» » » ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ӨМІРШЕҢ ҚАЗЫНА

ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ӨМІРШЕҢ ҚАЗЫНА


Елбасының бағдарламалық мақаласындағы рухани жаңғыру дегеннің өзі көп нәрсені қамтиды. Жаңғырудың негізгі мақсаты – ұлттық салт-дәстүрімізді, тіліміз бен музыкамызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, жөн-жоралғыларымызды, жалпы ұлттық рухымызды бойымызда мәңгі сақтай отырып, әлемдік оң өзгерістерге ілесу, өзіміздің ұлттық болмысымызды таныту.
Ұлттың ерекшелігі, халықтың үні дәстүрлі өнер болғандықтан, қазақтың киелі сахнасының мәнін, өміршеңдігін сақтау маңызды. Табиғи таза, рухты оятып, жанға азық сыйлайтын ұлттық өнер өз құнын жоғалтуға тиісті емес. Керісінше әлем сахналарында қазақ халқының болмысын, ерекшелігін айқындайтын ұлттық кодқа айналуы керек. Дегенмен рухани жаңғыру үрдісі бірден бола қоятын дүние емес. Қазірде осы турасында қолға алынған жұмыстар біршама жүйеленді. Ұлттың жаңғыруы әліпби ауыстырудан басталды. Бұл турасында кезең-кезеңімен жасалатын жұмыстар жүзеге асуда. Жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу арқылы артық таңбалардан, тіліміздегі кей терминдерден арылу жоспарланды. Бұл бастама көптің көңілінен шықты, қоғамның қарсылығын тудырмады. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін құжаттар, оқу құралдары барлығы түгелдей латын графикасына көшірілуі тиіс. Рухани жаңғыру жолындағы ең өзекті мәселе – ұлттық дәстүрлі өнерді қайта дәріптеу, өміршеңдігін жоғалтпау. Елімізде даталы күндер қатарына «Ұлттық домбыра күні» енгізіліп, биыл екінші рет республика көлемінде мерекеленді. Бұл дегеніңіз кешегі Ақан сері, Біржан сал сынды сал-серілеріміздің заманындағы домбыраға деген құрметті, дәстүрлі ән-жыр өнерін бүгінгі ұрпақ санасында қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды деген сөз. Айтпай кетуге болмас, бүгінгі дәстүрлі өнерді насихаттайтын ұлттық сахнаның орнын эстра­далық өнер ауыстырды. Түбе­гейлі эстрадалық өнерге бет бұрмасақ та, дәстүрлі әндердің орындаушысы көп болғанымен, тыңдарманның қатары сирегені қынжылтады. Бүгінгі әншінің талғамы төмендеген бе, әлде тыңдарманның көзқарасы өзгер­ген бе? Осыған қарамастан, заман қанша өзгергенімен, дәс­түр­лі ән өнері өз желісін үзген емес. Тек тыңдарманның талғам биігінен түсіп қалмаса екен деген ой туады. Қоғамда заманның ағымына қарамастан, ұлттық домбырамызды жанына серік еткен өнерпаздар бар. Еңбегі, өнері еленсін-еленбесін олар дәстүрлі ән шырқап, қос ішекті домбыра шанағынан күй төгуден қол үзбей келеді. Атадан балаға жеткен мол мұрамыздың ізін жалғаған жас ұрпақтың бар екені де көңілге медеу болады.
Солардың қатарында №201­ орта мектеп-лицейіндегі кішкен­­тай кезінен домбыраны жандарына серік етіп, ерекше ынталарымен ұлттық аспапты меңгерген «Мұрагер» сыныбы да бар. Қаймағы бұзылмаған киелі өнердің жалғаушысы, ауданда насихаттаушы осы өрендер десек те қателеспейміз. Ұлттық аспапта ойнайтын оркестр 2007 жылдан бері «Мұрагер» бағдарламасы аясында жұмыс жасап келеді. Осы уақыт ішінде көптеген жетістіктерге жетті, өз біліктіліктерін арттырып, бүгінде қазақ өнерінің шыңына шыққан үлкен оркестрге айналды. Дом­быра сыныбындағы бала­лар­дың барлығы оның қыр-сырын ұғып, технологиясымен танысып, қос ішектен төгілген күйлерді аса ұқыптылықпен орын­дайды. Табиғат берген дарын­ды ынта-жігерімен ұштас­тырған өнерпаздар мектебінің мақтанышы, ата-ананың үкілеген үміті. Бұл өрендер 2014 жылы Алматы қаласында өткен «Таланттарды іздейміз» атты республикалық байқаудың «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша І орынды иеленсе, облыстық «Боз­торғай» балалар шығармашылығы бай­­қауында арнайы дипломмен марапат­талды. Сонымен бірге «Қазіргі заманғы тәрбие мазмұны – тәрбие беру сапасының негізгі факторы» тақырыбындағы сынып жетекшілерінің облыстық семинарында «Мен әлемге домбыраны танытамын» атты «Мұрагер» бағдарламасы аясында күйші-­композиторлардың күйлерінен үзінді орындады. Бұдан бөлек облыс, аудан көлемінде өтетін концерттерден, байқаулардан шет қалмайды. Еліміз үшін елеулі мереке – тәуелсіздігіміздің 20, 25 жылдық мерейтойларында да аудандық мәдениет үйінде жеке концерттерін өткізген. Жас болса да рухани бай, өнер деген мөлдір әлемнің қыр-сырын, қызығы мен қиындығын бала жанымен түсінеді. Бойларында табиғи талант та, оны шыңдайтын күш-жігер де жетерлік.
Бұл біздің аудандағы «Мұрагер» сыныбының жетістігі. Ауданда кішкентай кезінен осы сыныпқа келіп, ұлттық аспап­ты еркін меңгерген қаншама бала бар. Қуаныштысы, жуырда ғана Елбасы мектеп­терде домбыра үйренуді пән ретін­де енгізуді ұсынды. Бұл ұсынысты қазақстандықтар қолдап, рухани жаңғырудың өзегі осыдан басталатынын айтысып жатыр. Бұдан бөлек Жалағаш жұрты қолөнерден де кенде емес. Әсіресе, ұмытылып бара жатқан текемет, ат жабуларын, қыз жасауын, киіз үй жабдықтарын, тоқыма өнерін меңгергендер де біздің ауданда. Мәселен, ұлттық өнерді дәріптеп, қолөнердің қыр-сырын меңгерген шебер қолды Мейрамкүл Романқұлова осыдан бірнеше жыл бұрын «Айзере» ЖК цехын ашып, бүгінгі күні кәсібін дөңгелетіп отыр. Арнайы аппаратпен малдың қылы мен жарамсыз саналған мақтаны қайта сүзгіден өткізіп, өңдейді. Одан шыққан өнімнен ұлттық дүниелер жасайды. Яғни, өңделген қылды иіріп жіп қылады, киіз, текемет бастырады, құрақ көрпеше, қыз жасауын жасайды. Қазақы киіз үйдің жабдықтары мен тұрмыстық бұйымдарды жасап шығарады. Бастырған киіздің бетіне матадан қолдап ою салады. Тыңнан түрен салып, ұлттық бұйымдар өндіруді қолға алған кент тұрғыны бар білгенін баласына үйретіп қойған. Бір қызығы қазақы құрақ көрпешелердің барлығын кәсіпкердің баласы Жылбек Қуаныш құрайды. Ер бала болса да, шыдамдылығы жетіп, тігін машинасы әр қиындысын қиыстырып, тігіп шығады. Бүгінде тоқым, жабу секілді бұйымдарды жасауды қолға алыпты.
Қазақта «Қыз еркем, кестесімен көркем» деген сөз бар. Ежелден қыздар қолөнерге бейім келеді. Үйде отырып, кесте тігу, тоқыма тоқу арқылы түрлі бұйымдар жасайды. Бірақ біздің айтпағымыз, кәнігі кесте емес. Аудандық оқушылар үйінің дизайнер үйірмесінің жетекшісі Динара Тлеумбетованың қолөнер туындылары ерекше. 2010 жылдан бері жоғары сынып оқушыларына кесте өнерінің қыр-сырын үйретіп келеді. «Дизайнер-сурет­ші» мамандығын алған ол, сурет салады және сол суретті ағашқа керілген матаға кестемен өрнектейді. Сонымен қатар қағаз қалдықтарынан ұлттық тұрмыстық заттарды жасау да, ақ матаның, әйнектің бетіне «батик» деген арнайы бояумен сурет салу да Динараға таңсық емес. Суретті матаға түсіргенде инені пайдаланады. Динараның сыныбынан қағаз қалдықтарынан тоқылған қымыз ішуге арналған кесе, табақ, құмыра сияқты ыдыстар, кестемен салынған суреттер, шыны бетіндегі суреттер, жалпы ұлттық туындылардың барлығы да табылады. Кезінде газет бетіне бір мәрте шығып, көптің таңдайын қақтырған тоқымашы әжей де ұлттық құндылықтың қадіріне жеткен жан. Ол кісі де жасы сексеннен асса да қолы қалт еткенде ұршық иіріп, тұрмыстық бұйымдар тоқиды. Үй шаруасында немерелеріне жейде, шұлық тоқып беруді әдетке айналдырған. Жалағаш – ұлттық өнерден, қолөнерден қол үзбеген киелі мекен. Сырлы өнердің сырын біліп, қиял мен төзімді ұштастыра алатын шеберлердің өнімі көпке үлгі қыларлықтай дүние. Әсемдігі мен түрлі оюлары алыстан көз тартып, жарқырап, жасанып тұратын құрақ көрпешелер мен текеметтің өзі керемет. Осыдан-ақ байырғы қазақ халқының қарапайым тұрмыстық бұйымдарының өзі үлкен еңбекпен жасалғанын көреміз.
Ұлт көшбасшысының мақала­сында айтыл­ған рухани жаңғыру нақ осындай ұлттық өнерді дәріптеуден бастау алады. Тек көпке үлгі қыларлықтай дүниелерді кеңінен насихаттап, бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіруге күш салсақ, жаңғырудың алғашқы баспалдағынан өткен боламыз. Өйткені ұлттық болмысын сақтаған бала, заман ағымы қай жаққа бет бұрса да құндылығын, тектілігін жоғалтып алмайды.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

15 шілде 2019 ж. 1 657 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930