріп тастады. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның ізгі тілегін сенатор Нұртөре Жүсіп жеткізді.
Аталған ата басылымның бір ғасыр қазақ елінің рухани, ақпараттық, ғылыми ағар­ту­шылық сұранысын қамтамасыз етіп келе жатқан ұлттың ұстазы, жетістігінің жаршысы, әлеуметтік өмірінің айнасы екеніне ешкімнің таласы жоқ. Газет ұжымының жүз жылдық мерзімде атқарған қызметі тарих үшін қайталанбас ерлік екені де рас. Жастар жылы және «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы аясында «Үміт» жас журналистер конкурсы ұйымдастырылған болатын. Сал­танатты жиында конкурс жеңімпаздарын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев марапаттады.
Министр алдымен биыл тарихы терең, мәртебесі зор «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық белесі тойланып жатқанын, қа­зақ­тың біртуар тұлғалары қызмет еткен бұл басылым қазақ баспасөзінің қараша­ңырағы екенін айтып, алдағы уақытта да қа­ра­шаңырақтың қадір-қасиеті түспей, қара­пайым журналистердің елдің сөзін сөйлейтін тұлға болып қалыптасуларына тілек білдірді. Шарада қарағандылық жас журналист Дулат Аманжол «Отандық БАҚ-ты дамытуға қатысты жеті ой» сараптамалық мақаласы үшін ІІІ орынға лайық деп танылды. «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихына үңіліп, онда қызмет еткен белгілі қаламгер Қалмақан Әбдіқадыровтың қалай жұмысқа тұрғаны, Қызылордадағы Ілиястың ізі, Ұзақ Бағаевтың азаматтық ұстанымы туралы қызықты деректерге құрылған «Өткеннің өнегесі өшпейді» атты мақаласымен Қызылорда облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі, әріптесіміз Ерасыл Шәрібек ІІ орынға лайық деп танылды. Ал І орынды Петропавл қаласынан келген Арайлым Бейсенбаева «Қаламы мұқалмас қайраткер» атты мақаласымен иеленді.
Мерейтой аясында «Ең қысқа әңгіме» байқауы жа­рия­­ланған еді. Бұл байқауға келіп түскен 300-ден аса шы­ғар­маның ішінен «Қостанай таңы» газетінің тілшісі, жас ақын Жандос Жүсіпбектің әңгімесі топ жарды. Жеңімпазға ақшалай жүлде мен арнайы диплом табысталды. Салтанатты іс-шарада елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістерінің қатысуымен дайындалған «Жүз жыл және жалғыз сәт» театрландырылған қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Кешті газет басшысы Дархан Қыдырәлі қорытындылады.
– Ел газеті «Егеменнің» мерейлі межесі – ғасыр тойын қорытындылап жатыр­мыз. Біз биыл жыл басында Абайдың же­рінде, Жидебайда бастаған газеттің 100 жылдық мерей­тойын жер-жерде, алаштың ұлыларының – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды бабаларымыздың 125 жылдық мерейтойларымен сабақтас­тырып, үндестіріп атап өтуге тырыстық. Себебі «Егеменнің» жүріп өткен жолы та­ғы­лым мен тағзымға толы. Қазаққа қазақ атауын қайтаруға айрықша үлес қосқан, елдік рухты еңселі етуге еңбек еткен азаттықтың арайлы таңында қасиетті Тәуелсіздігімізді сүйіншілеген «Egemen Qazaqstan»-ның тойы – баршамыздың тойымыз, күллі қазақ баспа­сө­зінің тойы, – деді басылым басшысы.

23 қараша 2019 ж. 553 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930