» » ШАТТЫҒЫ МОЛ ШАҢЫРАҚ

ШАТТЫҒЫ МОЛ ШАҢЫРАҚ

Аудан іргесіндегі Ақсу ауылының тарихына үңілген кез келген жан Әуесбай қарттың өнегелі өмір жолына соқпай өте алмайды. Себебі, оған дейін ешқандай үй болмаған каналдың бергі бетіне алғаш жұртты қоныстандырған да Әуесбай ақсақал еді. Ғасыр жасаған қарияның шаңырағынан тараған 9 баланың барлығы да әр салада қажырлы еңбек етіп, алды ел ағасы атанды. Соғыс жылдары ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар жұмыс жасаған атпал азаматтың қара шаңырағында бүгінде Болат Әуесбай тұрады. Ағамыздың кенжесі де қазіргі таңда 5 бала тәрбиелеп отыр.
Аталған салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар Болат ағамыз да әкеден алған тағылымын өз баларының санасына сіңіруде. Бала тәбиесіне ­байып­­­­­­­­пен қарайтын жігіт ағасы жұмыста да тәжірибелі маман бола білді. Оның сөзінше, жастарға ұлттық тәрбие беруде біздің ұтарымыз көп. Яғни, қазақтың салт-дәстүрі мен жоралғыларын кейінгі буынның бойында жаңғыртудың маңыз­дылығы жоғары екен. Қара шаңырақта қа­зыналы қарияның тәлімін алған Болаттың расында тәрбие жайында айт­қан орамды ойлары кез келген жанның назарын аударады.
– Әкем Әуесбай мен анам Қадишадан 14 ұрпақ дүниеге келдік. Арыстай бес азамат сол жылдары емі жоқ қызылша деген кеселден көз жұмды. Ал қалғанымыз әр салада қажырлы еңбек еттік. Қазіргі таңда сол шаңырақтан шыққан 9 бала бір-бір үй болып отыр. Әкеміз біраз уақытын жұмыста өткізеді. Сонда да біздің тәрбиемізді назарынан тыс қалдырмайтын. Бәрімізді еңбекке баулып өсірді. Қазір жаман емес. Әр қайсымыз әр салада жұмыс жасап, елдің өркендеуіне, тәуелсіздіктің әлі де нығаюына күш салдық. Сол алдыңғы буыннан алған тағылымымызды балаларымыздың бойын­да жаңғыртып жатырмыз. Себебі, ең­бекпен ер жеткен адамның қоғам үшін қандай қадірі болатынын біз білдік. Сондықтан асқар тау әкеден бойымызға дарыған осы бір өнегені кейінгі буынға дәріптеу – бізге міндет, – дейді Болат Әуесбай.
Ағамыз әлі де мал шаруашылығының дамуына жұмыс жасауда. Ал жары Гүлнар Бектібаева ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек етіп, ауданның денсаулық сақтау саласының өркендеуіне жұмыс жасады. Ақ халатты абзал жанның қажырлы еңбегі еленіп, бірнеше рет министрліктің, облыс әкімдігі мен аудан әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталды. Ал балаларына келсек, олар да әр саланың нығаюына күш салып жатқан жас мамандар. Ағамыздың тұңғышы Ибраһим – «ҚазақТелеКом» АҚ-да байланыс саласына жауапты маман. Ал қос қызы Айнұр мен Гүлнұр ауылдағы білім ошағында мұғалім болып жұмыс жасайды. Нұрсұлтаны – Сырдария ауданындағы өрт сөндіру бөлімінің білікті маманы. Кенжесі Кенжегүл де мектеп бітіргесін аға-апаларының жолын қуып, бір саланың тәжірибелі маманы болары сөзсіз. Себебі, бұл шаңырақта алдыңғы ізге қарап бой түзеуді жастар дәстүрге айналдырған.
Кейіпкеріміз балаларының есейгенін қаперде ұстап оларға көбіне отбасылық өмір жайында насихат айтуды үнемі назарда ұстайтынын айтады. Оның сөзінше, қазіргі жастардың көбісі болмашы, ұсақ-түйек мәселелерге бола шаңырақтың бұзылуына жол беріп жатқан көрінеді. Ал мұндай жағдайлар болмау үшін отбасында отбасылық өмір жайында тәлім-тәрбие жиі айтылу керек деп есептейді. Осы ретте ағамыз бұрынғы қиын-қыстау кезеңде де ешқандай кейкілжіңге жол бермей осы күнге жеткізген ата-анасы мен өздерінің өмір жолынан жиі естеліктер айтып отырады екен. Мақсат – балаларына бейбіт әрі кеңшілік заманның қадірін ұғындыру. Расында отбасында дау-дамай орын алмасы үшін әріге бармай-ақ, ата-бабасының өмір жолынан өнеге айтсаң жастарға мол азық екенін біз де ұғынып қайттық.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ.

25 мамыр 2019 ж. 818 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930