ҚАЗАҚТЫҢ АСЫЛ НАРЫ
Темірбек Жүргеновтің есімі жалғыз қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім. Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген ол ойы ұшқыр, қаламы қарымды, публицист, сыншы әрі көсемсөз иесі. Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, көрнекті қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы өмірінің соңына дейін қазақ халқына, еліне адал қызмет етіп, үлкен құрметке ие болды. Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің өмірге келгеніне 120 жыл толып отыр.
Аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында Алаш қайраткерінің 120 жылдығы қарсаңында «Алып өнердің асыл нары – Темірбек Жүргенов» атты 9-10 сынып оқушылары арасында Жүргенов оқулары облыстық байқауы өтті. Байқауға аймаққа қарасты аудандардан келген оннан аса оқушы қатысты. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов қоғам қайраткерінің өнегелі өмір жолына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығы. Саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркеюіне арнаған тұлғаларды өскелең ұрпақ білу қажет. Ал, аға буынға құрмет көрсету біздердің алдымызда тұрған міндет. Темірбек Жүргеновтің еңбектеріндегі рухани ұлттық мұраны, елдік-ерлік құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізіліп отырған облыстық байқаудың маңызы зор. Бүгінгі айтулы шараға алыстан ат терлетіп келген, қолына қалам ұстап, сөз өнерін серік еткен жас өрендерге сәттілік тілейміз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауына Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәби Аңсат, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Мирман, ақын, сазгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айкүміс Орынбаева, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ғазиза Әбілда қазылық етті.
Тарихтан тағылым теріп, өткенін еске алып, бүгінін ұлықтаған, талантты ұл-қыздар мемлекет қайраткерінің есімін тағы бір тұғырға көтеріп, ұлттық рухқа бай мол мұрасын кеңінен насихаттады. Байқау барысында қатысушылар Темірбек Жүргеновтің саналы ғұмырында атқарған елеулі істеріне зерттеу жасап, өткен ғасырда «Темір-Нарком» атанған қоғам қайраткерінің еңбектерінен үзінділер оқыды. Сондай-ақ, шарада Т.Жүргеновтің Қазақстанда алғашқы музыка театрын ұйымдастыруға үлкен үлес қосқандығы айтылып, еліміздегі мектеп жүйесін реттеуге және қазақ орта мектептерінің санын арттыруға атсалысқандығы айтылды. Байқауға қатысушылардың сөз саптауынан, қайраткер өміріне тоқталып, еңбектерін бар ынтасымен жеткізуінен Жүргеновтің өмір жолын толық оқып, барлық еңбектерімен танысқандығы көрініп тұрды. Әрбір қатысушы Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері туралы үздік үзінділер оқып, қалың көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Қазылар алқасының шешімімен жыр бәйгесінде көп ішінен дараланып, оза шапқан үздіктер анықталды. Бас жүлдені жалағаштық Нұрай Тыныштықбай иеленді. Ал, қармақшылық Бекзат Төлепберген І орын, қазалылық Көркем Дінберген ІІ орын, шиелілік Ақжарқын Ахметжан ІІІ орын алды. Қалған қатысушылардың барлығына арнайы диплом мен ынталандыру сыйлығы табысталды.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).