Күріш пен ырыс
Күз келсе қырманы астыққа толатын аймақтың бірі – Жалағаш. Аграрлық өңірдің әлеуетін арттыруда тындырымды іс жасау аудан тұрғындарының күнделікті кәсіп көзіне айналған.
Өткен жылды өңірдегі «Байтабын» ЖШС үлкен жетістікпен тәмамдады.
Осы дәстүр биыл да жалғасын табатын сыңайлы. Бұл сөзімізді шаруашылыққа қарасты алқаптағы күріштің бітік шығуы қуаттайды. Егінге орақ салған байтабындықтар жылдағы дәстүрді биыл да қайталауға бел буып отыр. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жалағаштықтардың ауыл шаруашылығы саласында еткен еңбегін жоғары бағалап, биыл да табысты жыл болсын деген тілегін жеткізді.
– Аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосып келеді. Егін шаруашылығы бойынша аудан диқандары рекордтық өнім алуды дәстүрге айналдырып, қамбаны қазынаға молайтуда. Астық – ел байлығы. Бүгінде Сыр өңірінде еңбек дүбірі басталды. Аудан диқандары Сыр салысын орып, одан алынған өнімді қамбаға құйып алуға білек сыбана кірісуде. Биыл аудан диқандары 36 315 гектар жерге егін орналастырды. Оның ішінде біздің негізгі дақылымыз – күріш 22 366 гектарды құрап отыр. Сондай-ақ, 401 гектар жаздық бидай, 60 гектар арпа, 2200 гектар мақсары, 4559 гектар жаңа жоңышқа 635 гектар картоп, 678 гектар көкөніс, 1001 гектар бақша дақылдары егіліп, 4418 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды. Ауа райының қолайлы кезінде егінді ысырапсыз жинап алуда барлық техника да сақадай сай. Алдын ала жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі қадағаланды. Енді уақытпен санаспай жауапты науқанды өткізу баршамыздың міндетіміз. Оны ойдағыдай атқарып шығуға, әрине, жалағаштықтардың қажыр-қайраты жетеді. Істеріңізге береке, жасап жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Ауыл тұрғындары үшін диқаншылықтың орны ерекше. Сондықтан, егіс алқабында тер төгіп жүрген жерлестеріміздің абырой биігінен көрінуіне тілектеспін. Еңбектеріңіз жанып, жұмыстарыңызға Алла береке берсін, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі шаруашылықтың да жылдағы жұмысын жоғары бағалап, аталған саланың ілгерілеуінде өзіндік қолтаңбасы бар серіктестік екенін де тілге тиек етті. Мұнан кейін абыз ақсақалдар батасын беріп, алғашқы орақ та басталды.
Былтыр байтабындықтар үшін жаман болған жоқ. Өткен жылы гектарынан 67 центнерден жоғары өнім алған олар биыл да сол межеден көрінуді көздеп отыр. Тек Сыр салысын өсірумен шектелуге болмайтынын түсінген шаруашылық басшысы биыл 50 гектар мақсары мен 60 гектар арпа екті. Олардың да шығысы бітік. Күріштің де күрмексіз тегіс бас алу мұндағы еңбеккерлердің сапалы жұмыс жасағанын аңғартады. Шаруашылық басшысы Сапар Мыханов бүгінде 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауқымды іс тындырған еңбеккерлері айлығынан бөлек қомақты қаражатқа қол жеткізеді. Игі дәстүр шаруашылық құрылғалы жалғасын табуда.
Жұмыстың жүруі алдымен азаматтардың табандылығына және ондағы техникалардың сапалылығына байланысты. Мұны ескерген шаруашылық басшысы да мұндағы техникалардың барлығын жаңартып үлгерген бе дейсің. Көне көліктер жоқтың қасы. Жұмысшылар да дән риза. Серіктестіктің техникалық базасын аудан әкімі де жоғары бағалады.
Иә, биылғы алғашқы орақ салу рәсімі осындай көтеріңкі көңіл-күймен басталды. Соңы да нәтижелі болады деп сенеміз. Бұйыртса, алтын дән мерекесі аудан үшін табысты той болғалы тұр.
К.БАЛҒАБАЙ.