ЕР ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
Жалағаштықтар өткенін ұлықтап, танымал тұлғалардың өмір жолынан өнеге алуда жолынан жаңылмайды. «Алтын күз» мерекесі қарсаңында қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов пен Ілияс Қабылов, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың мерейтойында атпал азаматтардың есімі мен ерлік істері кейінгі буынға қатар дәріптелді. Әлбетте, мұндай игі шараларда өскелең ұрпақтың арда азаматтардың өмір жолынан өнеге алары сөзсіз. Жастар халқына қалтқысыз қызмет еткен ерлердің есімі қашанда ел жадында жаңғыра берерін бағамдайды, тарихтан тәлім алып, танымал тұлғаларға қарап бой түзейді. Тағылымы мол шаралардың жастар үшін қаншалықты қажет екенін ел ағалары да жақсы біледі. Сондықтан, киелі мекенде кіндік қаны тамып, әр салада қажырлы еңбек еткен азаматтардың өмір жолын өскелең ұрпаққа дәріптеуді бұл өңір дәстүрге айналған.
Апта басында ағарту саласында айтарлықтай қолтаңбасы бар тағы бір атпал азаматтың есімі халық жадында қайта жаңғырды. Саналы ғұмырының 40 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Зияда Ижановты Жалағаш жұрты еске алып, аудандағы көшелердің біріне ұлағатты ұстаздың есімін берді.
Көшенің ашылу салтанатындағы ел ағаларының білікті педагог, қарымды қаламгер Зияда Ижанов жайында айтқан естеліктері ол кісінің өмір жолы өнегеге толы екенін айғақтайды. Әр салада қажырлы еңбек еткен майталман маман расында кейінгі буынға дәріптеуге тұрарлық дүниелерді қаламына арқау етіпті. Мұражайларда тарихы тарқатылмаған құнды жәдігерлерімізді зерттеп, кейінгі буынға жеткізуде ауқымды іс атқарған. Білім саласында да бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың алғашқы баспалдағын қалаған да осы Зияда ағамыз еді. Он алты жыл ауданда білім бөлімін басқарған танымал тұлға есімі осылайша халық жадында қайта жаңғырып отыр.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов ұлағатты ұстаздың ел үшін еткен еңбегін кеңінен тарқатып, қатысушыларды көшенің ашылу салтанатымен құттықтады. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Ермағанбетова ұлағатты ұстазбен әріптес болған жылдары бүтін бір саланың алға басуы жолында тындырымды істердің жүзеге асқанын атап өтті. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев ғибратты ғұмыр иесінің тәлімді жолын сөзіне арқау етті.
Мұнан кейін Зияда Ижановтың рухына арнап ас берілді. Мұнда да майталман маманның өмір жолынан естеліктер айтылып, құнды еңбектері дәріптелді. Жалпы, бұл ұлағатты ұстаз есімін, еңбегін кейінгі буынға насихаттау мақсатындағы шараның басы емес. Бұған дейін еліміздің өзге де облыстарында қарымды қаламгердің еңбектері қайта басылып шықса, Атырау облысында үлкен семинарлар өтті. Ал, туған жері, жерлестері аудан мақтанышына арнап бір көшеге есімін берді. Өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа ұлықтады.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.