» » » ЖЕТІ АТАСЫН БІЛГЕН ҰЛ

ЖЕТІ АТАСЫН БІЛГЕН ҰЛ

Қай қоғамда болмасын өткен тарихымызды білмей алға қадам басып жылжу мүмкін емес. Кез келген елдің, жердің тарихы болады. Кейінгі ұрпақ қателеспес үшін тарих бұрмаланбай нақты дәйектемелерге сүйеніп жазылып қалуы тиіс. Қазақ халқының тарихын білу үшін қазақ шежіресіне жүгінетініміз рас. Қазақ шежіресі туралы не білеміз? Осыған байланысты және үш жүзге, руға бөлініп, жеті атаны білу туралы өз ойымды білдіре кетейін.

XV ғасырда Қазақ хандығы құрылуына байланысты қазақ халқы біртұтас халық болып қалыптасты. Бұрын ол өзін толықтырған белгілі рулық-тайпалық елдер атымен тарихқа, сол арқылы дүние жүзіне танылған болса, ендігі жерде тіл, аумақ, мінез-құлық, әдет-ғұрып тұтастығы бар халыққа айналған еді.
Қазақ шежіресі бойынша қазақ халқы Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз болып бөлінуден бұрын «Ақарыс», «Жанарыс», «Бекарыс» деп бөлінген. Ақарыс – Ұлы жүз, Жанарыс – Орта жүз, Бекарыс – Кіші жүз делінеді. Бұлай бөлінуі – жыл тұрмақ ғасыры анық емес, алыс заманның ісі.
Бір аңызға құлақ түрсек, қазақты үш жүзге Майқы би деген адам бөліпті. Ол Ұлы жүз үйсінге «жалау», Орта жүз арғынға «көз», Кіші жүзге алшынға «найза» таңбасын тасқа ойғызыпты.
Мұның өзі қазақ халқын толықтырған ру-тайпалардың үш жүзге бөлінуі ХV ғасырда қазақ хандықтары құрылудан бұрын-ақ басталғанын көрсетеді.
Қазақ шежіресі атам заманнан бергі қазақтың ауызша тарихы болғандықтан, оның дәуірлер тарихын зерттеуде және жазуда рөлі зор, әсіресе шежірелік таратуға қоса айтылатын шежірелік аңыздардың құнын төмен мөлшерлеуге болмайды. Шежіре-деректерді әлі де жинау, реттеу және үзбей баспадан шығарып отыру алдағы жерде кезек күттірмейтін міндеттің бірі болуға тиіс.
Қазақта «Руын – не қу жасырады, не құл жасырады» деген сөз бар. Қазақ халқының бөлінбес бір бөлігі, бірақ жүзге жатпайтын – Төре, Төлеңгіт, Көлеген, Қожа, Сунақ деген өз таңбалары мен ұрандары бар рулар бар. Соңғы кезде интеллигенция арасында «руды айтпайық, руға бөлінбейік» деген сөздерді баспасөз бетінен кездестіріп жүрмін. Дұрыс, руға бөлініп, таққа, лауазымдық орындарға таласу, сыбайлас жемқорлық әрекеттерге баруға мен де үзілді-кесілді қарсымын. Бірақ біздің интеллигенцияның бір жақты кетпей, мәселенің екінші жағын да ескергендері дұрыс болар еді.
Қазақтар атам заманнан бері өз ұрпақтарына жеті атасының аты-жөнін, атамекенін, өз руынан шыққан белгілі батыр, би, жақсыларының есімін айтып, үйретіп отырған. Жеті атасын үйрету атадан балаға жалғасып келе жатқан тәрбиелік дәстүр. Мұның қандастық жағынан алғанда да үлгі боларлық зор қызметі мен маңызын халқымыз ерте түсінген. Жеті ата тәртібі туысқандық, ағайындық бірлікті, ынтымақты нығайтып, қиындықта бір-біріне демеуші, қамқоршы және қуанышты да, реніш-қайғыны да бірге көтерісіп бөліседі. Мұндай туыс-туған арасында орынсыз жанжал, ұрлық, барымта, зорлық-зомбылық сияқты жат әрекеттер болмайды. Яғни жеті ата ұғымы мен жолының ағайын арасындағы үзілмес бірлікте, бұзылмас тектілікте, беретін тәрбие-тәлімі зор.
Қазақ әр сөзге мән берген, олай болса «жеті ата» деген сөзде «ата» деген сөз бар. Жеті атаға баласын, немересін, шөберелерін қосса, енді біреулер өзін қосады. Өзі де, баласы да, одан кейінгі ұрпақтары да «ата» деген ұғымға жатпайды. Жеті ата деген ұғымға әкеден бастап жоғарыға қарай есептелінеді. Бұл ата-бабамыздың айқындап салып кеткен сара жолы, ол талқылауға, кейбіреулер жазып жүргендей бұрмалауға жатпайды. Қазақ генофонын таза сақтау үшін, жеті атаға толмай қыз алыспаған, сондықтан да әр ұрпақ жеті атаны білу міндетті болған. Қазақ арасында «жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары» деген мақал осындайдан қалған. Жеті атаны білу дәстүрін сақтау – бұл жай көп салттың бірі ғана емес, ғылымда – биологиялық заңдылығы да бар. Жеті атадан өтіп, қыз алыспақ шаққа келгенде ел-жұрт болып көк қасқаны сойып, не ақ бие бауыздап, ақсақалдар қанымен қолын жуып, рұқсат етіп бата беретін болған.
«Жеті ата» дәстүрі қан алшақтығын қадағалайтын барометр іспеттес. Генетика заңы бойынша сегізінші атаға келгенде туыстық қан артықтығы қалыпқа түседі. Қан алшақтығын сақтамау ұрпақты аздырып, тоздыруға әкеліп соқтыратынын ежелден біле білген қазағымның ақыл-ой өрісіне таңданбай көріңіз. Жеті атадан өтіп, Ата-бабаларымыз жеті атаны білу жөнінде айтар ойын жинақтап, оны мына бір ауыз сөзбен жеткізіп кеткен.
«Жеті атасын білген ұл,
Жеті жұрттың қамын жер.
Жеті атасын білмеген,
Құлағы мен жағын жер»,– дейді халық даналығы.
Ата жолын сақтап, балаларымызға руын, жеті атасын айтып үйрету, әр ата-ананың парызы екенін ұмытпайық.

Серік БЕРТАЕВ.


21 наурыз 2018 ж. 2 778 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930