Зекет – берекет кілті
Асыл дінімізде біреуге жақсылық жасауды адами болмыстың ең биігі санайды. Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың иесі – Алла. Ол біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін де ескертеді.
Жалпы бөтен мақсат көздемей, тек шын жүректен жасалған әрбір іс – сауап, садақа. Ретін тапса, сауапты істің түрі көп. Біле білсеңіз, игі іс жасау міндетті түрде біреуге дүниеңнің жартысын бөліп беру деген түсінік емес. Түсінгенге, сауапты іс бұл – үлкен жүректен шығатын кішкене ғана іс-әрекет. Садақа берумен дүниеміздің кеміп қалмайтынын білуіміз керек. Денің сау, басың аман кезде берген садақаң сені алда төніп тұрған түрлі бәлекет пен кесапаттан, әртүрлі қауіп-қатерден, ауру-сырқаудан, жамандықтан мал-жаныңды, дүние-мүлкіңді сақтандырады. Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінде: «Малдарыңды зекетпен қорғаңдар, ауру-сырқаттарыңды садақа беріп емдеңдер, бастарыңа келген бәлекеттер үшін Алла Тағалаға жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңдар» десе, келесі бір хадисінде: «Садақа беруге асығыңдар. Өйткені бәле садақаны асып өте алмайды» деген.
Зекет берудің түрі көп. Бірақ біз біле бермейтін сауапты істер де бар. Жақында қолымызға республикалық рухани-танымдық “Munara” газетінің ең алғашқы саны тиді. Газет бетін ақтарып отырып «Балдан зекет беріле ме?» деген мақалаға көзіміз түсті. Өзімізге таңсық дүние болғасын, мұқият оқып шықтық. Сөйтсек, балдан да зекет беріледі екен. Ханафи мазхабында балдан зекет берілуі керек. Оның белгіленген нисап мөлшері жоқ. Қанша өнім алса, соның 10 процентін беру – уәжіп. Зекеттің бұл түрі ұшыр деп аталады. Ұшырдың берілуінің себебі былай түсіндіріледі. Ара балды өсімдік және ағаш гүлдерінен жинайды. Бал жеуге жарамды және оны сақтауға да болады. Ол мүлік болуға жарайды, сатса, пайда келтіреді. Сондықтан егін мен жемістен ұшыр берілгені сияқты, балдан да ұшыр осылай беріледі.
Мамандардың айтуынша, балдың адам денсаулығы үшін пайдасы көп. Бал қан құрамын жақсартады, ішкі ағзалардың қызметін жандандырады, иммунитетті арттырады, дененің физиологиялық қызметін, күш-қуатын қалпына келтіреді. Мидың жұмысын жақсартады, тыныс алу жолдарын сақтайды. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруына, бауырға, бүйрекке, ішек-қарын жолына, суық тиюге, өтке пайдалы. Балды құрт ауруына, ұйқысыздыққа, бас ауруына, қан қысымына, асқазан жарасына, тіпті күйікке де ем ретінде пайдалануға болады. Адам ағзасын ауру-сырқаудан сақтайтын бұл өнімнің аллергияға, бактерияға, қабынуға да қарсы қасиеттері анықталған.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