» » » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ ИМАМДАР ДА НАСИХАТТАЙДЫ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ ИМАМДАР ДА НАСИХАТТАЙДЫ

Жуырда аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында аудан имамдары бас қосты. Онда аудандық «Иманқұл» мешітінің бас имамы А.Мәдиев Қазақстан мұсылмандар басқармасының төрағасы, бас мұфти Серікбай Сағыбалдыұлы Ораздың Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келгенін және облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы болып Әбуов Болатбек Ұласқанұлы тағайындалғанын айтып, оның еңбек жолымен таныстырып өтті.

– Б.Әбуов Байқоңыр қаласындағы «Жәрімбет ишан» мешітінде азаншы, ұстаз наиб имам болып еңбек жолын бастаған. Одан кейін Нұр-Мүбәрак Египет Ислам университетінде референт-аудармашы, оқытушы және ректордың әкімшілік аппарат жетекшісі, бас хатшы қызметтерін атқарған. Ғылым жолындағы, діни қызмет саласында тәжірибесі мол азамат еді. Туған жері Қызылорданың руханиятын дамыту жолында қызмет ететін болады, – деді Айбек Тынымбайұлы.
Бұдан кейін Т.Мәдиев Қазақстан мұсылмандар басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Ораздың Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мақаласы аясында жасалған іс шара жоспарының негізгі бағыттарымен таныстырды. Атап айтқанда, ислам және отбасы құндылықтары, туған жер бабалар тарихы, шәкірт тәрбиелеу, қайырымдылық шаралары, имамдардың мінез-құлқы, әдептілігі, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бағытында жұмыс жүргізуге шақырды. Сонымен бірге имамдарға рухани жаңғыру бағытында атқарылған жұмыстар мен іс шараларды аудандық газетке жариялап, насихаттау керектігін айтты.
Сондай-ақ, мешіт тазалығын сақтап, көгалдандыру, демеушілік тауып, дәретхана салу, мешітте жұма намаз күні және құдай жолы берілгенде халық арасында теріс ағымдардың алдын алу рухани жаңғыру жөнінде уағыз әңгімелер айтып, түсіндіруді тапсырды.
Кездесу соңында имамдар ойларын ортаға салып, ислам діні мен рухани құндылықтарымызды насихаттауға атсалыса беретіндерін жеткізді.

С.БЕРТАЕВ.

03 наурыз 2018 ж. 1 084 0