Әруақ қонған Сары ишан
Қазіргі таңда Жалағаш және көршілес Сырдария аудандарының территориясының әр аумағында ахундар мен ишандардың бейіттері мен кесенелері, салдырған мешіттері немесе сол кісілердің атымен аталатын ауылдар ғана болмаса, олар жайлы ауыз толтырып айтарлықтай жазбаша деректер мен мәліметтер жоқтың қасы. Көбісі ауызша, әкеден балаға тараған әфсаналар мен аңыз әңгімелер.
Бұның бір себебі кешегі кеңес үкіметі тұсында діни ғұламалар мен ұрпақтарының барлығы қудаланып, олардың ешбір еңбектерінің сақталмағаны болса, екіншіден олардың атын атауға қатаң тыйым салынғандығынан. Бір ғана анығы, олардың барлығы да сол аймақта бала оқытып, бар ғұмырын жергілікті тұрғындардың діни сауатын ашуға, ислам дінін насихаттауға әрі имандылыққа тәрбиелеуге жұмсаған ислам дінін таратушылар болған.
Сыр елінен шыққан ишандардың арасында Сары ишан деген атаумен тарихқа енген Таймағамбет Қожықұлының есімі ерекше аталады. Заманында оның есімі Сыр мен Қырға (Арқаға) дейін жайылып, ол жайлы аңыз-әңгімелер бүгінгі күнге де жеткен еді.
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Сары ишан – ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан ХХ ғасырдың басына дейін өмір сүрген ислам дінінің өкілі. Өзінің азан шақырып қойған аты – Таймағамбет. Сары ишан деген есімді ол кісіге түрінің аққұба, сарылығына қарап халық қойған екен.
Сары ишанның арғы бабасы Қонақбай сонау жаугершілік заманында жоңғарларға қарсы жорыққа ел ішінен тамақ, қару-жарақ, киім-кешек пен мініс аттары жиналып жатқанда ел азаттығы мен бостандығы жолына өзінің бүкіл жиған-тергенін беріп, үйір-үйір жылқысы мен отар-отар қойын қосыпты.
Оның осы ісіне риза болған аузы дуалы абыз ақсақалдар «Әй, мынау кім болды екен. Өзі бір байдың баласы болар?» деген екен. Міне, содан бері Қонақбай атамыздан тараған әулет «Байбаласы» деп аталып кеткен.
Қонақбайдан Байсал мен Бабахан деген екі ұл тараған. Байсал алдында мыңдаған мыңғырған малы бар сол төңіректегі елге атағы жайылған сыйлы кісі болған екен. Байсалдан Қожық, Мектеп, Ізбас пен Дүйсебай деген ұлдар тарайды. Байсал байдың бұл балалары ауыл молдасынан хат танып, өз заманының білімді кісілері болған.
Қожық бабамыз да өзінен тараған Таймағамбет, Саймұхамбет, Осман, Бәйімбет, Жүрімбет, Ақпөпеәли, Сейдәли, Сахабаәли және Ахметжан сынды тоғыз ұлының жақсы білім алуына барлық жағдайды жасаған екен.
Шамамен 1840-1842 жылдар аралығында оның үлкен ұлы Таймағамбет (Сары ишан) қазіргі Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылының аумағында Хорасан қожа Алтайбек ахуннан білім алады. Кейін, алған білімін әрі қарай жетілдіру мақсатында Бұхара қаласындағы Көкілташ медресесінде 12 жыл оқып, «Ишан» деген діни атақ алып шығады. Ишан – дін саласындағы ірі оқымысты, атадан балаға жалғасатын діни атақ.
Елге оралысымен ол кісі ауылының маңына мешіт салдырып, бала оқытып, жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып тіршілік еткен. Адамдармен сыпайы сыйластықта болып, елге үлкен адамгершілік сипаттағы мәнді тәрбие берді. Ислам дінінің әдет-ғұрыптарын кеңінен насихаттап, ағартушылықпен, елдің денсаулығына шипасын тигізетін емшілікпен де айналысты. Ол кісі болашақты болжай білетін әулие де болған.
