СЫР ӨҢІРІ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА-ЖЕТІАСАР-ҚОРҚЫТ АТА
Қызылорда – Тереңөзек – Қалжан ахун мешіт-медресесі – Жалағаш – Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылы – Жалпақ-асар – Қурайлы асар – Кіші Қос-асар – Үлкен Қос-асар – Томпақ-асар – Алтын-асар – Бұзық-асар – Ордазы (Сортөбе) – Қорқыт ата кешені – Қармақшы ата қорымы – Марал ишан кесенесі және Қалқай ишан кесенесі.
Қалжан ахун мешіт-медресесі. XIX ғасырдың аяғында салынған медресе. Мешіттің батыс беткейіндегі қорымда өзі жерленген. Қалжан ахун 1862 жылы Хиуа хандығында дүниеге келген және Хиуа мен Бұқараның рухани оқу орындарында білім алған. Мешіт-медресе республикалық маңызы бар мемлекеттік ескерткіштер қатарына жатады.
Жетіасар қалалары. Жетіасар жазирасында б.з.д. I мыңжылдықтың соңы мен б.з. VIII-IX ғасырларға дейін тіршілік ошағы болған жалпы саны шамамен 50-ден аса қамал-қалалар бой көтерген. Оның 27-сі Жетіасар алқабында 5-7-ден топ-топ болып, Сырдарияның көне салаларының бірі Қуаңдария мен Ескідариялықтың ондаған ұсақ тарамдары мен қолдан қазылған оман арықтарының бойына салынған. Олардың қазіргі үйіндісінің биіктігі 18-20 метрге жетеді. Асарлардың барлығы әртүрлі деңгейде жасалған қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Қорған іші тұрғын үй, зәулім сарай және қолөнер шеберлері тұратын бөліктерге бөлінген. Картаға жеті қалашықты ғана енгізіп отырмыз.
Ордазы (Сортөбе) – Қорқыт ата дәуірінде өмір сүрген оғыздардың қалашығы. Археологиялық қазба жұмыстары барысында құнды жәдігерлер табылған.
Қорқыт ата кешені – сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Өлкеміздің басты киелі орны ғана емес басты туристік нысан. Ескерткіш түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт бабаға арнап салынған. Кешенге жақын Сырдарияның оң жағалауында Қорқыт атаның кесенесі болған үлкен қорым бар. Қорым бірнеше кезеңді қамтиды. Осы қорымға барар жолда аңыздарда кездесетін Ақсақ қызға арналған мұнара түріндегі ескерткіш тұрғызылған. Деректерге сүйенсек, Ақсақ қыздың да моласы осы тұста болған.
Қорқыт ата ескерткіші гранит тастан жасалған 4 тік стелладан тұрады. Әрбір стелла әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стеллалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде металл түтіктер бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. ¬Амфитеатр, қошқар бейнесіндегі ескерткіш, музей, т.б. нысандардан тұратын тұтас архитектуралық ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналды.
Қармақшы ата (шамамен 1630-1710 жылдары өмір сүрген) – әулие. Әулие атаның мейірім-шапағатына бөленген елді мекен – қазіргі Қармақшы ауданы кейін осы кісінің лақап есімімен аталып кеткен. Әулие қабірінің басына кезінде мазар салынып, белгі тұрғызылған.
Марал ишан (1769-1841 жж.) – имам, жерді отарлауға қарсы халық қозғалысын ұйымдастырушы. Марал ишан Кенесары Қасымұлының туған нағашы ағасы. Ханның ұлт-азаттық көтерілісін қолдаған. Марал ишанға қатысты көптеген деректер мен аңыздар бар.
Қалқай ишан Қалмұхамед Маралұлы (1815-1870 жж.) қайраткер. Марал ишанның үлкен баласы. Әкесінен діни тағылым алып, кейін Бұхара мен Бағдат қалаларындағы діни медреселерде оқып, білімін толықтырған. Қалқай ишан мешіт, медресе салып, жастарға мұсылмандық білім берумен қатар, елді егіншілікке үйреткен. Екеуінің де мазарлары бір қорымда орналасқан. Бүгінде осы кесенелер тәуеп ету орындарына айналған.
(жалғасы бар)
Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ
«Археология және этнография»
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі,
тарих ғылымдарының кандидаты
https://kyzylorda-news.kz