ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ҒҰМЫР
Аудандағы базар маңында үстіндегі ұлттық киімі келісті бір кісіні көзім шалды. Тек Наурыз мерекесінде ғана мұндай дүниелерді дәріптейтініміз есіме түсті ме білмеймін, әлгі қартқа таңырқай қарадым. Кейін ол кісіні үлкен жиындарда, мәдени шараларда да жиі кездестірдім. Ағамыздың әр басқосуда үстіне киген шапандары ауысқан демесең, бойында ұлттық нақышпен безендірілген ою-өрнектер сол қалпында. Өз дүниемізді өзімізге жат қылып қойған қоғамға өкпелейміз бе, қайтеміз?. Сонда да, қарияның қаз қалпында сақталған ұлттық нақыштарды көпке насихаттауы маған жәй ғана жасанды дүние болып көрінді. Бірде ішке келіп әріптестерімнен ол кісі жайында сұрай бастадым. Ішкі саясат бөлімінің маманы Ақнұр Бектай бала күнінен Қабыланбек қартты осы қалпында танитынын айтып, оның өзге де қырларынан кеңінен сыр шертті. Байыбына барсам, баққаным бақа болыпты дегендей, әріптесім айтқан сайын әлгінде ғана ол жайлы түйген арзан ойыма ұялып барам. Не керек, кейін көпке үлгі болып жүрген қарияның өмір жолына қанығып, өнегелі ісін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау қажет деген ойға келдім. Осылайша, әріптес ағам Махамбет Ахметовпен бірге шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап қайтуды жөн көрдік.
Кейіпкеріміз аудан іргесіндегі Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны екен. Есіктен енген бойда айналаны бір барлап алдым. Шыны керек, үлкен үйдің де ұлттық нақышпен безендірілуі көзді сүйсіндірді. Бүтін бір отбасы түскі асқа енді отырған екен. Төрде үстінде келісті күртешесі бар кейіпкеріміз отыр. Ағамызды Наурыз мерекесімен құттықтап болып, біз де үлкен асқа қол салдық. Бір қызығы, Қабыланбек Нұрмағанбетұлының туған күні ұлттық мерекемен тұспа-тұс болып шықты.
Басқалардан біліп алған ол кісінің өзге де қырлары жайында қарияның өз аузынан естігенді жөн көріп, шәйға қараған бойда көкемді әңгімеге тарттым. Жетпістен асқан ақсақал үстел жанына жайғасқан бізді көзбен бір сүзіп, сөзімді жалғай әкетті.
Ауданның құрметті азаматы алдымен сөзін өңір тарихынан бастап, бізді біраз дүниеге қанықтырды. Ал, оның атсейістікке аяқ басуының өзі әулетте бабадан келе жатқан сабақтастық екен. Ертеректе кейіпкеріміздің әкесі ат баптаудың қыр-сырына қаныққан кәнігі маман болыпты. Бірнеше үлкен бәйгеде тұлпары топ жарып, бас бәйгені тақымдаған Нұрмағанбет жайында білмейтін ауыл тұрғыны кемде-кем. Ал, осы дәстүрді жалғай білген Қабыланбек те әкесінен қалыс қалған емес. Тай жарыс, құнан жарыс сынды бәйгенің бірнеше түрінде ағамыз өзі баптаған тұлпарларын сынға салды. Тіпті, жарыстың 5-6 түрі бойынша топқа қосқан сәйгүліктері барлық сайыстан бас бәйгені бермеген күндер де болған. Ал, қария мұндай нәтижені кезінде әкесінен алған тағылыммен байланыстырады.
– Ат баптап, бәйгеге қосу бұл әулет үшін таңсық дүние емес. Себебі, бұл сабақтастық біздің әулетте әлі күнге дейін үзілген жоқ. Әкем кезінде тірсектен төмен қарай ақ әрі қасқа аттардың көбісі бәйгеге бейім болып келетінін айтатын. Бұған уақыт өте менің де көзім жетті. Бірде, Жамбыл облысына қонаққа барғанымда бір жылқыға көзім түсіп, одан нағыз тұлпардың шығатынын сезгендей болдым. Кейін оны өңірге алып келіп, бабы келіскен бойда бәйгеге қостым. Тізгіндеген балам сол сәйгүлікпен талай жарыста жүлделі орындарды еншіледі. Осылайша, уақыт өте атсейістікке бет бұрдым, – дейді қария.
Кәнігі маманның айтуынша, ат баптау кез келген жанның қолынан келе беретін дүние емес. Оның осы саланың қыр-сыры жайында айтқан әңігмесінен сөзінің растығына көз жеткіздік. Мәселен, бәйгеге қосатын тұлпарды баптар алдында таңдаудың өзі үлкен жұмыс. Ал, жылқының түсіне қарап тұспалдау қисынсыз дейін десең, бұл болжам біраз сайыста оң нәтиже берген. Жарысқа дайындайтын атты алдымен бір күйін келістіріп барып, кейін азығын өлшеммен береді. Жылқыны жанымен түсінетін Қабыланбек қарияға бұл жұмыстар таңсық емес. Ал, оның ер-тұрманының жасалуының өзі қарабайыр мініс аттардан бөлек болады. Мәселен, бәйгеге қосатын сәйгүліктің ері 2,5 келіден аспауы керек. Қамшысы неғұрлым тобылғы саптан жасалғаны абзал. Себебі, өзексіз талдан жасалған қамшы сап сайыста шабандозға қолайлы көрінеді.
