ДАЛА ДҮБІРІНІҢ ДАРАБОЗЫ
Басылымның алдыңғы сандарында дән себу науқанынан қалың оқырманды хабардар еткенбіз. Көктем ортасынан ауа бере даланың дүбірге толуы заңдылық қой. Ал, ондағы қайнаған жұмысқа қанығу мүлде бөлек әсер қалдырады. Бірде «Ер-Әлі» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, науқан басталамын дегенше бір-екі еңбек адамын әңгімеге тартуды жөн көрдік. Біз тұрған алқаптан қос атыз әрі жаңа техника тізгіндеген жігіт ағасы екі бетті бұрқырата жерді сүдігерлеп келе жатыр. Қанша дегенмен заманауи технология ғой, бар болғыр, сонша атызды артқа тастаса да бұрынғы ХТЗ тракторындай бір аялдауды білмейді. Ішіндегі ағам да мәз. Соған қарағанда ескі көлікті тұраққа аманаттап, жаңасына жуырда отырса керек. Әйтеуір өз ісіне өзі риза.
Артын ақ шаңға көміп жер жыртып жатқан техника жайында да, оны тізгіндеген кейіпкерім төңірегінде ойым да айна қатесіз екен. Биыл ғана «ДОЙЦ ФАР» тракторына қол жеткізген Бақыт Серікбаев жаңа көліктің жұмыс жасаудағы қарқынын бұрынғы техникалармен салыстыруға келмейтінін айтады. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы үлгідегі заманауи көліктер жұмыстың ширап, егінді уақытынан бұрын жинап алуға сеп болатын көрінеді.
– Төрт жылдан бері «Ер-Әлі» шаруа қожалығында жұмыс жасаймын. Бастапқыда ХТЗ тракторына отырдым. Ол кезде де біздің ұжымның бұл салада жеткен жетістігі аз болған жоқ. Уақыт өткен сайын Сырдың басты дақылынан тау тұрғызу біз үшін әр күзде қайталана беретін қалыпты жағдай. Алла осы ісімізді көп көрмесін. Бұйыртса, дәстүр сабақтастығы осы жылы да жалғасын табады деп үміттенеміз. Бұрын ескі көліктермен де күнелттік қой. Техника болғасын бұзылмай тұрмайды. Оның үстіне олар көне көліктер болатын. Әсіресе, «ХТЗ-80» тракторы жиі бұзылатын. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай жаңа техникамен шаруашылығымыз қанаттанып жатыр. бұл өз кезегінде біздің де ісіміздің алға басуына үлкен көмек болды. Ал, осыған дейін жұмыс жасаған техникалар мен мына көліктердің жұмыс жасау қарқыны салыстыруға да келмейді, – дейді Бақыт Серікбаев.
Мақпалкөлдік еңбек адамы бұған дейін де осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс жасапты. Бізге жай ғана соқаны баса салып, атыздық үстін жайпап өтсең жерді сүдігерлеген болып көрінеді ғой. Бірақ, мүлде олай емес екен. Тастаған дәннің тегіс бас алуы үшін жердің тегістігі маңызды рөл атқаратын көрінеді. Ал, мұны тек жыртылған жерді тырмалау жұмысы қамтамасыз ете алмайды. Атыздың тегіс болуын жер жырту кезінде де назарда ұстаған абзал болады. Өнімнің бітік шығуы үшін басқа да қандай жұмыстарды жүзеге асыру қажет екенін ұзақ жылдық тәжірибесі бар майталман механизатордың өзі айтып берді. Қарап отырсақ, әрбір сөзінің жаны бар. Мәселен, егіс алқабына отақ қаптап шықпас үшін жерді күзде бір сүдігерлеп алған абзал екен. Себебі, жер жырту кезінде соқа тісі жұлған арам шөп тамырлары қыстай аязда үсіп, көктемде шіріндіге айналатын көрінеді. Ал, қураған тамыр шіріндісінің алқап құнарына оң әсерін тигізбесе, зияны жоқ.
Ауыл шаруашылығы саласында өзіндік қолтаңбасы бар «Ер-Әлі» шаруа қожалығы жыл сайын өнім көлемімен бірге сапасын қатар арттыруға жұмыс жасап келеді. Осыған дейін сырттан тұқым сатып алатын шаруашылық соңғы жылдары өзі де күріш сұрпын әзірлеп, нарыққа шығарып жатыр. Ал, шаруашылық төрағасы Әліби Бекжанов нәтижелі істің барлығын Бақыт Серікбаев сынды тәжірибелі мамандарының еңбегімен байланыстырады. Сондықтан олардың жұмысын алға бастыру үшін шаруашылықты заманауи техникалармен жабдықтауды дәстүрге айналдырып отыр. Мәселен, өткен жылы «KLAaS Lexion» комбайнынан 3 дана, «MacDon» жаткасынан 1 дана алса, осы жылдың алғашқы 4 айында 3 айналмалы соқа мен 3 дана «ДОЙЦ ФАР» тракторын сатып алды. Оның бірін кейіпкеріміз Бақыт Серікбаев тізгіндеді.
Еңбеккер германиялық техниканың расында осы заманға лайықталып құрастырылғанын айтады. Оның сөзінше, көліктің бұл түрі ХТЗ тракторымен салыстырғанда 1,5-2 есе артық жұмыс жасайды. Мәселен, бұрын ағамыз ескі техникамен күніне 8 гектар жерді сүдігерлесе, қазір жаңа көлікпен 12-15 гектар жерді жыртып үлгереді екен. Бұл өз кезегінде шаруашылық жұмысының ширауына да үлкен сеп болары сөзсіз.
К.БАЛҒАБАЙ.