ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ЖАҢҒЫРУДЫҢ ӨЗЕГІ

Солардың қатарында №201 орта мектеп-лицейіндегі бала кезінен домбыраны жанына серік етіп, ерекше ынтамен ұлттық аспапты меңгерген «Мұрагер» сыныбы да бар. Қаймағы бұзылмаған киелі өнердің жалғаушысы, ауданда насихаттаушы осы өрендер десек те болады. Ұлттық аспапта ойнауды үйрететін сынып 2007 жылдан бері «Мұрагер» бағдарламасы аясында жұмыс жасап келеді. Осы уақыт ішінде көптеген жетістіктерге жетті. Домбыра сыныбындағы балалардың барлығы оның қыр-сырын ұғып, технологиясымен танысып, қос ішектен төгілген күйлерді аса ұқыптылықпен орындайды. Табиғат берген дарынды ынта-жігерімен ұштастырған өнерпаздар мектебінің мақтанышы, ата-ананың үкілеген үміті. Жас болса да рухани бай, өнер деген мөлдір әлемнің қыр-сырын, қызығы мен қиындығын бала жанымен түсінеді. Бойларында табиғи талант та, оны шыңдайтын күш-жігер де жетерлік.
Жалағаш жұрты қолөнерден де кенде емес. Әсіресе, ұмытылып бара жатқан текемет, ат жабуларын, қыз жасауын, киіз үй жабдықтарын, тоқыма өнерін меңгергендер де біздің ауданда. Мәселен, ұлттық өнерді дәріптеп, қолөнердің қыр-сырын меңгерген шебер қолды Мейрамкүл Романқұлова осыдан бірнеше жыл бұрын «Айзере» деп аталатын цех ашып, бүгінгі күні кәсібін дөңгелетіп отыр. Арнайы аппаратпен малдың қылы мен жарамсыз саналған мақтаны қайта сүзгіден өткізіп, өңдейді. Одан шыққан өнімнен ұлттық дүниелер жасайды. Яғни өңделген қылды иіріп жіп қылады, киіз, текемет бастырады, құрақ көрпеше, қыз жасауын жасайды. Қазақы киіз үйдің жабдықтары мен тұрмыстық бұйымдарды жасап шығарады.
Аудандық оқушылар үйінің дизайн үйірмесінің жетекшісі Динара Тілеумбетованың қолөнер туындылары да ерекше. 2010 жылдан бері жоғары сынып оқушыларына кесте өнерінің қыр-сырын үйретіп келеді. «Дизайнер-суретші» мамандығын алған ол сурет салады және сол суретті ағашқа керілген матаға кестемен өрнектейді. Сонымен қатар қағаз қалдықтарынан ұлттық тұрмыстық заттарды жасау да, ақ матаның, әйнектің бетіне «батик» деген арнайы бояумен сурет салу да Динараға таңсық дүние емес. Суретті матаға түсіргенде инені пайдаланады. Кезінде газет бетіне бір мәрте шығып, көптің таңдайын қақтырған тоқымашы әжей де ұлттық құндылықтың қадірін білетін жан. Ол кісі де жасы сексеннен асса да, қолы қалт еткенде ұршық иіріп, тұрмыстық бұйымдар тоқиды. Үй шаруасында немерелеріне жейде, шұлық тоқып береді.
Айта берсек, Жалағаш –ұлттық өнерден, қолөнерден қол үзбеген киелі мекен. Елбасы мақаласында айтылған рухани жаңғыру нақ осындай ұлттық өнерді дәріптеуден бастау алады. Тек көпке үлгі қыларлықтай дүниелерді кеңінен насихаттап, бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіруге күш салсақ, жаңғырудың алғашқы баспалдағынан өткен боламыз. Өйткені ұлттық болмысын сақтаған бала, заман ағымы қай жаққа бет бұрса да құндылығын, тектілігін жоғалтпайды.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