» » Ырыс пен берекенің мерекесі

Ырыс пен берекенің мерекесі



Биылғы "Алтын дән" мерекесінің жалағаштықтар үшін маңызы ерекше болды. Астықты жиып, қамбаға құйып, арқаны кеңге салған осынау мерейлі шақта аудан халқы туған жердің тұғырлы перзенттері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің – 120, Ілияс Қабыловтың – 115, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың – 90 жылдық мерейтойларын атап өтті.


Халқымыздың саяси-мәдени өмірінде сал­мақты орны бар аға буынның ерлігі мен еңбегін ұлықтауға арналған тарихи танымдық шара өркені өскен елдің өмірлік құндылықтарын айқындай түскендей. Осынау ерлердің есімін ұлықтаған өңірге алыс-жақын аймақтардан қадірлі меймандар келіп, мерейтой аясында ұйымдастырылған «Алтын дән» мерекесіне қатысты. Олар ырысы артып, ынтымағы жарасқан Жалағаштың жаңарған келбетіне сүйсінді.
Орталық стадионда ұйымдастырылған мерекелік шара қазақ күресінен түйе па­луандардың сайысымен басталды. Рес­пу­бликаға белгілі спортшылардың өнерін көрген көпшілік мұнан соң Қ.Қазантаев атын­дағы аудандық мәдениет үйінің өнепаздары сахналаған қойылымды тамашалады.
Көпшіліктің назарын өзіне аударған қойылымда екі қайраткердің еңбек жолы мен өмірі былай суреттеледі. Жалағаш топырағынан шыққан Т.Жүргенов пен Ілияс Қабыловтың есімі Қазақстан және Орта Азияға белгілі. 1933-1937 жылдары Темірбек Жүргенов қазақ елінің білімі мен өнерінің бастауында болып, Қазақстан өнері мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне айрықша назар аударды.

Өз заманында Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінде жоғары лауазымды қыз­метін атқарған, Қазақстан Үкіметінің ха­лық ағарту комиссары болған Темірбек Қараұлының ұлттық ой-сананың ілге­рілеуіне ерекше еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн. Темірбек Жүргеновтің пуб­ли­цистикалық қарымын айтпағанның өзін­де, әдебиет пен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын жұртшылық жақсы біледі. Тіпті, ол Қазақстанда алғашқы музы­ка театрын ұйымдастыруға үлкен үлес те қосқан. Темірбек Жүргеновтен жиналысты орысша жүргізуді талап еткен орыс ғалымы Борис Николаевич Орловқа «Сіз қазақ тілін білуге міндеттісіз!» – деп, өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап еткенін бүгінгі жұрт мақтанышпен айтады.
Тағы бірде Темірбек Жүргенов рес­­пу­б­ли­каға басшы болып келген Голоще­кин­ді қатты сынға алып, былай дейді:
– Қазақстанға керегі – 7-10 жылдық мектеп жүйесін құру, ал, сіз «қазақ тек хат таныса болады» дейсіз. Жоқ! Бізге үлкен білім ордалары қажет! Алда істейтін міндетіміз – қалың жұрттың ішінен шыққан білім қайраткерлерін, өз кадрларымызды дайын­дауымыз қажет. Қазақ тілін жете білудің өзі үлкен мәдениет!» – деп өз ұлтының бола­шағын құрметтеуді талап етеді.
Қазақ елін Кеңестер Одағы деген алып держава билеп тұрған 1930 жылдардың соңында ұлт зиялыларының басына үлкен нәубет төнді. Сол 1937 жылы басталған халқымыздың бетке ұстар зиялы қауымын қудалау жүйелі әрі ұзақ уақыт жүргізілді. Бұл жылдары мемлекеттік басқару орган­дарындағы және өнер, әдебиет, мәдениет салаларындағы ұлт зиялыларына соққы алдыңғы кезекте тиді. Сондай зобалаңның құрбаны болған арыстардың бірі, осы жердің төл тумалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Қараұлы Жүргенов пен Ілияс Жүсіпұлы Қабылов болатын.
Сыр топырағынан нәр алып, мем­лекетімізді гүлдендіруге үлес қосқан ғалым, философ, аудармашы, публицист Ілияс Қабылов қазақ тілінің дамуын,­ орфографиясын, әдебиеттегі реализм мен түрлі ұлттық мазмұнды ұштастыра жүр­гізілуіне мән берген қайраткер.
Тергеуде болған Темірбектің «Совет үкіметіне адал қызмет еттім» деген сөзін қанағат тұтпаған тергеушілер әрі қарай жалған жала жабуды жалғастырады. Ал, Ілияс «Мен ешқандай да халық жауы емеспін. Жаным арымның садағасы» деп ақталғанымен олардың бұл сөзіне тергеушілер мән бермеді. Еліне адал қызмет еткен алыптардың соңғы сөзі де осы болса керек. Артынша мылтықтың суық даусы естіліп, жазықсыз ату жазасына кесіледі.
Міне, дала сахнасындағы қойылым осылай суреттелді. Мұны тамашалаған көпшілік көзіне жас алып, алып тұлғалардың рухына тағзым етті.

