» » МАЙТАЛМАН МЕХАНИЗАТОР

МАЙТАЛМАН МЕХАНИЗАТОР


Көктем келсе жер жырту, тұқым себу, жаз ортасынан ауа бере пресс шөп дайындау. Бұл – механизатор мамандардың күнделікті жұмысы. Таңнан кешке дейін қайнаған жұмыстың бел ортасында жүретін олар ауыл шаруашылығы саласының ілгерілеуіне едәуір еңбек сіңірді. Қай жерде жүрсе де шаруаны ширататын бұл маман иелерінің жұмысы кез келген адам алып кететін іс емес. Техника тілін меңгерген механизаторлардың бір күндік жұмысымен танысу үшін өңірдегі «Сәрке батыр» шаруа қожалығына арнайы атбасын бұрған едік.

1400 гектар алқапқа Сырдың басты дақылын сепкен шаруашылықтың шаруасы ширақ. Бұйыртса, мұндағы еңбек адамдары алтын күз таяған тұста қамбаны астыққа толтыратынына сенімді. Судан да тапшылық жоқ, күріш те бітік шыққан. Әрине, мұның бәрі – алдымен сүдігерлеуші маман мен күрішшінің күнделікті еңбегінің жемісі.
«Сәрке батыр» шаруа қожалығы бүгінде күрішті суға бастырып, жоңышқаның бірінші орымын да аяқтағалы отыр. Әзірге мал азығын әзірлеп жатқан механизатор мамандардың жұмысы қауырт. Бірі пресс басып атыздықты орылған жоңышқадан арылтса, келесісі оны елді мекендерге жеткізумен әлек. Қай-қайсысының жұмысына бір сәт көз салсаңыз олардың өз ісін жетік білетін білікті маман екенін аңғарасыз.
Барған бойда алдымен шаруашылық қызметкері Қадырхан Аханаевты әңгімеге тартқан едік. Майталман механизатор бұл шаруашылықта 20 жылдан астам уақыт трактор тізгіндеген. Сол уақыттан бері жеткен жетістіктері де аз емес. Қадырхан ағамыз басшылық тарапынан барлық жағдай жасалып отырғанын айтады. Мол өнімге қол жеткізуді дәстүрге айналдырған серіктестік жыл сайын базадағы техниканы да жаңартуды күн тәртібінен түсірмеген көрінеді.
– Бұл шаруашылықта жұмыс жасағаныма 20 жылдан асты. Басында ескі техникалармен де қиын күндерді бастан өткердік. Ескінің аты ескі ғой, бұзылмай тұрмайтын. Ал, қазір ше, бүгінде барлығымздың астымызда жаңа техника. Шаруашылықта жұмыс жасауымызға барлық жағдай жасалған. Былтырғы еңбегіміздің жемісі жаман болған жоқ. Бұйыртса, биыл да солай болады деп сенеміз. Әзірге күріштің көгі көңілді қуантады. Біз ауылдық елді мекендер барда ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуіміз керек. Оның үстіне біздің өңір де аграрлық аймақтар қатарында, – деді механизатор маман.
Өз ісінің шебері Қадырхан Аханаев бұл салаға жастардың келгісі жоғын айтады. Оның сөзінше мемлекет барлық жағдай жасап жатқанда кейінгі буынның бұл көзқарасы орынсыз. Ағамыздың осы сөзін біз де жоққа шығара алмадық. Себебі, шаруашылықтағы әріптестерінің басым көпшілігі өзі қатарлы аға буын өкілдері. Расында бұл сала аса төзімділікті талап ететін болса, ертеректе ескі техникалармен әлек болған осы кісілер жұмысын тастап кетер еді. Бұрыннан бұл салада еңбек еткен ағалардың бүгінгі тіршілігі біздің буынға үлгі болуы тиіс.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.

04 тамыз 2018 ж. 1 262 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930