Қожықтың кенже балалары Сахабаәли мен Ахметжан да Көкілташ медресесіне оқуға түсіп, сабақта өте зерек әрі алғыр болған деседі. Әсіресе Ахметжанның оқу үлгерімі жақсы болып, үнемі шәкірттердің алдында оқ бойы озып алда жүреді екен. Содан түр-тұлғасы келіскен, сымбатты жігітке бір өзбек бегінің көзі тиіп, Бұхара қаласында қайтыс болады. Ұстаздары қайтыс болған жігіттің денесін арулап жуып, бальзамдап киізге орап, туған жерге жеткізу мақсатында түйеге артып, ағасы Сахабаәлиге тапсырып, жолға шығарып салады. Содан екеуі де туған жерге жете алмай хабар-ошарсыз кетеді. Шамасы Сахабаәли інісінің мүрдесін елге жеткізе алмай, жолдың бойында жерлеп, өзі інісін қимай сол жақта қалып қойған сыңайлы. Кейіннен ағайындары іздеу салғанда “Тамды жақтағы Ақтау деген жерде түйеге мүрде артқан жігітті көрдік” деген кісілер болғанымен ағайынды екеуі табылмай хабар-ошарсыз кеткен.
Сары ишанның үлкен ұлы Ілияс мақсұм да елге сыйлы дін өкілі болған. Шамамен 1880 жылдары дүниеге келіп, 1969 жылдары қайтыс болған. Заманында Кеңес үкіметінің шолақ белсенділерінен көп қуғын-сүргін көрген.
ХХ ғасырдың басында Сары ишан қайтыс болғаннан кейін ұрпақтары оны өзінің туып-өскен жеріне арулап қойып, басына кесене тұрғызады. Қазіргі таңда Сыр өңірінде тұратын қазақтардың «үйтам» үлгісі бойынша тұрғызған Сары ишан кесенесі – Жаңадария ауылының оңтүстік-батысында 80 шақырым жерде, Жаңадария өзенінің сол жақ жағалауында, ескі қорымның орнында орналасқан біркамералы, порталды-күмбезді құрылыс. Кесене көлемі 8х18х32 см болатын қам кесектерден қаланған. Кесененің солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс қабырғаларында үшбұрышты қуыс-тесіктер қалдырылған. Күмбездің төбесінде ішке жарық түсу үшін бір қуыс-тесік бар. Ішінде қам кесектермен қаланып, сырты сабан сылақпен сыланған бір қабір жатыр. Еденге қам кесектер төселген. Есігі ағаштан жасалған.
Кесененің жалпы өлшемі – 4,75х4,75м Биіктігі – 4,5 м, күмбездің диаметрі – 4,5 метр. Кесененің солтүстік-шығыс жақ қанатында қам кесектен салынған сағанатам жапсарлас орналасқан. Сағанаға кіреберіс есік кесененің ішінде орналасқан. Сағанатамның ішінде өлшемі 27х27х4,5 см болатын қызыл кірпіштен қаланған қабір бар.
Сары ишанның неліктен екі ғасырға жуық уақыт ішінде аты ұмытылмай келгендігіне тоқталайық. Біріншіден, асқан білімді болуы, екіншіден, әділеттілікті, әдептіні сүйгені, үшіншіден, қоғамның, ислам дінінің өркен жаюына белсене атсалысқан діни қайраткер, ғұлама болғандығы, төртіншіден, қазақ халқының салт-дәстүрін, қисса-жырларды жинап, халық игілігі үшін қызмет етуінде болса керек.
Аталмыш мақала Сары ишанның ұрпақтарының естеліктері мен зерттеуші ғалым Т.Дайрабайдың жеке архивінен алынған материалдардың негізінде жазылды.
Т.Қозыбағаров,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері