» » » ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІНДЕГІ ҰЛАҒАТ НЕМЕСЕ БІР ҮЙДЕН ШЫҚҚАН 11 МҰҒАЛІМ

ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІНДЕГІ ҰЛАҒАТ НЕМЕСЕ БІР ҮЙДЕН ШЫҚҚАН 11 МҰҒАЛІМ

Біздің кейіпкеріміз – ұстаз деген ұлы есімді арқалаған, тамыры тереңге бойлаған үлкен шаңырақтың иесі, Жаңадария ауылының тұрғыны Жақсыбай Тұрғанов. Ол кісінің түр-тұлғасы, адамдық пайым-парасаты, өзгелермен қарым-қатынасы, тіпті адамға қараған көзқарасының өзі ерекше. Қазынаны кеудесіне жиған ардагердің сөйлеген сөзінде салмақ, түсіне алғанға үлкен мән жататын. Жүзінен осынша салмақтылық пен тереңдік жатқанын көрген адам еріксіз тартынып, өз бойын қалай тіктеп, жиып алғанын білмей қалады. Басындағы тақиясын сәл түзеп, жүзіңе біресе байыппен, біресе сын көзбен қарағанда жер шұқып қалатынымыз анық. Расында, бұрынғының бәрінде ғибрат бар. Ол кісілермен ұшыраса қалсаң, ұстаз деген ардақ аттың ұлылығын түсінесің. Көз алдыңа шәкірттерін біраз еркіне жіберіп алып, біресе аталы сөзбен шегелеп қоятын ғибратты ғұмыр иесі елестейді. 
Ұстаз болу адамзат алдындағы ең жауапты жұмыс, қоғамның, елдің ертеңін тәрбиелейтін, оған адами құндылықтарды, ұлттық менталитет пен ұлттық сананы дарытатын, сонымен қатар әлемнің алпауыт елдерімен бәсекеге түсе алатын қабілетті де қарымды тұлға қалыптастыратын маман иесі. Ғалым да, дана да, небір палуан да, жер бетіндегі патшалар да барлығы да осы ұстаздың алдынан өтеді. Ұстаздан тәлім-тәрбие алады, өмірінің алғашқы баспалдағына осы қауымның демеуімен шығады. Өмірдің көшіне осылай ілестіріп жіберген, сол жолда мол еңбек сіңірген осы жандардың үмітін ақтап, үйреткен, көрсеткен бағыт-бағдарын дұрыс түсінген шәкірт қана білім шыңына шығар мақсатын дұрыс айқындай алады. Яғни арманы асқақ, мақсаты айқын, алар асуы биік жеке тұлға болып қалыптасады. Ерлі-зайыпты ардагерлер Жақсыбай Тұрғанов пен Күлдихан Нығыметовалар (қазір о дүниелік болып кеткен) ұстаздық жолда өмірлері тоғысқан жандар.
Сонау сұрапыл соғыс жылдары, яғни 1942 жылы Жалағаш ауданы, Ақарық ауылында дүниеге келген Жақсыбай ата Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алған. Ол кісінің жары Күлдихан апамыз Қостанай облысы, Жанкелді ауданы, А.Байтұрсыновтың атымен аталатын ауылда туған. Осы кісінің ұрпақтары болып келеді. Алланың жазуымен 1965 жылы отбасын құрған қос ұстаздың басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, тұлға қалыптастыру болды. Армандары орындалып, екеуі мамандықтары бойынша ұзақ жыл қызмет етті. Жүздеген ұрпақты тәрбиелеп, қанаттандырды. Өмір жолдары өнегелі өрілген ұлағатты ұстаздар 7 ұл, 3 қызды дүниеге әкеліп, перзенттері осы қасиетті қара шаңырақта өсіп-өніп, барлығы бір-бір үйдің иесі, ұйытқысы болып отыр. Бұл кісілерден тараған ұрпақтардың барлығы дерлік ата-ана жолын қуып, ұстаздық қызметте жүр.
