АУДАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ НАУҚАН
Ырыс ектім десеңші,
Егінге ерте қамданып,
Дұрыс еттім десеңші.
Дала дүбірінен хабар берер осы бір өлең жолдары Жалағаш жұртына жат сөздер емес. Себебі, алажаздай атыздық жағалап, өнімнің бітік шығуына бар ынтасын салатын ауыл еңбеккерлері шаруашылықтың шаруасын ширату жолында аянып қалмайды. Бірі трактор тізгіндеп жыртылған жерді тырмалауға қамданса, енді бірі аяқсу келер арық жолдарын бөгеттерден арылта бастайды. «Жер-ана» деп табанының астындағы дүниеге дейін баға берген қазақтың қай сөзінде де салмақ бар ғой. Олай демей ше, төрт мезгілде де тер төккен жұртым бар ырзығын осы жермен байланыстырады. Басқа өңірлерді білмеймін, мұны әсіресе, аграрлық саланың серпін алуына атсалысқан біздің ауданның халқы жақсы біледі. Құмының құнары қаншалықты жоғары болғанмен түбінде тіршілік жоқ өңірлер бар. Оның қасында біздің Жалағаштың қай алқабына не егем десең де «Жер-ана» жерге қаратпайды. Мұны ырзығын адал іспен байланыстыратын ауыл еңбеккерлері түйсігімен түсінеді, қабілетімен іс қылады.
Жылда егін жинау науқаны қарсаңында алғашқы орақтың басы-қасында жүріп, ондағы қайнаған тіршіліктің куәсі болсақ та, дән себу кезіндегі керемет көрініске қанықпаппын. Көктем кірген бойда алғашқы егін егу науқанына барып, серпін алған саланың осындай бір ізге түсуіне атсалысқан тәжірибелі мамандардың күнделікті жұмысын көпке дәріптеуді жоспарлап та жүргем. Өткен жұмада бұл жоспарды да орындаудың сәті түсті.
Жалағашта дала дүбірі көктем кірісімен басталып кетті. «Дән себу рәсімін бірінші болып қай шаруашылық бастайды?» деп құлақ түріп біз жүрміз. Бұл жолы шаруасы ширақ «Ер-Әлі» ептеп іс қылудың керемет үлгісін көрсетті. «Түсте тұқым себіледі» дегенді естіп, атбасын Мақпалкөлге бұрдық. Тіректі елді мекенді артқа тастап, Т.Жүргеновке де жетіп қалғандаймыз. Тас жолдың қос қапталы күріш алқабы. Атыздықтың барлығында қайнаған тіршілік. Бірі көлік тізгіндесе, енді бірі себер тұқымын қамдап жүр. Байқағаным, бұл шаруашылық техникаларын 90-95 пайызға жаңалап үлгерген сыңайлы. Көше бойынан қарасаң, мұндағы жұмысқа көз сүйсінеді. Әсіресе, күн көзімен шағылысқан соқалар бозарған боз топырақты сүдігерлегенде жердің сәні кіріп қалады екен. Жеткен бойда алдымен жұмысшыларды әңгімеге тарттық. Барлығы өз ісіне машықтанған кәнігі мамандар. Ешқайсысының шаруашылық басшысына айтар өкпе-назы жоқ. Айлығы уақытылы беріліп, күзгі науқанды тәмамдай салысымен себілген Сыр салысынан мол өнім алғандар қосымша қыруар қаржыға тағы да ие болады. Оның үстіне бұрынғыдай екі атыз жүріп, көліктің астына үңілу деген жоқ. Барлығы заманауи технология. Еңбеккерлер де бұған ептеп машықтанып алған.
Дән себу рәсіміне келген қариялардың қарасы қалың. Өзге де жиылған жұрт жоқ емес. Бастысы, бәрінің тілегі бір арнада тоғысуда. Біз де алажаздай алқап басында қыруар іс тындыратын ауыл еңбеккерлерінің еңбегі қайтса дейміз. Алдымен сөз алған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев та бірауыз жылы лебізін білдіріп, аудан еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығының алға жылжуына айтарлықтай атсалысып жатқанын жеткізді.
– Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаштың диқандары былтырғы жылы артылған сенімді ақтай білді. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауым ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Былтыр аудандағы шаруашылық құрылымдары 36 391 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның 22 382 гектары Сырдың бағалы дақылы – күріш болса, биылғы жылы 36 465 гектар жерге егiн егу межеленіп отыр. Ал, одан алынатын өнімге келсек, еңбеккерлеріміз дәстүр сабақтастығын жалғайды деп ойлаймын. Оның үстіне қазір барлық шаруашылық техникаларын жаңартуда үлкен қадамдарға барып жатыр. Бұл өз кезегінде алқаптағы ауқымды жұмысты оңай еңсеруге үлкен үлес болады деп ойлаймын. Бұл көрініске бүгін де куә болып отырмыз. «Ер-Әлі» шаруа қожалығы да өз техникаларын жаңартуда біраз жетістікке жетіп жатқан шаруашылық. Біз бүгін осы шаруашылықтың дән себу рәсіміне куә болып отырмыз. Алдағы уақытта себілген Сыр салысынан аудан еңбеккерлері мол өнім алып, қазынаны еселеуде қыруар іс тындырарына сенемін, – деді аудан әкімі.