«Атыңнан айырылсаң да, ер-тұрманыңа бекем бол» деген қағиданы қатаң ұстанған қария ат әбзелдеріне құрметпен қарайды. Себебі, оның да өзіндік сыры бар. Үлкен бөлмеде жоғарыда орналасқан ер-тұрманның қанша жастағы атқа қалай жасалатынына дейін ағамыз жетік түсіндірді. Шыны керек, бұл күн біздің буын үшін үлкен дәріс болды.
Жалпы, кейіпкеріміздің ат баптау ерекшеліктерін айта берсек, басылымның бірнеше бетін арнауға тура келеді. Бастысы, Нұрмағанбет атамыздан бері үзілмей келе жатқан ат баптау өнері Қабыланбек көкемізден баласына аманатталыпты. Оның да жақында баптап бәйгеге қосқан тұлпары бірнеше атжарыста топ жарды. «Егіншінің баласы арық қазып ойнайды» дей ме? перзентінің де ер-тұрманнан қол алмай, төрт түліктің тектісін жанымен түсінуі бізді қуантты.
Атсейістердің көбі тұқымы бөлек тұлпарды қымбат бағаға сатып алып, оның күйін келістірсе, кейіпкеріміз өзіміздің жергілікті жылқылардан да бірнеше рет бәйге атын шығарды. Міне, көкеміздің өзге атсейістерден бір ерекшелігі осы. Мүмкін бар да шығар, бірақ мен жергілікті жылқылардан нағыз жарыстың тұлпарын шығарған атсейісті осы күнге дейін естімеппін.
Жалпы, жылқыны жарысқа бейімдеу мен оны түсінудің қыр-сырына қанығам деген жан болса, Бұқарбай батыр ауылына арнайы атбасын бұруға кеңес беремін. Қарияның айтары да аз емес. Өзіме қажетті жылқы малына қатысты біраз мәліметке қаныққасын әңгіме ауанын ұлттық киімдерге бұра бастадым. Ағамды тыңдап отырсам, оның үстінен осындай ұлттық киімдерді тастамауы маған дейін де бірнеше әріптесіме таңсық дүние болыпты. Бәрінің сауалы бір. Ағам да бастапқы жауаптан әлі күнге тайқыған емес.
Тәлім-тәрбиеге қатысты Қабыланбек қарттың «Біз өз ойымыздан балаға бір нәрсе бере алмасақ та, алдыңғы буыннан алғанымызды оның санасына сіңіруге міндеттіміз» деген бір ауыз сөзі маған үлкен ой салды. Қараңызшы, бала тәрбиесіне байыппен қарап, бағытын оңға бұруға бейім қариялар қазір көп деп айта аласыз ба? Әр ауылда дәл осындай 3-4 абыздан болса, кейінгі буынға өткенді дәріптеуден кенжелеген тұсымыз болмас еді.
– Ұлттық тәрбие бала есін біле оның санасына сіңіріле бастауы қажет. Ал, бала бойында ол процесті жүргізетін кім? Әрине, біз. Мен біз деп тек өзімнің қатарымдағы қарияларды айтып отырғам жоқ. Өзім айтып отырған «біздің» ішінде сіздер де барсыздар. Ес біліп, ақыл тоқтатқан әрбір азамат кейінгі буынның түзу жолмен жүруіне өзін жауапты санауы қажет. Мәселен, қоғамда бір бала кереғар іс жасап қойды ма, түптеп келгенде оған мен де, сіз де кінәлісіз. Неге?.. себебі, сенің тәлімің көпке аздық етті. Насихатың жетіңкіремеді. Міне, біз кейінгі буынға тәрбие берерде де өз-өзімізді осылай іштей қайрауымыз керек. Ал, қайралған жанның түбінде түзу жолмен топ жарарын ат баптаған менен артық білетін жан жоқ та шығар, – дейді Қабыланбек Нұрмағанбетұлы.
Ағамыз мақтанбайды. Бірақ, қалай марқайса да ол кісіге келісіп-ақ тұр. Отбасылық тәрбиеге қатысты пікірді өз-өзін дипломымен психолог санайтын кейбір маманнан осындай данагөй қариялар айтса, көпке жетер еді. Ағамыздың «Өзіміз ештеңе бере алмасақ та, алдыңғы буыннан алғанымызды өскелең ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек» деген сөзінде жан бар. Бірақ, кейіпкеріміз өзі де көпке үлгі болды, алдыңғы буыннан алған тағылымын да кейінгіге дәріптеді. Көшеде 5-6 бала ойнап жүрсе, ағам қастарына үйден алып шыққан ер-тұрмандарын апарып, олардың жасалуын, қалай қолдану қажеттігі жөнінде жетік түсіндіреді. Қараңызшы, мына қоғамда жұрттың баласын былай қойғанда өз баласына үлгі бола алмай жүргендер жоқ деп айта аласыз ба? Ал, ағамның ондайларды жаны сүймейді.
