«МЕН БІЛЕТІН БҰЛ ЖЕРДІҢ ТЕМІРІ ДЕ, АЛТЫНЫНАН АРТЫҚ ҚОЙ БАСҚА ЖЕРДІҢ»
Бұл – айтыскер ақын нұрмат мансұровтың жалағаш жерінде ұйымдастырылған айтыста айтқан сөзі.
«Айтыс өнері – сөз барымтасы» деп баға беріп еді кешегі ұлылар. Иә, қазақтай жанашыры барда ұлттық өнердің ұзақ жасары сөзсіз. Өңірде еліне еңбегі сіңген тұлғаларды ұлықтау мақсатында бір шара ұйымдастырылса, төл өнерімізді төрге шығаруда Жалағаш жұрты салтынан жаңылған емес. Ел тыныштығын күзеткен Бұқарбай, Есет батырлардың мерейтойында да ауданда республикалық деңгейде аламан айтыс өткен еді. Бұл дәстүр кешегі Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов, білім саласының ілгерілеуін көздеп, қазақтың кемел келешегі жолында аянбай тер төккен Ілияс Қабылов пен ақын, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың мерейтойында да жалғасын тапты. Ауданның жеткен жетістігін, танымал тұлғалардың мемлекеттің нығаюы жолында қолға алған ілкімді істерін өз жырына арқау етуді көздеген айтыскер ақындар өңірге арнайы атбасын бұрды. Орамды ой, сүбелі сөзімен көрерменнің қошеметіне бөленіп, Жалағаш жұртын жырмен сусындатты.
Әдеттегідей көштің басын ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастап келді. Айтыс жанашыры алып келген 12 ақынның барлығы да ауыздығымен алысып тұрған тұлпар тәрізді. Мұны сөз басында Жүрсін ағамыздың өзі де айтып кеткен еді. Ақындар да жыр додасында бұл пікірді жоққа шығармады. Жүрсін Ерман соңғы жылдары ұлттық өнерді ұлықтау мақсатында республика деңгейінде аламан айтыстардың көптеп ұйымдастырылып жатқанын айтып, әсіресе, Сыр елінің төл өнерді төрге шығаруда табандылық танытатынын тілге тиек етті.
– Жалағаш ауданында «Алтын дән» мерекесі қарсаңында жоғары деңгейде шаралар ұйымдастырылуда. Ел үшін еңбек еткен бірқатар азамат ардақталып жатыр. Оның барлығының басы-қасында болдық, мемлекеттің келешегі үшін тер төккен зиялы қауым өкілдеріне киелі Жалағаш топырағы да кенде емес екеніне көзіміз жетті. Өткенін ұлықтап, өшкенін жандыруды мақсат еткен сіздердей ұрпағы барда қайраткерлер елімен бірге мәңгі жасай берері сөзсіз. Аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлының осындай өнегелі шараларды ұйымдастыруының артында мол ғибрат тұр. Есімдері ұлықталып жатқан мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов пен Ілияс Қабылов, ақын, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов – бүгінгі ұрпақ үлгі тұтуға лайық тұлғалар. Осындай игі шараны қолға алған аудан әкіміне алғысымыз шексіз. Тарихын түгендеп, өткенін ұлықтап рухани жаңғырып жатқан аудан халқына да алғыс айтамын. Жалпы, елімізде соңғы жылдары төл өнеріміз төрге шығып, республиканың барлық аймағында айтыс өтуде. Соның ішінде ұлттық өнерді ұлықтауда Сыр елінің еңбегі ерен. Бұл аймақ қазір облыс былай тұрсын, аудандарда республикалық деңгейде айтыс ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Бүгін киелі Жалағаш жеріне келіп, айтыскер ақындардың жұртты жырмен сусындатуының өзі бұл сөзімізді қуаттайды, – деді Жүрсін Ерман.
Мұнан кейін жыр додасында бақ сынауға келген ақындар сахна төрінен орын алды. Айтылған сөзге лайықты баға беруде белгілі жырау, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов төрағалық еткен қазылар алқасы шын жүйрікті анықтауда табандылық танытты. Айтыскер ақындарға сәттілік тілеген аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев келген қонақтарға жалағаштықтардың қонақжай, кеңпейіл халық екенін айтып, жерлестеріне де алғысын білдірді.
– Кешеден бері киелі Жалағаш жерінде үлкен той өтуде. Аудан астықты жинап, қамбаға құйды. «Алтын дән» мерекесі аясында мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов сияқты тұлғаларды еске алып, өнегелі істерін ұлықтау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырудамыз. Жалпы, біз бұл мерейтойды ұйымдастыруға көктемнен бері дайындалған едік. Өз заманында ол кісілер ел үшін қаншама іс тындырды, мемлекеттің кемел келешегі жолында басын бәйгеге тікті. Бұл кісілер – тек қазақ жұртына ғана емес, алты алашқа белгілі азаматтар. Ел үшін қыруар іс тындырып, жазықсыз жалаға ұшырады. Ол кісілерді бүгінгі ұрпақтары, біз ұмытпаймыз. Бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман да – сол кісілердің еңбегінің жемісі. Бүгінгі тойдың да маңызы жоғары. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында өткенімізді ұлықтап, өшкенімізді жандырудамыз. Жалпы, Жалағаш төңірегінен шыққан мақтан тұтар азаматтар жетерлік. Солардың ең басында тұрғаны – осы қос тұлғамыз. Сондай-ақ, күріштен тау тұрғызып, елдің әлеуетін көтеруде бар күшін сарп еткен Ұзақ Еспанов ағамыз да 90 жасқа толып отыр. Осы үш тау тұлғамызды «Алтын дән – 2018» мерекесі аясында ұлықтауды ұйғардық. Қазақтың ертеден қай тойын алып қарасаңыз да балуандар күресінсіз, айтыс өнерінсіз өтпеген. Біз де бұл тойда осы салттан жаңылмай елге балуандарды, айтыскер ақындарды шақырдық. От ауыз, орақ тілді ақындардың көшін бастап келген Жүрсін ағамызға алғыс білдіре отырып, бүгінгі жыр додасында бақ сынаушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан басшысы.