Шаруашылық биыл 859 гектар алқапқа күріш, 60 гектар жаздық бидай, 80 гектар жаңа жоңышқа, 235 гектар ескі жоңышқаны күтімге алуды межелеген еді. Қазіргі уақытта 60 гектар жаздық бидай, 80 гектар жаңа жоңышқа егілді. Оның үстіне 235 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, күтімге алынды. Өткен жылы күріштің I репродукциясын дайындап сататын арнайы тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие болып, өзге шаруашылықтарға 321 тонна күріштің Лидер сортының I репродукциясын сатылымға шығарды. Қазірдің өзінде осы жылдың егісіне қажетті 200 тонна күріштің Лидер сорты тұр. Былтыр «Абзал и К» ЖШС-нан 60 тонна Лидер сортының Элита тұқымын сатып алып, өнім сапасын қамтамасыз етуге ден қойған шаруашылықтың алға қойған мақсаты да жоқ емес.
Әліби ағамыз бұрыннан бұл салада қолтаңбасы бар маман екен. Егін егуден оның бас алуына дейін қандай жағдай жасау қажеттігін жетік біледі. Алқаптың су жүретін каналдарын қажетті тереңдікте қазу жұмыстары да жыл сайын үздіксіз жүріп отырады. Техникаларының барлығы заманауи жаңа көліктер. Өткен жылдың өзінде 3 «KLAaS Lexion» комбайыны мен 1 «MacDon» жаткасын сатып алған шаруашылық биыл 3 айналмалы соқа мен 3 дана «ДОЙЦ ФАР» тракторын сатып алды. Жаңа техникалардың бұрынғы құрылғыларға қарағанда сапа жағынан да, жұмыс жасау жағынан да ауқымы жоғары. Мұның бәрі шаруаны бірыңғайлауға өз септігін тигізеді. Алайда, ағамыз бастысы бұған дейінгі жетістіктің барлығын ұжымдастырының ауызбіршілігімен, еңбектегі табандылығымен байланыстырады.
– Бүгін жылдағы дәстүр бойынша алғашқы дән себу рәсімін бастап жатырмыз. Жыл сайын Алланың қалауымен жұмысымыз да жандануда. Бұйыртса, биыл да межелеген өнім алуға қам жасаймыз. Техникалардың барлығын жаңалап үлгердік. Мұның бәрі өнім сапасына да қолғабыс болады. Бірақ, мен шаруашылықтың жеткен жетістігін алдымен өзімнің әріптестерімнің ауызбіршілігімен байланыстырамын. Мұндай құрылғылар келмеген жылдары да ұжымдастарым керемет еңбектің үлгісін көрсетті. Қандай бастаманы қолға алсам да маған қолдау білдіріп отырды. Бұл өз кезегінде істің алға басуына сеп болды. Алдағы уақытта да осындай ауызбіршілікпен әлі де оң жетістіктерге қол жеткіземін. Басты мақсатым – қолдау білдіретін әріптестерімді жерге қаратпай, әр қадамымды нық басу,– дейді Ә.Бекжанов.
Расында, мұндағы берекенің бастауы бірлікте екенін аңғаруға болады. Барлығы бір үйдің баласындай өз ісіне беріліп жұмыс жасап жатыр. Кезекті нөмірге мұндағы еңбек адамдарының жұмысын жариялармыз деген мақсатпен бір-екеуін әңгімеге де тартып көрдік. Барлығы да басшылық тарапынан үлкен қолдау барын айтады. Ұйымшылдықпен іс қылған әріптестеріне Әліби ағамыз да дән риза, жарқын жобаларға оң қадаммен беталған төрағаның тынымсыз еңбегіне ұжымның да көзқарасы жаман емес. Бізді дала дүбірімен бірге тәнті еткен керемет көріністің бірі осы болды.
Әліби ағамыз Сыр салысын өсіруде үлкен жетістікке жетті. Бірақ, кәсіпке біржола қадам басқан ол бір саламен шектелуді құп көрмеді. Ауыл іргесінен әрірек орналасқан 6 гектар алқапты қалыпқа келтіріп, алма бақ ашуды мақсат етті. Осыдан 3-4 жыл бұрын қолға алынған жарқын жоба өткен жылы жемісін берді. Бұйыртса, мұндағы өнімді нарыққа шығаратын күн де алыс емес.
6 гектар жабайы алқапты қалыпқа келтіріп, жасыл желекке айналдыру оңай шаруа емес. Бұл бастаманы қолға аларда сенімсіздік танытқандар да болды. Алайда, «тәуекел» деген бір сөз осындай үлкен шаруаның ширауына сеп болды. Дән себу рәсімінен кейін меймандар алма бақ жұмысымен де танысты. Бұл жайында және ондағы бағбандардың күнделікті жұмысы төңірегінде басылымның келесі санында қалам тербейміз.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.