БІР ӘРІП ҮЙРЕТКЕНГЕ ҚЫРЫҚ ЖЫЛ СӘЛЕМ БЕР
Ықылым заманнан келе жатқан «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген сөз бар. Дана халықтың бұл сөзі бүгінгі заманның ұранына айналды десе де артықтық етпейді. Өйткені, бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Ал, сол білімді жасты тәрбиелейтін жандардың еңбегі орасан зор.
Осы қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің бойына бар асыл қасиеттерді ұялатып, өн бойына ұстазға тән салмақтылық пен білімпаздықты жия білген білікті мамандар ауданда да көптеп саналады. Ауданымыздың білім бәйгесінде мерейін асырып, талай-талай белестерді бағындырып, ҰБТ қорытындысымен бірнеше жыл қатарынан алдыңғы үштіктен көрінуі ұстаз еңбегінің жемісі. 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев «Ал-Нұр» мейрамханасында білім саласының қызметкерлерін қабылдады. Салтанатты шара шымылдығы аудан басшысының құттықтау сөзімен ашылды.
– Шұғылалы көктеммен бірге келетін ардақты аналардың, аяулы қыз-келіншектердің мерекесіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, барлық адамзат анадан туады. Адам бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы да ана сүтінен дариды. Тарихқа көз жүгіртсек, талай атқа қонған арулар, ел үшін жанын пида еткен қайсар қыздарымыз көп. Олардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Бүгінгі күні қай салада болмасын әйелдер қауымы қоғам дамуына елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе, білім саласындағы аналар, қыз-келіншектер елдің ертеңін тәрбиелеуге күш салуда. Білімді, білікті, жан-жақты тұлға қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Сіздердің бұл еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Ұстаз деген ұлы есімді арқалап жүрген әрбіріңізге құрметіміз шексіз. Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын, отбастарыңызда амандық, елімізде тыныштық болсын, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң бірқатар білім саласының қызметкерлеріне аудан әкімінің «Алғыс хаттары», гүл шоқтары мен сый-сияпаттары табыс етілді.
Мерекелік шарада облыс және аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Нұр НАУАН,
М.АХМЕТОВ (сурет).