» » » ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАЙЫҚ

ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАЙЫҚ

Жұмыр жер жаратылғалы әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзынсонар тарихы болады. Дүбірлі оқиғаларға толы тарихқа көз салсақ, адамзат қауымының бағыты мен бағдарына жол сызған, күллі әлемді өзгеріске түсірген нәрсе адамзаттың таным білімге үйірсек болған өркениетке ұмтылысы еді. Соның ішінде өнер – эстетикалық тәрбие берудің басты құралы. Себебі, өнер адамның рухани дамуы мен дүниетанымының қалыптасуына әсер етеді. Адамның ішкі жан дүниесіне сұлулық сыйлап, санасына сәуле құяды.

Өткен тарихыңды таразыламай, бола­шағыңның жарқын болуы неғай­был. Қазақтың тарихы, оның ішінде бізді кеңестік дәуірде оқытқан тарих біздің оқып, жазып жүрген тари­хы­мыздан мүлдем басқа тарих болып шықты. Кеңестік дәуірде «Қазақ­тарда мәдениет болмаған, бұлар тек малдың соңында жүрген көшпенділер болған, олар жабайы өмір сүрген т.б.» деген сияқты қасаң көзқарас қалыптастыруға тырысты. Алайда ас­пандағы айды алақаныңмен жа­сыра ал­майсың. Қазір жаңаша көз­қа­рас қалыптасып келеді. Бұл ма­­қа­ланы жа­зуға былтыр аудан төңі­ре­гіндегі бір­қатар тарихи-мәдени ескерт­кіш­терді аралаған сапарымыз түрткі болды.
Адамзат тарихындағы өркениет жазу, сызудан басталады. Алғашқы адамдардың жасаған бейнелеу өне­рінің үлгілері аяқ астынан пайда болған жоқ. Ол көптеген жылдар бойы дамып жетілген тәжірибе мен дәстүрдің негізінде пайда болды. Алғашқы бейнелеу өнері адамдардың тасқа қашап салған, тіршілік үшін жасаған еңбегіне, қоршаған ортасына табиғатқа және жан-жануарларға қатысты болды. Оларды ғылым ті­лінде петроглифтер деп те атайды. Петроглифтер дегеніміз – адам іс-әрекетінің формалары, жартастағы оюлар. Табылған петроглифтердің көпшілігі – Неолит кезеңі (Б.з.д. 10000-3000 жж). Бұл палеолит дәуірінен (б.д.д. 3 000 000-10,000) айырмашылығы, топтардың әлеуметтік, экономикалық және саяси ілгерілеуімен және оты­рық­шы режимнің енуімен сипат­талады. Петроглиф сөзі грек тілінен шыққан “петра” бұл тас және глиф жазу дегенді білдіреді.
Бірнеше мыңдаған жылдар бұрын Қазақстан жерінде мекен еткен ежелгі тұрғындар әр аймақта өмір сүріп, аң аулады, терімшілікпен айналысты, өз қоныстары мен қалаларын салды. Мұнда дөң баурайында, байыр­ғы су­ретшілер өздерінің на­ным­дары мен салт-дәстүрлерін бей­нелеп, бізге, ұрпақтарына таңға­жайып жар­тас картиналарын қал­дыр­ды. Әр өңір­дегі мұндай өнер туын­ды­ла­ры тас ғасырынан кейінгі орта ғасыр­ларға дейінгі адамдардың шаруа­шы­лы­ғы­нан, тұрмыс-салты мен жол-жо­рал­ғыларынан, дүниетанымынан хабар береді. Басты сюжеттері адам­дар­дың шаруашылық салаларын (аңшылық, балықшылық, т.б.), наным-сенімдерін сипаттайды.

Суреттерде пропорция сақтал­ма­ған, түз тағыларының кішкентай суреттерінің жанына одан бірнеше есе үлкен адам бейнесі салынған. Бұл өнер­дің мәні терең, бейнелері маз­мұнды болып келеді. Оларда аңыз әңгімелер, мифтік сюжеттер, қоршаған ортамен байланысты шаруашылық-тұрмыстық қарекеттер бейнеленді. Мысалы, «Азия дауысы» жобасының басты символы болған күнбасты құдай, жартастағы Ұмай ана бейнесі, топталған адамдардың алып жабайы аңдарды орға құлатып аулағаны, оны найзамен піскілеп өлтіргені, тіпті сонау сақтар дәуірінде атқа жегілген екі дөңгелекті арбадағы сарбаздың бейнелері де кездеседі.

