» » САЛАҒА СЕРПІН ӘКЕЛГЕН МАМАН

САЛАҒА СЕРПІН ӘКЕЛГЕН МАМАН

Аудан еңбеккерлері ауыл шаруашылығы саласы бойынша тындырымды іс жасап, толағай табысқа қол жеткізіп жүр. Бұл сөзімізді жыл сайын жалағаштықтардың рекордтық өнімге қол жеткізуі қуаттайды. Олардың жаздың аптап ыстығында атыздық басында еңбек етуі, қай мезгілде болмасын қайнаған жұмыстың ортасынан табылуы салаға серпін әкелді. Бірі басты дақылды күтіп-баптаудың қыр-сырын еркін меңгерсе, енді бірі бітік шыққан өнімді шығынсыз жинап алудың қамын жасайды.
Қарап отырсақ, шаруашылық жұмысы бір күрішшімен немесе техника тізгіндеген маманмен біте қоймайды. Ең бастысы, жұмыла жұмыс жасау маңызды. Біз бұған Аққұм ауылындағы «Абзал и Ж» ЖШС-на жасаған сапарымызда көз жеткіздік. Алқапта алғашқы орақтың қамына кіріскен серіктестік ұжымы еткен еңбектің жемісін көрер күннің таяғанына қуанады. Ақсақалдардың батасынан кейін комбайншы Ербол Елшібаев егінге бірінші болып орақ салды. Соңғы 2 жылдан бері «Макдон» көлігін тізгіндеген жігіттің майталман маман екені жасаған жұмысынан-ақ көрініп тұр. Көктем келсе жер жырту, жаз болса жоңышқа басу Ербол үшін таңсық жұмыс емес. Себебі, білікті маман бұл саладағы техникалардың қай-қайсысын болсын еркін меңгерген.
Жас та болса тәжірибесі мол маман бұған дейін бірнеше шаруашылықта жұмыс жасап, ондағы істің ілгерілеуіне белсене атсалысты. Кезінде ескі техникалармен де жұмыс жасаған Ербол қазір ауыл шаруашылығы саласында еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалғанын айтады.
– Серіктестік құрылғалы осында жұмыс жасап­ келемін. Бұған дейін Ақсу ауылындағы шаруа­шы­лықтардың бірінде бірнеше техника­ тізгін­дедім. Қа­зір табылған жұмысты жатсынбай іске кірісу қа­жет. Мұнан ұтпасаң, ұтылмайсың. Осыған дейін мен бір салада бірнеше жұмыс жасадым. Жаман болғаным жоқ қайта тәжірибе жинадым. Бұл салада еңбек етемін деген жанға бүгінде барлық жағдай жасалған. Құрылғанына екі-ақ жыл болған осы шаруашылықтың өзі барлық техникаларын жаңартып үлгерді. Ал, егін саласында бұрыннан қолтаңбасы бар жергілікті шаруашылықтардың жағдайы айтпаса да белгілі. Сондықтан, қазіргі жас­тар мұндай жұмысты жатсынбай саланың серпін алуына атсалысуы қажет деп ойлаймын, – дейді ол.
Ербол жаңа техникалардың көне көліктерге қарағанда сапалы жұмыс жасайтынын айтады. Оның сөзінше, кейінгі шыққан техникалар ескі комбайндарға қарағанда өнімді шығынсыз жинап алуда маңызды рөл атқарады. Өзі тізгіндеген «Макдон» көлігі бұрынғы техникаларға қарағанда уақытты үнемдеу тұрғысынан және сапа жағынан да 3-4 есе артық жұмыс жасайтын көрінеді. Сондықтан болар, шаруашылық басшысында да егінді жауын-шашынға дейін жинай алмай қалам-ау деген қауіп жоқ.

К.БАЛҒАБАЙ.

18 қыркүйек 2018 ж. 879 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 660

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30