***
Ерінбей еңбек етіп, жердің төсін еміп, жемісін теріп жеген адамзат нендей ғажайыптарды осы жер бетінде жасайды. Күріш фабрикасы атанған осы бір қасиетті Жалағаш жерінен қанша дарындар, таланттар, ерен еңбектің ерлері шықты. Бұл жерде мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов, Қонысбек Қазантаев еңбек етіп, елінің құрметіне бөленіп, кеуделеріне «Алтын жұлдыз» тақты. Бұл Жалағаш жері бейбіт еңбектің батырлары Несіпбай Әпірезов, Алдаберген Бисенов, Тұршабек Елеусінов, Ұзақ Еспанов, Мөрәлі Шәменов, Қазына Жүсіпова, Айнаш Балғабаева маңдай терін төккен қасиетті өлке. Осы жерден шыққан тау тұлғалардың бірі – Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановқа биыл 90 жыл толып отыр.
Мерейтой аясында ерен еңбегі үшін кеу­десіне «Алтын жұлдыз» таққан Ұзақ Еспановтың ауыл шаруашылығы саласына, елдің дамуы мен өңірдің өркендеуіне қосқан елеулі үлесі де сахна төрінен көрініс тапты.

Қойылымда Сыр маржанынан тау тұрғызған Ұ.Еспановқа арнайы телеграмма келеді. Сол жылдары белгілі агрономның өнімі гектарына 110 центнерден асып жығылды. Ер еңбегін елеген елі Ұзақ Еспановқа «Еңбек Ері» атағын беріп, Жоғары наградамен марапаттайды. Сүйіншілеп жеткен хатшы қыздың хабарын естіген Ұзекең: «Ағайындар! Мен істедім дегенше, ер істеді десейші, ер істеді дегенше ел істеді десейші! Бұл жоғарғы атақ маған ғана емес, елге, осы тұрған барлықтарыңызға берілген атақ деп біліңіздер» дейді. Осындай еңбегімен еліне қадірлі тұлғаның келбетін суреттеп, өмір жолын сахналаған өнерпаздарға көпшіліктің қошеметі толассыз соғылып жатты. Себебі, бар қажыр-қайратын өңірдің дамуына жұмсаған Ұзақ Еспановқа деген елдің ыстық ықыласы ерекше.
Ақындығымен дараланып, еңбеккерлігімен ерекшеленген Ұзақ Еспанов жайлы айтылатын жақсы әңгіме, жылы сөз жеткілікті. Кімнің де болса көңілін қалдырмайтын, орынсыз ешкімге салмағын салдырмайтын, алды-артын болжай білетін, қай кезде де халқына жақын тау тұлғалы жанды жұрты қадір тұтады. Тынымсыз еңбегінің арқасында Социалистік Еңбек Ері болып, батыр атанды. «Еңбек ер атандырады» деген халық даналығы Ұзақ Еспановтай азаматтарға арналып айтылған секілді.
***
Тарихи тұлғаларды қайта халқымен қауыштырған қойылым соңы "Алтын дән" мерекесіне ұласты. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркеюіне арнаған тұлғалардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын айтып, жалағаштықтарды атаулы мерекемен құттықтады.
– Сыр өңіріндегі ырысы артып, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі көпке үлгі болған мекеннің бірі – Жалағаш ауданы. Бұл жерден елге қорған болған батырлар, орақ тілді, отауызды билер мен шешендер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ағартушы-ұстаздар мен көптеген ғалымдар шыққан. Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бұқарбай, Бәйтік, Тоғанас батырлар ел қорғаны болса, қара сөзден дес бермеген Құба би, Бекіш, Бос­тай, Өмірбай шешендерден жас ұрпақ өнеге аларлық аталы сөз қалған. Биыл “Алтын дән” мерекесінің аясында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің – 120, аудармашы, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби философ Ілияс Қабыловтың – 115, Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың – 90 жылдық мерейтойлары аталып өтілуде. Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Мәуелі күз міне, осы қанатты қағиданың биыл берекесін танытты. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаштың диқандары үлкен сенімнен шықты. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған еңбеккер қауым ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Ал, мұның бәрі, аудан жұртшылығының ынтымақ, бірлігінің жемісі, – деді аудан басшысы.
Жалағаш ауданы – ауыл шаруашылығы саласы бойын­ша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазы­насының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. Биыл аудан­дағы шаруашылық құрылымдары 36315 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның 22 366 гектары Сырдың бағалы дақылы – күріш. Ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Нәтижесінде, дақылдың барлық түрінен мол өнім алынды. Шаруашылықтардың арасынан жоғары жетістікке жетіп, оза шапқандар бүгінгі күні марапат төрінен көрінді. Бұл – бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан Жалағаш елінің үлкен жеңісі деп айтуға толық негіз бар. Аудан дүбірлі тойға әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша да үлкен табыстармен жетіп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті бастау, оны дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл басынан жалпы құны 913,7 млн теңгені құрайтын 146 жоба қар­жыландырылды. Облыс бойынша аудан алдыңғы қатарда екенін айта кеткен жөн.
Шарада ауыл шаруашылығының озат еңбеккерлері мен саланы дамытуға елеулі үлес қосқан мамандар марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Мерейтойға жиылғандар жағалай бой көтерген киіз үйден дәм татып, жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Айта кетейік, екі күнге жалғасқан мерейтойға облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен ауданның бұрынғы басшылары, республикаға белгілі ақын-жазушылар өнер майталмандары қатысып, жыр арнаулары мен жылы лебіздерін білдірді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.

20 қазан 2018 ж. 1 048 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930