Жыр додасында 12 ақын орамды ойымен көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысты. Алдымен сөз бастаған жерлесіміз Айдос Рахметов пен БҚО-дан келген жас ақын Талғат Мықи ағалы-інілі айтыстың керемет үлгісін көрсетті. Қос ақын танымал тұлғалардың ерлік істерін елге дәріптеді. Тың тіркестерімен қоғамдағы түрлі мәселелерді де жырына арқау етті. Темірбек Жүргеновтің өнегелі өмірін жырмен тарқатқан Талғат Мықи бір сөзінде «Біреу тірі жүрсе де жоқ сияқты, біреу өліп қалса да бар сияқты» деп танымал тұлғаның елімен бірге мәңгі жасай берерін көрерменге жеткізе білді. Ал, Ілияс Қабыловтың мемлекет келешегі жолында жасаған ілкімді ісін жырына арқау еткен Айдос Рахметовтің да өлеңінің түпкі мағынасы осы болды. Қоғамдағы түрлі мәселені де көтеріп, қағытпалы қалжыңға да кезек берген қос ақынның ішінен қазылар алқасы Айдос Рахметовты жеңімпаз деп тапты.
Ал, сырдариялық Нұрмат Мансұров пен қармақшылық Сырым Әділбеков те сүбелі сөз айтып, мерейтой иелерінің тұлғалық болмысын аша білді. Жалағаштан шыққан Темірбек Жүргенов пен Темірші Сарыбаевты жырына арқау еткен Нұрмат ақын бір сөзінде «Мен білетін бұл жердің темірі де, алтынынан артық қой басқа жердің» деп, көрермен көңілін бір көтеріп тастады. Сырым Әділбеков Темірбек Жүргеновтің білім саласының ілгерілеуіне қосқан үлесін және осы орайда Тұрмағанбетке қолқа салғанын жырмен жеткізді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде қос тұлғаның ерлігін дәріптеп, «Шайырға аудартпаса бұл еңбекті, «Шахнама» шаң басып жатар еді» деп, ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластықты көрерменге жырмен жеткізді. Қармақшылық ақын бір сөзінде аудан әлеуетінің артқанын, даму көрсеткішінің жоғарылағанын да айтып өтті. «Облыс деген атың болмаса да, оқ бойы озып тұрсың бар ауданнан» деп, еңбеккерлердің жұмысын да жоғары бағалады.
Көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған әрі ең жоғары деңгейде өткен айтыс жерлесіміз Мұхтар Ниязов пен алматылық Рүстем Қайыртайұлының жыр додасы болды. Төл өнерге төселген бұл жұптан жеңімпазды анықтау қазыларға да қиынға соқты. Темірбек Жүргенов пен Ілияс Қабыловтың өнегелі өмірін елге дәріптеген Рүстем Қайыртайұлы «Азаттықтың алауы жанса бүгін, солар ғой астындағы білтелері» деп, мерейтой иелерінің мерейін тағы бір көтерді. Сондай-ақ, ол Мұхтар Ниязовтың өзі туып өскен Есет батыр ауылындағы мектеп оқушыларына шәкіртақы тағайындалғанын тілге тиек етіп, қалжыңмен де бір түйреп алды. Алайда, «Алтын домбыраның» екі мәрте жеңімпазына бұл сауалға жауап беру қиынға соқпады. Темірбек Жүргеновтің кезінде сол ауылда білім алғанын айтып, «сол мектепте тағы бір Жүргеновтің жүрмесіне кім кепіл?!» деп, көрермен көңілін көтеріп тастады.
Жалпы, басқа да ақындар елдік, ерлікті жырына арқау етті. Ақтық сынға жерлесіміз Мұхтар Ниязов, Арқалықтан келген Айбек Қалиев, алматылық Рүстем Қайыртайұлы мен сырдариялық Нұрмат Мансұров шықты. Бұл жолы ақындар қосақталып сөз өрген жоқ. Жүрсін ағамыз 4 ақынды бірдей сахнаға шығарып, «Құлманбет» айтысын қайта жаңғыртты. Ақындар бірі сөзін аяқтаса, бірі жалғап алып, төл өнердің бұл түрінде де тосыла қоймады. «Шаңырақтың иесімін» деп сөз бастаған Мұхтар Ниязов қарсыластарына мерейтой иелеріне қатысты бірқатар сауал қойды. Бірақ, барлық сұраққа басқа да ақындар өлеңдетіп, мүдірмей жауап берді. Соңында қазылар алқасының шешімімен Мұхтар Ниязов үздік үштікті түйіндесе, екінші орын Айбек Қалиевке бұйырды. Ал, Алматыдан келген Рүстем Қайыртайұлы бірінші орынға лайық деп табылса, бас жүлдені Нұрмат Мансұров еншіледі. Жеңімпаз және басқа да ақындарға қаржылай сыйлық табысталды.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ,
М.АХМЕТОВ (сурет).