Қария қазақтың ұлттық нақышпен безендірілген киімдерін елдің үлкен байлығы санайды. Солайы солай ғой, бірақ, мұны кейінгі буынға толық түсіндіре алмай жүргенде өз қатарының қалыңдамай жатқанына қарны ашады. Сондықтан болар, «Неге ұлттық киімдеріміз тек Наурыз мерекесінде көзге түседі?» деген сауалдың жауабын таба алмай келеді. Кінәлі кім? Кейінгі буын қазына санайтын қариялар ма, жоқ әлде айтылған ақылды азық көрмейтін өскелең ұрпақ па, болмаса бүтін бір қоғамның осындай игі іске қауқарсыздығы сеп болып отыр ма?.. Мұндай сауалдар қатары қалыңдағанда бала күнімізде үлкендердің «Қазір заман өзгерді» дейтін жаттанды сөзі еске түседі. Бұған әрине, ақсақал айтқандай бәріміз кінәліміз. Әйтпесе, жаңағы сауалдар көбейгенде сілтей салатын қоғамды құраушы кім? Әрине, тағы да біз.
Бірді айтып, екіге кеттік қой. Дегенмен, көкемізбен екеуара диалог барысында осы сауалдар мені мазалаумен болды. Астарына үңілсе, ағамнан алатын рухани азық та көп. Енді алдыңғы буын өкілдері ағамыз секілді барлық күнді Наурыз мерекесі санаса, көше толы жандардың үстіндегі киімді көру былай тұрсын, бір сәт елестетудің өзі бақыт қой. Бірақ, осы менің үлкен буын деп отырғаным, жаңағы сауалдар қатары қалыңдағанда барлық айыпты қоғамға сілтегендей болып көрінді. Ойлап қарасам, мұндай игі істі жүзеге асыру жасқа қарай ма? Керісінше, неге ұлттық киімдерімізді дәріптеуді кейінгі буын қолға алмасқа?.. Осы ретте «Мен мұны бір өзім қалай жүзеге асырамын?» деген сылтау тағы тежеді. Бірақ, әрбір жас «Өзім бастап жатырмын» деп бел шеше кіріссе, бұл да қолда тұрған дүние ғой. Тек осыны жете түсінуіміз керек.
Қабыланбек қарияны өз басым ақсақалдық дәрежеге жетті деп ойлаймын. Жұртына да сөзі өтімді. Олай болмағанда ше, жасымен жүрген жанға кім құлақ түрмейді? Аудандағы кейбір күрмеулі мәселелерге қатысты жайттардың шешімі де осы кісінің ұтымды ұсынысының арқасында жүзеге асатын. Мәселен, аудандағы апатты жағдайдағы көпірдің ахуалын облыс әкіміне жеткізу үшін жергілікті әкімдік қазыналы қарияға жол бастатады. Қырымбек Көшербаевтың жеке қабылдауында болып, апатты жағдайдағы көпірдің қазіргі жағдайын кеңінен баяндайды ғой. Ол да алдыңғы буынға қарап ер жеткен азамат емес пе? Ел ағасы ақсақалдың бірауыз сөзін жерге тастамай көпірдің ахуалымен танысу үшін арнайы ауданға атбасын бұрады. Нәтиже қалай? Облыс тайқазанынан қыруар қаржы бөлініп, бұл мәселе де оң шешімін тапты. Мен бір ғана жайтты мысалға келтіріп отырмын. Болмаса, кейіпкеріміздің ұтымды ұсынысымен аудандағы бірнеше күрмеулі мәселелар қалыпқа келді. Ал, ағам мұны өзінің туған жеріне перзенттік парызы санайды.
Қабыланбек Нұрмағанбетұлы мұндай игі істерді жүзеге асыруда аяулы жары Бақытгүл апамның да қолтаңбасы барын айтады. Көпбалалы батыр ана да ұл-қыздарына тәлім-тәрбие беруде аянып қалған емес. Үлкен әулет облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында жүлделі ІІІ орынды жеңіп алған болатын. Берекесі артқан шаңырақтың мерейлі отбасы екеніне біздің де шүбәміз жоқ. Бес уақыт намазын қаза қылмаған қос қария әлі күнге дейін аузынан Алласын тастамайды. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген осы шығар. Әттең әңгімеміз түсауа басталғасын әні-міне дегенше кеш те батып бара жатыр. Болмаса, қарияның сөзін бөлуге менде де құлық жоқ. Осылайша, батыр атындағы ауылдан шығып, үлкен жолға да түстік. Сөзімнің басында айтып өткен қазыналы қарт жайындағы арзан ойым үшін қысылып келем.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.