АЛАШ БОЛЫП ЖОҚТАҒАН АРДА АЗАМАТ
Мамандыққа адалдық, көпке қайыр қылу, елдің алғысын алып, қысылғанға қол ұшын созу, мансаптан өзінің кәсіби қызметін биік қою. Жалпы Бейсен Құранбек ағамыз жайлы сөз қозғасақ, мұндай ізгі қасиеттердің ұзын сонар тізімін жасауға болады. Осынша қасиеттің бір ғана азаматтың бойынан көрініс табуы да тегін емес. Бұл Алланың кең жүрек, қанағатшыл жанның пейіліне жасаған тартуы шығар. Ұлттық арнада бір ғана бағдарламамен бірнеше отбасына қол ұшын созған Бейсен ағамыз апта басында бақиға аттанды. Бұл расында, барша қазақтың қабырғасын қайыстырған қаза болды. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, екі адамның бірі ағамыздың қазасына қайғырып жатыр. Әрине, салада аға буын ретінде өзімізге үлгі тұтатын арда азаматтың о дүниелік болуы бізге де оңай тиген жоқ. Десе де, көпшілікті мұсылманға тән сабырға шақырып, қайғысына ортақтастық.
Сол күні кешкісін жұмыстан келсем, үйдегі апамның көзі қызарып кетіпті. Мән-жайды сұрасам, Бейсен ағамыздың қазасын естіп бір жылап алған екен. Ойлаңызшы, қаншама отбасындағы үлкендермен жүзбе-жүз кездеспесе де, жүрегінен осыншалық орын алу тегін емес қой. Білікті журналистің өмірбаяны жайлы айтудың өзі артық шығар. Ал азаматтығына көпшілік қанық болмаса қанша жұрт оның қазасына өкініш білдірмес еді.
Осыдан біршама уақыт бұрын кейіпкеріміздің айықпас дертке шалдыққаны хақында ақпарат тараған еді. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Бейсен ағамыз «Халқымыздың басты байлық – денсаулық деп бірауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым» деп елін елеңдетіп қойды. Сол кезден бері барша отандастар оның сауығып кетуін тіледі. Алайда адамның дегені емес, Алланың қалауы боларына тағы бір мәрте көз жетті.
Бейсен Құранбек салада сақа журналист болса да өзінің ізденуін тоқтатқан емес. Қандай бағдарламаны қолға алса да халықтың кәдесіне қызмет қылуды мұрат еткен тележүргізуші тектілігі мен дегдарлығынан бір сәт те айныған жоқ. Қаражаттан қалың қазақтың алғысын артық санаған атпал азамат әр жексенбі сайын елордада тегін жолаушы тасымалдауды дәстүрге айналдырыпты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халықтың жүрегінен орын алған төртінші билік өкілінің қазасына қатысты отбасына көңіл айту жедел хатын жолдады. Онда отыз жылға жуық уақытта орамды ой, сүбелі сөзімен күрмеулі мәселелердің шешімін табуына айтарлықтай үлес қосқан жанның қайғысы қалың жұртының қабырғасын қайыстырғаны айтылған. Расында солай ғой, соңғы 15 жылда қазақ дәл бұлай ешқандай перзентін жоқтамаған шығар.
“Бай да өткен, патша да өткен, батыр да өткен
Өмірдің ең түбіне өлім жеткен.
Қашанғы өлмейміз деп шаттанамыз,
Өлмесе ата-бабам қайда кеткен?”
Иә, шынында, бәріміз де бұл өмірде мәңгілік емеспіз. Жиған дүниесін ешкім де мәңгілік сапарында өзімен бірге алып кете алмайды. Абайша айтсақ, артыңа өлмейтұғын сөз қалдырып, ізгі амалдармен халықтың жүрегінде орын алу үлкен олжа екенін түсінсек игі. Адамға тиесілі қасиеттің бәрін болмысына жиған бір жан осылайша мәңгілік сапарға бет алды. Бақұл бол, арда азамат, қарымды қаламгер, қайырымды жан.
К.БАЛҒАБАЙ