» » ТІГІНШІЛІК – ҚОЛ МЕН ҚИЯЛДЫҢ ЕҢБЕГІ

ТІГІНШІЛІК – ҚОЛ МЕН ҚИЯЛДЫҢ ЕҢБЕГІ

Көкте күн күлген көктемнің алғашқы мерекесі барша адамзатқа мейірім мен жылылық әкеледі. Біз де мереке қарсаңында «Өркен Әлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, көңілдері көктемдей көрікті әйелдерді төл мерекелерімен құттықтап қайттық.
Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі. Төзімділік пен ыждаһаттылықты қажет ететін мамандық. «Өркен Әлем» ЖШС «Арнайы киім тігу шеберханасының» бүгінде жұмысы ширақ. 2016-2017 жылдары құны 38,2 млн теңгені құрайтын бұл жобаға «Серпін» индустриалды өндіріс аймағынан 1 гектар жер телімі берілген. Арнайы киім тігу шеберханасында қысқа мерзімді тегін кәсіптік білім беру бағдарламасының аясында 15-ке жуық адам тігінші мамандығын оқып, қазіргі таңда тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
– Бұл жерде жұмыс істейтін ісмерлердің барлығы арнайы маман иелері. Серіктестік арнайы мемлекеттік тапсырыспен әскери киімдер тігеді. Әскерилердің үстіндегі киімдер барынша ыңғайлы, төзімді және кез келген ауа райына қолайлы болуы тиіс. Сондай-ақ, адамның қимыл-қозғалысын шектемей, еркіндікті қамтамасыз етуі керек. Тігін орталығы да осы ережелерге сай, сапасы сын көтеретін тауар дайындап сонау Алматы қаласына дейін жөнелтіп отырады. Бұл ұжымда 13 тігінші, 1 пішуші, 1 меңгеруші барлығы жиырмадан аса қызметкер жұмыс жасайды, – дейді шеберхана директоры Ж.Өзденбаев.
Тігін шеберханасының бір күндік жұмысымен танысу барысында оққа төзімді әскери киімнің дайындау жобасымен таныстық. Шеберхананың тігіншісі Жеңіс Нұрмаханова 1986 жылдан бері тігінші болып жұмыс жасап келеді. Қазірде өз ісіне маманданған Жеңіс апай шеберханаға жаңадан келген жастарға бар білгенін айтып, тігіншіліктің қыр-сырын үйретіп келеді.
– Менің ине мен жіпті серік еткеніме 30 жылдан асты. Өз мамандығыма, жұмысыма аса жауапкершілікпен, құрметпен қараймын. Әскери киімдерді тігу, пішу оңай шаруа емес. Бас киімдер, сырт киімдер және оқ өтпейтін күртешелер (бронежилет) тігеміз. Осында жұмыс жасап жатқаныма бір жылдан асты. Қысқа мерзімді тегін кәсіптік білім беру бағдарламасының аясында 3 ай оқып, тәжірибе жинақтадық. Жолдасым екеуміз отбасында 5 бала дүниеге әкеліп, өсірдік. Бүгінде олардан 3 немере сүйіп отырмын. Аллаға шүкір, аяулы ана, бақытты әйел, асыл әжемін. Өзім қалаған, жауапкершілігін сезінетін жұмысым бар. Ешқашан шаршап, шыдамсыздық танытып, бел ортасынан тастап кеткен емеспін. Өйткені, тігіншілік көптің қолынан келе бермейтін іс. Шеберханадағы жастарға да осыны айтамын. Ұжым болып абыройлы жұмыс жасауға, барлығына уақытында үлгеруге тырысамыз, – дейді Жеңіс Мүсілқызы.
Иә, әскери киімдерді пішу, тігу оңай шаруа еместігіне көзіміз жетті. Бірақ, бір байқағанымыз, темірдей қатты киім тігетін шеберхана тігіншілерінің жүрегі нәзік, жылыжүзді екендігі. Шеберліктің қыр-сырын меңгерген, тәжірибелері мол, жүздері бал-бұл жанған аналарды, қыз-келіншектерді көргенде, шеберхана ішін өзіндік сұсы бар әскери киімдер толтырған бөлменің суықтығы сезілмейді. Ең бастысы бұл орталықтың мақсаты айқын, жұмысы ширақ.
Расында, аудан орталығында тұрып, сонау Алматыдан тапсырыс қабылдау, әскери киімдер әзірлеу үлкен жұмыстың нәтижесі. Шеберхана директоры тапсырыс көлеміне қарай алдағы уақытта жұмысшылар санын арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Біз де, шағын ғана ұжымның алдағы күндері тәжірибелері артып, мүмкіндігі молаяды деп сенеміз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
Маханбет Ахметов (сурет).

07 наурыз 2018 ж. 1 681 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930