» » » БАБАлар РУХЫНА ТАҒЗЫМ

БАБАлар РУХЫНА ТАҒЗЫМ


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елімізді жарқын болашаққа бас­тайтын мәселелер көтерілгені белгілі. Жалпы, бұл бағдарлама – өткенімізді оралтып, бүгінімізді бағалауға, тарихымызды келешек ұрпаққа аманат етуге мүмкіндік берді. Осы орайда аудандық «Иманқұл» мешітінің имам-ұстаздары мен шәкірттері, мешіт жамағаты, ардагерлер және мектеп оқушылары республикалық маңызы бар мемлекеттік ескерткіштер қатарына жататын тарихи орындарды аралап қайтты.

ҚАЛЖАН АХУН

Сыр өңірі – тарихи тұлғалар мен баһадүр батырлардың, дәстүрлі ислам дінімен сусындатқан молда ишандар мен ахундардың ізі қалған киелі мекен. Таң азанымен жолға шыққан жамағат алдымен Қалжан ахун мешітіне аялдап, содан соң, киелі Қармақшы өңіріне қарай бет алды. Онда Қорқыт ата мемориалдық кешеніне, Сәрке батыр ескерткішіне, Марал ишан, Қалқай ишан кесенесіне барып, баба рухына құран бағыштады.
Сапар аясында «Иманқұл» мешітінің имамы Айбек Мәдиев тарихи орындардың маңыздылығы мен діни қайраткерлердің өмір жолдарымен таныстырды. Өткен ғасырлардан сыр шертетін мәдени мұраларды насихаттау арқылы тарихи тұлғаларды танып-білуге мүмкіндік туды.
XIX-XX ғасырдағы қазақ діни қайраткерлерінің көбісі Бұхарадағы әйгілі «Көкілташ» медресесінде білімдерін жетілдіріп, туған өлкелеріне келіп, сол ілімді жастар арасына таратқан. Сол медресе түлектерінің қатарында Сыр өңірінде өзінің мешіт-медресесін ашқан ағартушы, ұстаз, шайыр, заңгер Қалжан ахун Бөлекбайұлының орны ерекше. Ол – өз заманында халқын дінге шақырған, медресе ашып, қазақтың ұл-қызын оқытуға үлес қосқан тұлға.
«Иманқұл» мешітінің имамы А.Мәдиевтің айтуынша, Қалжан бабамыз алдымен Хиуадағы діни медреседе төрт жыл білімін шыңдап, 17 жасында айтулы «Көкілташ» медресесіне оқуға қабылданады. Көкілташ медресесінде он жыл білім алып, негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмамдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын меңгереді. Сондай-ақ, шаруашылық басқару ісін де игеріп шығады. Араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгерген Қалжан атамыз сол медреседен «Ахун» атағын иемденеді.
Ол мешіт жанынан Сыр өңіріндегі шаруалардың балаларының сауатын ашып, ағарту жұмыстарымен айналысады. Бұхарадағы әйгілі «Көкілташ» ме­дресесін тәмамдаған соң оқып-білгенін, өз қызметін ел игілігіне жаратады. Бабамыздың өзі атымен аталатын мешіт-медресесіне аяқ басқанымызда бірнеше бөлмеден тұратын оқу дәрісханаларға көзіміз түсті. Олардың қатарында діни сауат ашу дәрісханалары да бар. Жалпы, Қалжан ахун Бөлекбайұлының білімді, ғұлама қайраткерлігі жайында да халық арасында айтылып жүрген естеліктер де көптеп кездеседі.
Қалжан ахун сағанасын да аралап көрдік. Сағананы дін ғұламасы Қалжан ахун бабамыз ХХ ғасыр басында салдырған. Сағана құрылысына сол заманның тікбұрышты күйдірілген кірпіштері пайдаланылып, ши қамыстармен төбесі жабылған. Ескерткіш екі бөлікке бөлінген. Оңтүстік-батысын мешіт алып жатса, ал қарама-қарсы жағында бірнеше қабір үсті ескерткіштер қойылған. Барлық құрылыс беті кірпіштен қаланған қабырғалармен қоршалып, бұрыштары пилястрлермен көмкерілген.
– Қалжан ахун мешіт-медресесі XIX ғасырдың аяғында салынған. Мемлекет қорғауына алынған тарихи нысан 1922-1930 жылдары «Ақжол» мектеп-интернаты, кейін жеті жылдық мектеп қызметін атқарды. Қазіргі күнде мешітте Қалжан ахунның жанұясы жерленген, – дейді А.Мәдиев.
Медресе бір қабатты, дәстүрлі жоспардағы солтүстік батысқа бағытталып салыныпты. Құрылыстың кейбір жерлері күйген кірпішпен тұрғызылған. Ғимарат бірнеше бөлмеден және қосымша үйшіктен тұрады. Сыртында үлкен қақпасы бар. Қабырғалар күйген кір­піштен және керамикалық плиталармен бөлінген. Мұны көзбен көріп, қолмен ұстаған саяхатшылар баба рухына құран бағыштап, тарихи құндылықтарға сусындап қайтты.


