Әжемнің әңгімесі

Әжем бала кезімде қызық әңгімелерді өте көп айтатын. Соның әсерімен кейде қиялға беріліп, көзім ілініп кетуші еді. Жылы ұяда қиялыңды тербейтін сондай керемет ертегі әңгімені де, әжемді де сағынып, балалық шаққа ойша саяхаттаймын. Түс ауған шақта әжем бір күні өзі жүн иіріп отырып маған әңгіме айтты. Бір адам емдейтін емшінің басынан өткен оқиғасы екен. Біз кейде ондай киесі бар кісіні тәуіп деп те атаймыз ғой. Ауылдың адамы болса керек. Кәсібі емшілікпен өткен.

Ол кісі өте кедей тұрыпты. Тапқаны перзенттерінің тамағына әрең жетеді екен. Сол емші «қай ауыл болсын біреу қатты науқастанып жатыр» деп шақыртушы кел­се, бар шаруасын тастап, ауырған адам­ды емдеуге кете береді екен. Ауыл арасы екі-үш күндік жол болса да, “бармаймын” демейді екен. Кейде айлап жоқ болып кететін көрінеді. Емі үшін ақы берсе, аз-көп демей алады, бермесе, өкпе артпай қайта береді. Жұбайы да «бала-шағаңды аш-жалаңаш қалдырып қайда барасың, қашан келесің?» деп сұрамай, ошағына ие болып, қара шаңырақта қала береді екен.

Арада жылдар өтеді. Бір күні науқасты емдеп, көрші ауылдан қайтқан емші үйіне ақ түйе жетектеп келіпті. Шамасы бота­ла­­ғанына көп болмаған. Желіні толып тұр екен. Емшінің айтуынша, қыр астында кез­дескенде түйенің қасында ботасы бол­ма­ған. Түйе де ботасын іздеп ешқайда мойын созбаған көрінеді. Маңайға көз жүгіртіп, ботасы көрінбеген соң түйені үйіне әкелген көрінеді.

Құдайдың құдіретімен қанша рет сауса да әлгі түйенің сүті сарқылмапты. Бала-ша­ға­сымен қосылып ішіп тауыса алмайды. Төртінші күні көрші ауылда бір байдың ба­ласы науқастанып, шабарман жіберіп ем­шіні алдырыпты. Емші байдың баласын үш күн емдеп, науқасынан айықтырады. Бір күн қонақ етіп, риза болған бай емшіге бұ­­зау­лы сиыр береді. Емші үйіне келсе түйе көрінбейді. Әйелінен сұраса, «қайда кеткенін білмейміз, таңертең тұрсақ, ор­нын­да тек бас жібі қалыпты» дейді. Күн кеш болып қалған соң емші «ертең іздермін» деп ойлайды.

Сол түні емші түс көреді. Түсінде кеше ғана үйінен жоғалған ақ түйені мінген, ақ сақалды қария кезігеді. Қария «Түйенің бас жібін қалдырдым. Ол – сенің шаңырағыңа нәсіп еткен ырыс-береке. Ол жіпті еш­те­ңеге пайдаланба. Үнемі үйіңнің төріне іліп қой. Егер ол жіпті басқа біреуге берер болсаң, ырыс-берекең кетеді. Егер жіпті бөлсең, ырыс-берекең бөлінеді. Егер осы айтқанымды орындасаң, ұрпағың 70 жыл жоқтық көрмейді» дейді. Оянып кетсе, түсі екен. Әйелінен түйенің бас жібін сұрайды. Түн ортасы болса да, қорада қазықта қал­ған жіпті әкеліп төрге іліп қояды. Таңер­тең тұрған соң әйел бала-шағасын жинап «мына жіпке ешқашан тиісуші бол­маңдар, тіпті мен өлгеннен соң да төрде ілулі тұрсын» деп тапсырады.

Сол күннен бастап, емшінің қорасына мал жинала бастайды. Барған жері құр қайтармайды. Сөйтіп әрі-берісі он жылдың шамасында емші сол аймақтағы малды кісі­лердің біріне айналады. Ол 90-нан ас­қан шағында өмірден озады. Бая­ғы түйенің бас жібі қарашаңырақта, үл­кен ұлдың қолында қалады.

Арада 5-6 жыл өткенде емшінің кемпірі де қайтыс болады. Кемпір өлген соң бала­лар­дың арасында жік туады. Бар ырыс-берекет түйенің бас жібіне байланғанын біл­ген емшінің өзге ұлдары «түйенің бас жібін тең етіп бөліп аламыз» деп шу шығарады. Үлкен ұл әкесінің айтқан өсиетін естеріне салып, «егер жіпті бөлсек, ырыс-берекеміз бөлініп кетеді. Онда бәріміз бұл күнімізге зар боламыз» дейді. Алайда інілерінің бірі ағасын жақтаса, енді бірі ағасымен келіс­пейді. Туысқан жеті жігіттің арасында ұрыс-керіс көбейеді. Береке-бірлігі қаша бастайды. «Бұлай кете берсе арамыз мүл­де ажырап кетер» деп жіпті інілеріне бөліп беруге ұйғарады. Ертеңінде інілерін шақырып ойын айтады. Інілері ағасының ойын құптайды. Сөйтіп, түйенің бас жібін теңдей етіп, жеті бөлікке бөліп алады. Бі­рақ айналасы он жылға жетпей жеті ба­ла­ның да қорасында мал қалмайды.

Әжемнің айтуына қарағанда, түйенің бас жібін бөліспек болғанда үлкен ұлы түсінде әкесін көреді. Әкесі «жіпті бөл­меңдер» дейді. Бірақ емшінің үлкен ұлы «түс көрдім, әкеміз жіпті бөліспеуді сұрады дегеніме бәрібір сенбейді. Жіпті өзіне алып қалу үшін ойдан шығарып отыр деп ойлайды деп інілеріне айтпаған. Сөйтіп, әкенің өсиетін тыңдамаған ұлдар қарғысқа ұшыраған» дейтін әжем. Кім білген, бәлкім сол күні емшінің үлкен ұлы әкесі түсіне кіріп, жіпті бөлмеуді сұрағанын айтса, іні­лері иланар ма еді?

Негізі, әр отбасында ырыс-берекенің ұйыт­­­қысы болып тұратын үлкенді-кішілі қа­­сиетті дүниелер болатын көрінеді. Егер сол дүние кетсе, ырыс-береке де ке­те­ді. Сон­дықтан қолдағы әрбір дүниені қас­тер­леп, ұқыпты ұстау қажет екен.

Әсіресе ата-бабаларымыздың киіз үйді, қарашаңырақты сатпа дейтіні сол екен. «Балам, бабадан қалған кейбір дүниенің киесі болады, соған абай бол, ботам» деп әңгімесін тәмамдады.

Шынында есте ұстар есті сөз болған соң ойымда қалыпты. Қазақ қасиетті халық қой. Біздікі осындай ойлы, салмақты дүниелерді ел естісін деген ниет.

Жандос ЖАЗКЕН

12 қазан 2021 ж. 764 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930