Атап айтар болсақ, Гүлманат Тұрғанова Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Жолдасы Марат Ертуғанов екеуі №201 мектеп-лицейінде мұғалім болып қызмет атқарады. Мейрамбек Тұрғанов осы университетті бітіріп, қазіргі таңда И.Әбдікәрімов атындағы колледжде мұғалім, жары Ұлжан Естаева №278 орта мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі. Қайрат Тұрғанов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университін бітіріп, Тереңөзек ауданында мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал жары Айгүл Жаңабергенова №210 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Ал Бағдат Тұрғанов аталған жоғары оқу орнын бітіріп, бүгінгі таңда №203 орта мектепте тарих пәнінің І санатты мұғалімі. Жары Айман Абызова да осы білім ошағында математика пәнінің мұғалімі. Сағдат Тұрғанов деген баласы жоғары оқу орнын бітіріп, білім саласында қызметте жүр. Пакизат Тұрғанова №261 орта мектепте бастауыш сынып          мұғалімі. Республикалық, облыстық әдістемелік шараларға белсене қатысып жүрген білікті маман, жоғарғы санатты мұғалім. Темірхан Тұрғанов та аталған оқу орнын бітіріп, жары Гүлзат Орақова екеуі №201 мектеп-лицейінде ұстаздық қызмет атқарады. Әмірхан Тұрғановтың да жоғары білім алған оқу орны осы университет. Ол өмірлік серігі Гүлнар Мұхамедқызымен бірге №261 орта мектепте. Ал Әуесхан Тұрғанов болса жоғары оқу орнынан соң Жаңадария ауылындағы №203 орта мектепке мұғалім болып орналасқан. Жары Салтанат Сейітқасымова да балабақшада жұмыс жасайды. Балаларының ішінен тек Салтанат Тұрғанова ғана дәрігерлік қызметте жүрген абыройлы жан. Міне, осындай үлкен шаңырақтың балалары отбасылық дәстүрді жалғап, осы жолда жемісті еңбек етіп келеді.
Жақсыбай ата бізге сабақ бермесе де, мектепте ол кісінің оқушыларға келгенде тәртібі басқаша екенін білмейтін адам жоқ шығар. Қазіргідей әр баланың көңілін бағып отырмайды. Тіпті мектеп дәлізінде оң жақтағы белгіленген жерден сәл қисық жүрсең аяғыңа шыбықтың қалай, қай тұстан келіп тигенін байқап үлгермейсің. Алда-жалда балалықпен еркінсіп кетіп, ағайдың шыбығына іліксең, дымың шықпастан иә аяғыңды басарыңды, иә баспасыңды білмей біраз абдырап тұрып қаласың. Кейде сабағына бекем оқушыларды көргенде басынан сипап, әкелік мейірімін де көрсететін. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» демекші, қос ұстаздан тараған перзенттерінің барлығы дерлік әкесі салған дара жолмен жүріп, отбасындағы тәрбиесін өмірлік азық етіп келеді. Қара шаңырақтағы келіндері де парасатты тұлғаның әр сөзінен мән іздеп, өздеріне рухани азық алып қалуға тырысады. Жақсыбай ата «Келіндердің қабағын кірлетпеу керек, олар да біреудің қызы. Отбасында көңілденіп жүретін, мейірімге бөленген келіннен туған ұрпақ мықты азамат болып қалыптасады» деп отырады. Қолындағы келіні де көп баланы дүниеге әкелген, батыр ана. Бүгінде немерелері де әулеттің дәстүрімен білім саласына келуде. Ұстаздар династиясы деген осы болар.
Бұл отбасының бір жетістігі 2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткен «Отан қуат – отбасы шуақ» атты отбасылық байқауда «Мерейлі отбасы» номинациясын жеңіп алып, сый-сияпат иеленген.
Ата-бабадан келе жатқан дәстүр мен ұлт құндылығын бойға сіңіріп, даналар салып кеткен білім шыңына шығып, елдің ертеңін кемел етер жас буынды тәрбиелеу жолында бар уақытын, өмірін сарп етіп, көз майын тауысқанша ізденіп, шәкірттеріме бір нәрсе болса да үйретсем деп жүрген бүтіндей бір әулеттің ізгі дәстүрі, өнегелі өмір жолдары көпке үлгі боларлықтай дүние. Шалғай орналасқан кішкентай ғана ауылда өсіп-өніп, қаншама жасөспірімге білім бұлағының көзін ашып жүрген осындай жандарды біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан да ол кісілердің ұстаздық жолын, бізге берген мейірімімен біте қайнасқан тәлімді тәрбиесін айту, еткен еңбектеріне басымызды иіп, алғысымызды білдіру – бұл біздің ұстаз алдындағы шәкірттік парызымыз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
15 мамыр 2020 ж. 625 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930