МӘРТЕБЕ АРТСА, ТӘРБИЕ ТҰҒЫРЫ БИІКТЕЙДІ
Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер. Мамандықтың асылы да, қиыны да осы – ұстаздық. Адам болашағының шырақшысы, бағдаршысы саналатын мұғалімдердің мәртебесін арттыруда ел ішінде жыл сайын білім саласына өзгерістер еніп, үлкен ден қойылып келеді.
Әсілі, мұғалім барлық мамандық иелерін тәрбиелейтін, оқытып, үйрететін мейірімді жандар. Ұстаздың алдынан өтпейтін жан жоқ. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан еңбек адамы да, көк күмбезден әрі асқан ғарышкер де, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім-тәрбие алады. Демек, адамзат бойына білім нәрін құйып, келешек өміріне деген оң көзқарасын қалыптастырып, өз ойы мен пікірі бар жеке тұлғаны дайындайтын ұлы мамандық иелерінің мәртебесі қашан да биік болуы тиіс. Бұл жөнінде қазақ батыры Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» десе, Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» деп ұстаз мәртебесінің қаншалықты биік екенін бір ауыз сөзбен-ақ ұғындырды. Ал, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – білім берудегі ең маңызды адам. Ең озық педагогикалық оқу құралдары, үкімет қаулылары, өте қатал инспекторлық бақылау маңызы жағынан мұғалім дәрежесімен теңесе алмайды. Сондықтан, мен үшін мұғалім әлемдегі барлық асыл заттардан қымбат» деген қуатты сөзімен бүгінгі ұрпаққа, қазақ қоғамына тұжырымды ой қалдырып кетті. Қуантарлығы, осы асыл тұлғаларымыздың орамды ойлары аяқсыз, тыңдаусыз қалмады. Бүгінде біздің қоғам ұстаз мәртебесіне көп көңіл бөлуде. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында білім саласына аса назар аударуы, жағымды жаңалықтар мен өзекті мәселелерді қозғауы, өзгерістер енгізуі де осыған саяды. Ұлт көшбасшысы былтырғы жылы халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды, орта білім беру жүйесіндегі негізгі тәсілдердің орындалуына баса назар аударуды, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейтуді және ең маңыздысы осы жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеуді айрықша атап өтті. Сондай-ақ, бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс екендігін айтты. Бірнеше жылдан бері білім саласындағы өзгерістер ұстаз қауымы қызметінің сәл де болса жеңілдеуіне септігін тигізуде. Бұл тұста білім саласын цифрландыруда да қолға алынған бастама баршылық. Электронды журналды енгізу, электронды оқулықтар, баға қою, үй тапсырмасы, сабақ кестесі, мектептегі жаңалықтар секілді қызметтер қарастырылған. Бар болғаны ата-ана өздерінің логині мен құпия сөздерін теру арқылы kundelik.kz сайтына кіріп, «Балалар», «Күнделік» деген бөлімдер арқылы өз баласының сабақ үлгерімін, мұндағы ақпараттардың барлығын көре алады. Сонымен бірге, өткен жылы аймақта «Электронды балабақша» жүйесі іске қосылды. Енді осы жүйені барлық аудандарда іске қосу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл айтулы бастаманы қолға алып үлгерген тәрбие ошақтары әр баланың балабақшаға бару реттілігін, бөбекжайлардағы бос орындар секілді қызметтерді қадағалап отыра алады. Ата-аналар балаларын үйде отырып-ақ балабақшаға кезекке қоюға, кезектің жылжуын қадағалауға, бөбекжай қызметтерін электронды жүйе арқылы төлеуге мүмкіндік алады. Бұл – білім саласына жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі, жетістіктердің бастамасы.
Жалпы, мұғалім мәртебесін арттыру – мемлекеттік іс, оған атсалысу баршамыздың міндетіміз болмақ. Ел болашағының жарқын, келешегінің кемел болуын бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ, білікті маманмен байланыстырған Елбасы білім беру жүйесін дамытуды, адам капиталын жетілдіруді басым бағыттардың біріне айналдырды. Осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар іске асып отыр, әлі де жалғасын табады деп сенеміз.
Нұрсұлу ТОРАҚБАЕВА,
№203 орта мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.