Бір-бірімізге жанашыр болайық!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды. Бұл құптарлық жағдай. Себебі індеттің беті қайтқанымен оны әлі де толық жеңген жоқпыз.
БАҚ-тан күнделікті оқып-біліп отырғанымыздай 5 шілдеден бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендеген. Стационарлардағы емделушілердің қатары, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны азайғаның естіп, еңсеміз көтеріліп қалды. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеп отыр.
Мемлекет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты түйткілді мәселелер жөнінде өткізген кеңес отырысында үкімет басшысы Асқар Мамин дертке шалдығу және адам өлімі, медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапасы, халықтан тест сынамасын алу деңгейі, интенсивті терапия және реанимация палаталарының қажетті дәрі-дәрмектермен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі секілді негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердегі ахуалға жүргізілген күнделікті мониторинг жайында Президентке мәлімет берді. Шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында нақты істер қолға алынып отыр. Бұл біз үшін үлкен жеңіс. Бірақ, әлі де босансуға ерте. Өйткені карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Себебі бұл біздің елге ғана емес, әлемге төнген қауіп. Сондықтан сабыр сақтап, жақындарымыздың амандығын ойлайық.
С.БЕРТАЕВ,
ардагер-журналист
Жалағаш кентінің тұрғыны.