Тектілік тамыры тереңде

Адамзат басқа жануарлардан бұрын итті өзіне жақын тартқан. Баяғыдан жеткен жартас, үңгірлердегі итті ертіп, аң аулап жүрген адамдардың кескін бейнесі – соның дәлелі. Сондықтан ол да қазынаға баланған. Қазақ аңыздарында да алғыр тазыларды құмай құстың жұмыртқасынан шыққан, оның құстай жүйріктігі содан қалған деседі. Оларға тән ерекшеліктер көп. Елгезек, қозғалысы шапшаң, сирақтары жіңішке, алдыңғы екі аяғының арасы сәл дөңгелене біткен, бітімі шымыр, жүні сұйық, танауы үшкір, тікқұлақты, жонарқасы дөңестеу, көзқарасы сергек, тұяқтары ұзын да өткір, тістері ақсиыңқы.
Мұндай тұқымды «қарғыбауын» аямай беріп асырайды. Жасынан аң ұстауға, із кесуге баулиды. Мылтық үніне де ептеп үйретеді. Қарғыбау – күшік алудың кәдесі. Асыраушы адам ит иесінің балаларына сыйлық әкеледі. Енесінің итаяғына жем салып, күшігіне сүт жалатады. Төрелер мен сұлтандардың қымбат тазысына үй ішінен орын берілген. Кілемнің үстінде жатқан асыл тазылар туралы өткен ғасырда қазақ жерін аралаған саяхатшылар жазған. Ит қотанның берекесі саналғандықтан өзгеге беруге, сатуға болмайды. Қотаншыл итті «құтпан» яғни құттың басы деп еркелетіп, бағалап дәріптейді.
Жақсы ат, құмай тазы мен қатар, қыран бүркітті ұстау – серіліктің белгісі. Адамға үйренуі үшін бүркітті күні бойы қолға ұстап, жиі-жиі басынан, мойнынан сипай береді. Оны ортасынан жіппен байланған көлденең ағашқа отырғызады. Ырғалып тұрған ағаш бүркітті ұйықтатпайды.
Қыранның бір жерін ауыртып не қорқытсаң, шамданған құс иесін қанатымен сабалайды. Сондықтан құсқа «томаға» кигізеді. Әбден үйретілген бүркітті аңшы жотаның басына алып шығады. Ал серіктестері айғайлап түлкіні, қоянды үркітеді. Аңшы тұра қашқан аңға оның томағасын сыпырып қоя береді. Құс алдымен аспанға самғап ұшып, жемтігіне тік шаншылып түседі.
Тарихи деректерде Қасым хан 1520 жылы Жайық пен Еділдің арасында үлкен «салбұрын» жасаған. Бұл – қазақ хандарының жігіттер мен нөкерлерін жинап бір-екі айға далаға аңға шығуы. Қазақтың біз білмейтін небір рухани дүниелерін паш еткен салт-дәстүрлері неткен керемет. Міне, осындай ұлт мәдениетінің озық үлгілері дәуір тамырындағы тектілігіміздің дәлеліндей.
Жандос ЖАЗКЕН