ҚОРҚЫТ АТА

Түске таяу Қорқыт ата мемориалдық кешеніне жеттік. Тұтас түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт бабамыздың басына келушілердің қарасы қалың. Тіпті, біз барған уақытта алыс-жақын шет мемлекеттерден келген саяхатшылар да ондағы таңғажайыптарды тамашалап жүр.
Сол маңдағы дәмханадан аухаттанып болған соң, Қорқыт ата кешеніне қарай бет алдық. Алдымен, баба рухына құран бағышталып, саяхатшылар іштей тілек тіледі. Мұнан соң, балалар жел ырғағымен қобыз үнін есетін ескерткіш маңында естелік суретке түсіп, қызықты жерлерді аралаған соң, мұражайға табан тіреді.
Қорқыт – әуен, әннің атасы, аңыз адам, қобыз киесі. Аңыз бойынша Қорқыт жастайынан адам өмірінің сонша қысқалығына налып, қашсаң құтылмас ажалға қарсы күрескісі келеді. Абыз баба жан-дүниесінің күйзелгенін басу үшін шырғай ағашынан алғашқы қобыз жасайды да, оған шек тартып, азапқа толы ойы мен сезімін осы қобыз үнімен еседі. Жыршының жан дүниесінен өрілген осы сыбызғы сазы бүкіл әлемге таралып, кереңнің құлағына жетіпті. Сол ықылым заманнан бері Қорқыт әуені мен қобызы – оның көзіндей, киесіндей халық жүрегінде жасап келеді. Міне, осындай аңыздан сыр шертетін мұражайдағы көріністер мен ондағы тарихи жәдігерлер, архитектуралық қазба кезінде табылған мәдени мұраларды балалар көзбен көріп, қолмен ұстады.
Қорқыт Ата кешені адамдардың қастер тұтар қасиетті орны. Мұнда соңғы жылдары қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, содан бері баба кешенін та­машалауға келген туристердің саны одан әрі артты.
СӘРКЕ БАТЫР

Киелі Қармақшы топырағында Өмірқұлұлы Сәрке батырдың да сүйегі жатыр. Баба кесенесіне барып, баһадүр батырдың рухына арнап құран бағыштадық.
– Тарихта есімі алтын әріппен жазылған Өмірқұл баласы Сәрке батыр “Ақтабан шұбырынды” шайқасында әдепкі күннен бастап зұлым жаумен айқасқа түскен. Бұл жайында тарқатып жазылған тарихи жинақтар баршылық. Кейін Бұланты өзеніндегі Сары Төбе “Сәркенің сары төбесі” делініп, басына ақ тас қойылады. Сәрке жарықтық ақырғы шабуылында мойынынан алған жарақаттан мерт болады. Сүйегін “Шиліде” аманатқа қалдырып, жыл өте Қорқыт ата қорымына әкелдіріп жерлепті. Ол тарихта “Қалмаққырған” шайқасы деген атпен қалды. Бұл қаһарлы соғыс бас-аяғы отыз алты күнге созылып, қазақтың толық жеңісімен аяқталады. Міне, сол кезеңде қазақ елінің айтулы батыры болған Сәрке бабамыз жайында аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі, – дейді Бұқарбай батыр ауылдық округінің ардагерлері кеңесінің төрағасы Қабыланбек Нұрмағанбетов.
Тарихи деректерге сүйенсек, жастайынан жауынгерлік өнерді жетік меңгерген бабамыз 16-17 жасында Ырғыз өңірінде қалмақтармен болған ұрыстарға қатысып, Ұлт-азаттық қозғалысы қолбасшыларының бірі болған. Қалмақтармен шайқасқа шыққан уақыттан бастап оның есімі Сыр өңірі батырларының ұранына айналған. Сәрке батыр асқан палуан да болған деседі. Шамамен 1724 жылы қалмақтармен болған ұрыста казіргі Жезді ауданының Сартөбе деген жерінде мерт болады. Келесі жылы сүйегін Қорқыт Ата қорымына әкеліп, қайта жерлеген. Батырдың қарындасы Қарқарадан туған Асау-Барақ та өз заманында айтулы батырлардың бірі болды. Ал Сәркенің тікелей ұрпағы Байқадам, Сейіл бабамыз да тарихқа белгілі, елге айтулы батырлар атанды. Қазір Сәрке батыр қайтыс болған жер «Сәркенің төбесі», «Сәркенің ақшиі» аталып кеткен.


