» » Әдебиет абызына көрсетілген құрмет

Әдебиет абызына көрсетілген құрмет

Биыл Қазақстан және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды. Әдебиет әлемінде өзіндік өрнек қалдырған Әбдіжәміл Нұрпейісовке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен “Қазақстанның Еңбек Ері” атағы берілді.
Қарымды қаламгердің «Қан мен тер», «Курляндия» («Күткен күн»), «Соңғы парыз», «Сең» сынды романдары қалың оқырманның да, әлемнің әдебиет сыншыларының да талғамынан шықты. Кешегі жазушының ме­рейтойы қарсаңында да әдеби шығар­маларына жоғары баға бергендер аз болған жоқ. Сахна төрінен орын алған белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен жазушы Төлен Әбдіков «Қан мен терді» жас күнінен жастанып жатып оқығандарын айтты. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар көрнекті жазушыны алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құттықтады.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев пен Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау хаттарын оқып, мерейтой иесіне зор денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі.
– Ұлы Мұхтар Әуезов қайтыс боларының алдында Мәскеуден арнайы хат жазып, өзі үміт артатын төрт жас қаламгердің аты-жөнін атағанын сіздер жақсы білесіздер. Соның бірі – Әбе, Әбдіжәміл Нұрпейісов алаш жұртының абызына, әдебиеттің алтын діңгегіне айналды. Әбе – ешкімге ұқсамайтын жазушы. Әдебиетке келген жас жазушылар алғашқы қадамын әңгіме, повесть жазудан бастаса, ол бірден роман жазды. Ал «Қан мен тер» романы әп-сәтте әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылды. Әлем жазушысы Арал проблемасына бүкіл әлемнің назарын аударды. Ол туған елінің алдындағы парызын еселеп өтеген қаламгер, – деді Қырымбек Көшербаев.
Мұнан кейін Мемлекеттік хатшы Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. «Құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы! Мерейлі 95 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Көзі тірі классик, сөз өнерінің саңлағы, көрнекті қаламгер және қоғам қайраткері ретінде сіз ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, оның әлемдік деңгейде танылуына сүбелі үлесіңізді қостыңыз. Қалың оқырман жақсы білетін «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сияқты әйгілі шығармаларыңыз арқылы оқыр­манның, бірнеше буынының шынайы құр­метіне бөлендіңіз. Халқымыздың сан салалы тыныс-тіршілігін эпопеялық ауқымда суреттеп, өмірде қайталана бермес бірегей тұлғалардың бейнесін сомдаған көркем туындыларыңыз жас ұрпаққа ұлағатты ой айтуымен, тағылымды тәрбиелік мәні­мен ерекшеленеді» делінген Елбасы құттық­тауында. Мемлекет басшысы да өз құттық­тауында мерейтой иесін 95 жасқа толуымен құттықтап, егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті жазушы, сөз өнерінің патриархы ретінде қадірлейтінін жеткізген.
Мерейтойда белгілі жазушының әрбір туындысын жеке-жеке талдап, бағалап баян­дама жасаған қарымды қаламгердің қатары қалың. Туған жері – Сыр елінің сәлемін жеткізген облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қаламгер туып-өскен өңірдегі рухани игілікті шаралардың барлығын жазушының шығармашылығымен байла­ныстырды. Осы­дан 5 жыл бұрын Арал ауданында ашылған Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйі бүгінде қара сөздің қадірін түсінген көзі қарақты оқырманның рухани ордасына айналғанын тілге тиек етті. Мерейтой иесі рухани кеште қалың оқырманға алғысын білдірді. Шығар­ма­шы­лық кештің екінші бөлімі концерттік бағ­дар­ламаға ұласты.
Кейінгі буынға рухани мол мұра қал­дырған кемел ойдың иесі, қарымды қаламгерге қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Жазушы 95 жасында «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегін бағалаған Мемлекет басшысының бұл шешімі әдебиет өкіліне берілген лайықты құрмет деп білеміз. Ғасыр жасаңыз, Әбдіжәміл аға!

«ЖЖ» ақпарат

29 қазан 2019 ж. 626 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 787

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031