Жұртым «жол жөнделсе» дейді
Аудандық "Жалағаш жаршысы" газетінің 85 жылдығына орай редакция ұжымы оқырмандармен кездесулер ұйымдастыруды қолға алған еді. Мақсат – олардың басылым бетінде жарық көріп жатқан мақалаларға қатысты ойларын білу, "алдағы уақытта тағы қандай дүниелерді тілшілер қауымы қаламына арқау еткенін қалайды?" деген сауалға жауап іздеу. Біз үшін «мен «Жалағаш жаршысын» оқимын» деген әрбір тұрғынның пікірі маңызды. Сол себепті, кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселерге басылымның осы санынан бастап кезек бергенді жөн көрдік.
Межеленген уақытымыз бойынша оқырмандармен жүздесудің алғашқы күні Жаңадария, Есет батыр және Еңбек ауылдық округтерінен бастау алды. Жарты ғасырдан астам тарихы бар Жаңадария ауылында қоғамдық көлікке қатысты бірқатар мәселе айтылған еді. Қазіргі таңда редакция ұжымы ауыл мен аудан арасын байланыстыратын қоғамдық көлікке қатысты мақала әзірлеуде. Ал, кезекті Есет батыр ауылындағы кездесуге берейік.
Білім ошағына жиналған оқырманның қарасы қалың. Олардың ауданның айнасына айналған "Жалағаш жаршысы" газетіне қатысты пікірлерін естіп біз де бір қуанып қалдық. Аламесектік ағайынның айтуынша, редакция ұжымы жеткен жетістіктер мен қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты дүниелерді газет бетінде қатар қамтып келеді. Сондай-ақ, Жалағаш топырағында туып, еліне қалтқысыз қызмет еткен біртуар азаматтардың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға басылым арқылы насихаттау да бір жолға түскен. Ғасырға жуық тарихы бар басылымның 85 жылдығымен құттықтаған ауыл тұрғындары елді мекендегі бірқатар мәселелерді де редакция ұжымының назарына салды.
Жергілікті халықтың айтуынша, қазіргі таңда тұрғындарды жол мәселесі толғандырып отыр. Әрине, барлық көше емес, орталық көшелердің бірқатары асфальтталса, келесілеріне жарық та жүргізілген. Дегенмен, ауылдың "Көкпая" сынды бірқатар көшесі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрған көрінеді. Оқырмандардың өтінішімен арнайы барып, сол жолмен біз де жүріп көрдік. Жүріп көрдік деген жәй сөз болар, сол жолға дейін бардық. Ал, әрі қарай көлікпен бара алмаған біз жергілікті халықтың бұл жолдың ахуалын айна қатесіз айтқанына көз жеткіздік. Ауыл тұрғындары асфальтты армандамайды, "жай тас төселсе де көлікпен де, жаяу да жүруге жайлы болар еді" дейді.
Бұл көшенің сапасына қаныққан соң жұмысқа келген бойда ауыл әкімімен байланыс орнатқанды жөн көрдік. Осы жолға қатысты мәлімет сұрағанымызда ауыл әкімдігі бұл көшеге биыл жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Тіпті, қаржысы да қаралған. 11 млн теңге бөлінген көшенің құрылыс жұмыстары бұйыртса, көктем не жаз айларында қолға алынады екен. Бұл биылғы жылдың жоспарында бар жұмыс. Ал, ауылда мұнан өзге де жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрған көшелер жоқ емес. Жаңағы жолдың жағдайымен танысып, орталық көшемен келе жатқанымызда сол жақта бір көліктің жолдан шыға алмай жатқанын көрдік. Облыс орталығынан газ тасымалымен келген маман балшыққа батып қалғанын айтты. Бұл орталық көшеге шығатын бір жолдың тармағы ғана. Бір қуақы тілді ауылдың айтқышы "Көлік мінейін десем, көше жоқ" деген екен. Жаңағы көшеге қарап осы бір жолдардың авторы "осы жолдың бойында тұра ма?" деп қаласың. Биыл ауылдағы бір көшеге жөндеу жұмыстары жүрсе, осындай басқа да бірқатар жолға кезек беріліп қалар. Әліптің артын баққан да абзал шығар, кім білсін?..
Тасыған ӨМІР.