» » » Абай әлемі – даналық әліппесі

Абай әлемі – даналық әліппесі

МІРЖАҚЫП Дулатов өз заманында «... Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артар. Бірінші ақынымыз деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» деп болашақты көрегендікпен болжаған болатын.

Расында Абай әлемі даналықтың, даралықтың, көсемдік пен көрегендіктің үлгісіндей. Жылдар өтсе де ғұламаның айтқан әрбір өсиетнамасы бүгінгі өмірімізге де үлкен сабақ боларлық дүние. Сондықтан «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...» деп ұлықтайтынымыз да, ардақтайтынымыз да Абайдың сананы жаңартқан, сан сауалдың жауабын табуға жөн көрсетер тағылымды сөздері, пәлсапалық ойлары өміріміздің бағдаршамы секілді. Оны бабамыз кейінгі ұрпақ сабақ алсын, қажетіне жаратсын деп, қағазға маржандай тізіп қалдырған. Егер кім бұл өмірде пендешілікке салынып адасса, тығырықтан жол таппай қиналса, Абайдың қара сөздерін немесе өлеңдерін оқыса, өзінің өмір жолына қандай да бір ғибрат алып, түзеледі немесе шырмауықтай шырмалған ойдың шешімін тауып, сергіп қалады. Сондықтан ұлы Абай қай қоғамда да ұстаз, ағартушы, терең философ бейнесімен тұлғаланады.

Ұлтымыздың ғұламасы өзінің он төртінші сөзінде «...Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе құдайға терістіктен не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?

Қараңызшы, қандай ұққанға ұлағат бұл. Кешегі қасіретті қаңтарда басбұзарлардың айтағына еріп, қаншама қазақ жігіттері сан соғып, қылмыстылар қатарына ілікті, тәртіп бұзды. Тәртіп бұзу деген ол сыпайылау айтылған нұсқасы. Өзінің туған жерін көркейтудің орнына азат елдің арман-мұраты болар кейбір жастар бүлікші боп, өз еліне сатқындық жасады. Әсем қала Алматыны, еліміздің алғашқы Астанасы болып даңқымен алты Алашқа әйгілі болған қаламызға қиянат жасады. Қаншама шығын келді. Туған қалаға шабуыл жасау, өзінің туған анасын қиянатқа қиюмен бірдей. Ондай жігіттер ертең өз анасына да қастық жасамайтынына кепіл жоқ. Жарайды, кеткен шығын орнына келер, жөнделер. Алайда сол елдің шырқын бұзған бұзақылар туған топырағын қалай алшаң басып, нанын жеп, адал асын бойына сіңіреді екен? Елдің ішін жегі құрттай іріткен қарақшы топ ұсталып та жатыр. Олар өзінің қатаң жазасын алуы керек. Бірақ ар соты оларды мазаламайтыны өте қиын. Міне, Абай философиясы осы олқылықты нұсқап тұр.

Енді Абай өзінің жиырма тоғызыншы қара сөзінде қазақтың кейбір мақал-мәтелдеріне сын көзбен қарайды. “Мақал екен деп қол­­дана бермей, мазмұнына қара” дейді ұлы философ.

«Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек, ол – арлы адамның ісі. «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген бар, ең барып тұрған Құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой. «Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды? «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны.

«Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек.

Текті сөзден түйін түйген Абай тағылымы шынында кез келген ұғымға сын көзбен қарап, таразылауға үндейді. Сондықтан Абай – ұлы, сол себепті Абай – дара, Абай – дана.

Енді отыз алтыншы сөздің уыты мықты. Ол адамның бойындағы ең аяулы болмыс ұятқа қатысты. «Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс я ақылға теріс я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол, ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япырым-ай, мына байғұсқа не болады, енді мұның өзі не болады» дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді. Біреуі сондай ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, біртүрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісі­нің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар.

Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Я болмаса «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтіп пе едің?» дейді. Болмаса «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» деп ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау.

Иә, сол ұяттылардың қатарында болсақ, Абай әлеміне де жақындап, оның таудай тұлғасын биіктетер едік. Сол заманда ұялмағандардың кесірінен данышпанның әзиз жүрегі қанша жараланды, қанша қайғырды. Ұлтым деп ұрандаған Абайдың жолы шырғалаңға толды, соқтықпалы соқпақсыз бұралаңы мен кедергісі көп заманның зарын да татты, азабын да көрді. Бірақ халқын сүйген жүрегінен тағылымды дүниелер өлең болып өрілді, жыр болып төгілді, кәусар бұлақтай руханиятқа шөліркеген қауым елдің сусынын қандырды. Бұдан артық қазаққа бақ болар ма? Ендеше Абайдың жолы – адастырмас шырағдан! Абай әлемі – даналық әліппесі!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА


25 қаңтар 2022 ж. 544 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 785

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031