» » Тарихы терең, тағылымы кенен мектеп

Тарихы терең, тағылымы кенен мектеп

Бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары ақиқат. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына жол ашатын заманауи талаптар. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру.

Білім – сауатты болудың іргетасы ғана емес, кемелденіп, келешекке нық қадам басқан әлемнің алпауыт елдерімен терезе теңестірудің күре­тамыры, алтын көпірі. Білім бар жерде өрлеу де бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену де толастамақ емес. Біздің аудан білім саласына келгенде ауыз толтырып айтарлықтай, көпке мақтанарлықтай жетістікке жетті. Жыл сайынғы сынама тесттің нәтижесімен, республикалық, қала берді халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып жүрген талапты шәкірттерімен қашан да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Осындай қарқынмен, қабілетпен, жүйелі жұмыс, жан-жақты ізденіс толастамаса бұл саланың кенжелеп қалмайтыны анық. Аудан орталығындағы іргелі білім ошақтарының бірі – З.Жарқынбаев атын­­­дағы №202 орта мектепте де «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иелері жыл сайын артуда. Есімі елге та­нылған қоғам қайраткері, туған жері мен халқына елеулі қызмет жасаған, саналы ғұмырында бірнеше ауданның партия комитеттерінде бөлім меңгеруші, хатшы, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, тағы басқа да абыройлы әрі жауапты қызметтерді атқарған Зейнолла Жарқынбаевтың атын арқалаған білім ошағынан дарынды шәкірттердің көптеп шығуы заңдылық та болар. Туған елі мен жеріне адал қызмет етіп, оған қоса сан алуан тақырыпта қалам тербеп, оқырманын тапқан талантты азамат­тың басшылық, ұйымдастырушылық, іскер­лік қабілеттері көпке үлгі боларлықтай.
З.Жарқынбаев атындағы мектеп 2009 жылы пайдалануға берілді. Тұң­ғыш Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған аудандағы бірден бір ны­сан. Қазіргі таңда мектепте жоғары санатты 7, І санатты 21, ІІ санатты 13, санатсыз 13 мұғалім бар. Бүгінде Гүлнар Бекмолдаева басшылық ете­тін білім ошағында 600-ге жуық ба­ла білім алуда. Оқушылардың сапа­лы білім мен саналы тәрбиені қатар меңгеруіне жұмыс жасайтын, мектеп­тің тыныс-тіршілігін жолға қойып оты­ратын директордың оқу ісі жөнін­дегі орынбасары Ж.Тұрымбетова, бағдар­лы оқыту жөніндегі орынбасары Б.Аза­ма­това, ғылыми-әдістемелік ісі жө­нін­­дегі орынбасары Ғ.Боранбаева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Ера­лиева, бастауыш сыныптарға жауап­ты Ж.Нұрмахановалар түрлі бағыт бойын­ша ұстаздардың жұмысын үйлес­тіріп отырады.
Бүгінгі күні мектепте 580 оқушы білім алса, мектепалды даярлық топтарында 59, «Балдәурен» шағын орталығында 31 бала тәрбиеленуде. 2019-2020 оқу жылының ІІ оқу тоқсан қорытындысымен оқу озаттары – 140, екпінді оқушылар – 148. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, бұл саладағы жұмыстың жемісті болуы ең алдымен маманның біліктілігіне байланысты. Біз мектептің тыныс-тіршілігімен, мұғалімдердің жұ­мы­сымен танысу барысында жеткен жетіс­тіктерінің де аз еместігін байқадық. Мәселен, «Педагогикалық идеялар панорамасы» атты республикалық бейне-сабақтар байқауының облыстық кезеңінде география пәні мұғалімі, жас маман Жанат Өксікбаева мен өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Серіккүл Құрманбаева ІІ орын иеленіп, республикалық кезеңінде де өздерінің біліктілігін дәлелдеді. Қаңтар айында шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңы аясында «Брейн-ринг» танымдық ойынында бастауыш сынып мұғалімі Г.Үсенова І орын алып, құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Кеңесбаева «Критериалды бағалау – оқу сапасын дамыту құралы» тақырыбында облыстық тәжірибелік семинарға қатысып, үздіктердің қатарынан көрінді. Өткен жылы «ХХІ ғасыр мектебі: құндылықтар мен өзгерістер» тақырыбында облыстық педагогикалық идеялар фестивалінде шығармашылық жұмыс көрсеткен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Д.Райханова, тарих пәні мұғалімі А.Нариман, ашық сабақ өткен география пәні мұғалімі Ж.Өксікбаева да білім берудегі озық идеялары мен жаңашыл тәжірибелерінің нәтижесінде «Алғыс хаттармен» марапатталған. Мектептегі белсенді жас маманның бірі, география пәнінің мұғалімі Ж.Өксікбаева жыл аяғында аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығының иегері атанды. Мектеп директоры Гүлнар Кәриқызы “біздің бас­ты мақсатымыз – білімді, бәсекеге қа­бі­летті тұлға қалыптастыру” дейді.
– Бүгінгі заман басқалардан білек­пен емес, біліммен озатын заман. Бұ­рынғыдай емес, білім саласындағы оқу үрдісі де, білім беру критерийлері де барлығы өзгерді. Қазір жан-жақты, жаңашыл, үнемі ізденіс үстінде болсаң ғана еңбегіңнің жемісін көре аласың. Шүкір, біздің мектеп білікті ұстаз, білімді шәкірттерден кенде емес. Ұстаздар қауымы барынша ба­ла­ларды ынталандыруға, әрбір саба­ғын жаңаша, қызықты идеямен өт­кізуге талпынады. Өйткені оқушыны жалық­ты­рып алмауды ойлайды. Түрлі білім до­даларында жеңіске жетіп жүрген оқушылар бар. Олар жетістікке жеткен сайын мектебіміздің мерейі асып, ұстаздардың қызметіне деген ынтасы, жауапкершілігі арта түседі. 2018-2019 оқу жылының қорытындысымен бітіруші түлектердің барлығы да жоғары оқу орнына түсті. ҰБТ қорытындысы бойынша жыл сайын жоғары нәтижелі көрсеткішпен қатар «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегер­лерінің де қатары артуда, – дейді мектеп басшысы.
Расында, шәкіртінің жетістігі ұстаз еңбегінің жемісі, бағаланғаны деп білеміз. Еңбегің лайықты бағаланып, оқушың үмітіңді ақтаса, ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ шығар. Ал ұстаз бен шәкірттің бағындырған әрбір биігі сол мектептің абыройын асырады.

Нұржамила Алмасқызы
21 қаңтар 2020 ж. 612 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930