» » БІЛІКТІ ҰСТАЗ – БИІК МӘРТЕБЕ

БІЛІКТІ ҰСТАЗ – БИІК МӘРТЕБЕ

Қай қоғамда болсын адамзат үшін ең қажетті мамандықтың бірі – ұстаздық. Білікті ұстаз – бүгінгі заманның талабы. Тәлім-тәрбие мен қоса, оқу-білімді де қатар үйрететін де ұстаз. Білімді ұрпақ елдің ертеңі, ұлт айнасы десек те болады. Ұрпақ білімді болса, мемлекетіміз әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресіп, бәсекеге қабілеті жоғарылай түседі. Осындай саналы ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар еңбегі ұшан-теңіз.

Елбасы Н.Назарбаев мұға­лім­ге үлкен жауап­­кершілік жүктеді. Асы­лы, әрбір ұс­таз ақ тілеулі ана тәрізді. Ақ пен қара деп қарамай, барлық баланың бойынан жақ­сылық іздейтін ізгі ниет иесі. Бұлақ көрсе көзін ашып, шәкірті өзінен асып түссе көңілі толып, бар ғұмырын балаға арнаған қарапайым да қайсар жандар, елдің ұйытқысы ұстаздар. Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлбала Сүлейменова да талай шәкірттің қанатын қатайтып, саналы білім берген білікті маман. Бүгінде білікті ұстаз өзі сабақ беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәнін терең меңгерген, теориялық білімін күнделікті әрбір сабағында іске асырып, тәрбие мен білімді қатар ұштастырып отырған, шәкірттерін жоғарғы биіктерден көрсетіп жүрген маман. Сонымен бірге ол білім жетілдіру курстарынан да өтіп, өз білік деңгейін жаңартып отырады, қосымша бірлестік жетекшісі қызметін де абыроймен атқарып келеді.
– Мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушы­лар­дың шығар­машылық қабілетін, өзіндік таным біліктілігін дамыта отырып, алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Әрине, оңай жұмыс емес. Дегенмен мен өз мамандығымды сүйемін. Қанша жылдан бері көптеген шәкірттің қанатын қатайтып, өміріне жететін рухани азық пен тәрбие беріп, үлкен өмірге аяқтандырдым. Өз іс-тәжірибемде күн сайын білім берудегі жаңаша түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырып және әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдайын жасаймын. Мұғалім деген ардақты атты иеленіп, арқалап жүрге­німе өзімді бақытты санаймын, – дейді Гүлбала Сүлейменова.
Қиын да қызығы мол ұстаздық жолды таңдаған тәжірибелі маманның алға қойған мақсаты айқын. Білікті ұстаздың үнемі ізденіс үстінде жүретін тынымсыз еңбегінің арқа­сында шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Оқушылары аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі әртүрлі жарыстарға барып, жүлдемен оралып келеді. Шәкірті Арайлым Әмірбекқызы қазақ тілі мен әдебиетінен аудандық, облыстық, қала берді республикалық олимпиадалардың жүлдегері, қазіргі уақытта Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті. Сонымен бірге 8-11 сынып оқушылары арасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драматург Б.Майлиннің туғанына – 125 жыл толуына орай «Сарыарқа саңлағы» атты байқауға «Сахна шеберлері» номинациясы бойынша Анар Алиакпар, Ерсұлтан Жауынбай, Жанель Қорғанбек қатысып, аудандық кезеңінен I орын, облыстық кезеңінен II орын иеленген. «Қысқа әңгіме шебері» номинациясы бойынша Гүлжан Ұзақбай аудандық кезеңінде III орын, Гүлфайруз Жаханша 8-11 сынып оқушылары арасында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» тақырыбында Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, аудандық кезеңінен де, облыстық кезеңінен де II орын алған. Сондай-ақ «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» атты 6-10 сынып оқушылары арасында «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан Сұлтан Арыслан мен Омар Айбек қатысып, өздерінің білімдерін дәлелдеді. Бұдан бөлек ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай аудандық кітапханада өткен «Мақатаев оқулары» сайысында Гулфайруз Жаханша, Нұрай Әбітханова жүлделі орын­дармен марапатталды.
Иә, ұстаз өз шәкіртінің бойына сапалы білім, саналы тәрбиемен қатар, адами құндылықтарды да сіңіреді. Ал бала байыпты бағыт-бағдар арқылы келешекке қадам басып, өз мақсатын, айқын мұратын жүзеге асырады. Шекер Ермағанбетова атындағы мектептің мұғалімдері бала бойына білім дарытуда, заманның өзгерісіне бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар білім біліктерін аяған емес. Ұстаздық жолдың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе болсын ауызбіршілікпен жұмыс істейді.
Білім шыңына шыға алған мемлекет қана әлемдік деңгейде еркін самғап, өз бағытын дұрыс таңдай алады. Сондықтан елдің келешек тұтқасын ұстар ұрпақтың білімді де білікті болуы, ең алдымен ұстазға байланысты. Біз осындай жастарға таудай талап беретін ұстаз атты мәртебелі мамандық иелерінің жұмыстарына жеміс тілейміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


25 ақпан 2020 ж. 527 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930