МАРАЛ ИШАН

Сәрке батыр рухына тағзым еткен саяхатшылар мұнан соң, Марал ишан қорымына аялдады. Бұл жер автокөлік жолынан біраз қашықта орналасқан екен. Марал ишан қорымына тек дала жолымен баруға болады.
Марал ишанның көріпкелдігі, кейбір оқиғаларды алдын-ала болжап, айтып отыратындығы жөнінде тарихта аңыз әңгімелер баршылық. Данышпан халқымыз әулие-абыздар мен ишан атағына ие болган тұлғаларды қатты қадірлеген. Солардың бірі – 1780 жылы дүниеге келген, өз заманында „үш жүздің пірі" атанган, әулиелігімен танымал Ислам дінінің рухани шамшырағы, діни тұлға Марал ишан Құрбанұлы.
– Марал ишан қазіргі Қостанай облысының аумағында туып-өскен. Бұқараға барып, діни білім алған. Өзіне берген аян бойынша Сыр өңіріне барып, ислам дінінің құндылықтарын уағыздаған, ел-жұрттың ақылшысы, имандылық жолына бағыт сілтеуші, ерекше қасиетке ие болған адам. Халық әулие санаған Марал ишанның басына келіп, рухына тағзым етіп, дұға оқып, Алладан тілеу тілейтін жандар өте көп. Ауруына шипа, дертіне дауа, жанына медет сұрайтындардың қатары үзілген емес. Зират басына дұға етіп, Алладан тілек тілеп келгендер осы жерде салынған қонақ үйде түнейді. Көбіне науқас жандар, бала таппаған аналар келеді. Ниет етіп келгендердің тілектері Алланың қалауымен орындалып жатады, – дейді қорым басындағы шырақшы.
Марал бабамыздың ұлы Қалмұхаммед (Қалқай ишан) Маралұлы да әке жолын жалғастырып, қасиетті дінімізді қазақ даласына таратқан. Ол Марал бабамыз ашқан мешіт-медрессе жұмысын одан әрі жалғастырады. Қалқай ишанның әулие әрі білімді тұлға болғандығы жөнінде имамдар мінәжат етіп барған жамағатқа әңгімелеп берді.
Қорым ішінде тасқа қашалып жазылған жазуды да көзіміз шалып қалды. Шырақшының айтуынша, бұл белгінің сақталғанына 100 жылдан аса уақыт өтіпті. Айта кетейік, Марал баба қасында көптеген әулие кісілердің сүйегі жатыр. Елге белгілі ишандардың кесенесі де осы жерде екен. Қасиетті мекен саналатын бұл маңға келушілер ишанның өмір-жолдарымен танысып, киелі жерді көзбен көрді.
Халықтың тәуелсіздігі жолында жауларға қарсы күреске белсене араласқан батыр, балаларды білім нәрімен сусындатқан ағартушы, көптеген елді мекендерде мешіттер мен медреселер ашып, халықты имандылыққа шақырған, таңғажайып қасиет иелерінің жатқан жерлеріне барып, тарихи құндылықтармен сусындаған жамағаттың қуанышында шек жоқ. Жол бойы алған әсерлерімізбен бөлістік. Киелі жерлердегі кеңістік жүрегімізді шексіз мейірімділікке толтырғандай әсер етті. Жалпы, ерекше тылсым күш сыйлағандай, демалып, рухани тазарып, қыздар сарғалдақ теріп, ер балалар далаға жұпар иісін шашқан жусаннан нәр алғандай болды. Осылайша, 1 күн ішінде қаншама киелі де қасиетті орындарды тамашалап, құнды деректерге қанықтық. Мұндай рухани туризмді ұйымдастырған «Иманқұл» мешітінің имам-ұстаздарына жамағаттың алғысы шексіз.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Маханбет АХМЕТОВ (сурет).
11 мамыр 2018 ж. 1 520 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930