Қазақстанда 200-ден астам жартас суреттерінің шоғырланған орындары белгілі болып отыр. Солардың ішін­де жан-жақты зерттеліп, ғылыми ай­на­лымға түскендері: Ақбауыр, Ар­­па­өзен, Баянжүрек, Ешкіөлмес, Қа­ра­­тау, Қойбағар, Майдантал, Мой­нақ, Таңбалы, Теректі-Әулие, Са­уыс­қандық және т.б. жа­тады. Пет­рог­лифтер – сонау тас дәуі­рінде қа­рапайым геометриялық сызық­тар­­дан бастау алып, ғасырлар бойы қазіргі ұрпақтарына жетіп, саналы өмі­­рі­міздің кәдесіне жарап, жалғасын тауып келе жатқан өнер.

Орта ғасырларда қазақ даласына ислам дінінің келуімен тіршілік иесінің жанды бейнесін салуға қатаң тыйым салынғандығына байланысты көптеген монументті балбал тастардың, жар­тас­тарға салынған кейбір бейне­лер­дің жойылып кеткендігін де жоққа шығара алмаймыз. Алайда бұл діни фанатизмнің әсерінен болған жағдай деп баға беруге болады. Себебі ислам діні келгенге дейін араб­тар Құдайға серік қосып, жап­пай пұтқа табынып кеткен еді. Сон­дықтан пайғамбарымыздың «Тірі жан­ның суреті бар үйге періштелер кірмейді» деп айтқан хадисін әдепкі мұсылмандар қатаң ұстанды. Тіпті Меккедегі қағбада 360 пұт тас мүсін­дердің болғандығы туралы тарихи деректерде бар. Алайда ислам өнерге шектеу қоймайды. Тек Құдайға серік қосудан сақтандырады.

Кейін Орта Азияда ислам діні­нің келуіне байланысты мешіт-мед­ре­селер көптеп салынып, архи­тек­туралық сәулет құрылыс өнері қарқынды дамыды. Заман өзгеріп, әр ғасырдың сәулет өнері тарихтың куәгері ретінде қалыптасты. Әсіресе Мәуреннахрдағы Бұхара мен Самар­қанд, Хиуа қалаларындағы мед­ре­селердің қабырғаларын көздің жауын алатын түрлі түсті глазурмен өр­нек­теп қаптау ерекше қарқын алды. Медереселердің басты пор­тал­дарында мозайкалық әдіспен салынған (Шер Дор, Надир Диуан­бегі медреселері) құстың, жолба­рыс­тың бейнелері кездеседі. Орта ғасырларда қазақ жерінде ға­сыр­лар бойы үздіксіз жалғасқан (Шың­ғысхан шапқыншылығы, жоңғар шап­қыншылығы, Ақтабан шұбырынды оқиғасы т.б.) соғыстың салдарынан сәулет өнері біршама тұралап қалды. Одан кейін соңғы үш ғасырдағы орыс­тардың отарлау саясаты да біраз зардабын тигізді. Орыс ғалымдары қазақ жерінде біршама ғылыми зерт­теу жұмыстарын құпия жүргізді. Олар­дың негізгі көздегені байлық еді. Қан­шама баға жетпес қымбат әрі аса құнды жәдігерлерлеріміз жасырын Эрми­тажға жөнелтілді.

Біздің Қызылорда облысының та­биғаты негізінен шөлейтті аймаққа жатады. Бізде тек Шиелі ауданы, Еңбекші аулынан шығысқа қарай 50 шақы­рым жерде орын тепкен қарт Қаратаудың соңғы сілемдеріндегі Сауыс­қандық шатқалындағы пет­ро­г­лифтер бар. Бұл жердегі пет­рог­лиф жазбаларының аумағы 500 гектарды құрайды. Ғалымдар мұнда 8-10 мыңға жуық тастағы жаз­балар мен бейнелер кездесетінін ай­тады. Былтыр «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жа­лағаш ауданының аумағындағы тізімге алынғаны бар, алынбағаны бар бірталай тарихи орындарды ара­ладық. Соның ішінде Жаңадария өзенінің бойындағы Сәтбай кесенесі мен қызылқұмдағы Қабылтам (Қантай ана) кесенелеріндегі суреттер ерекше назар аудартты.

Қызылқұмның перзенті, ақын Қуат Адис:
«Мен туған жерде өркеш те өркеш таулар жоқ,
Шыңдарын мәңгі жапқан қар» деп жырлағандай, біздің өлкеде тау тастар болмаса да, бұрынғы өт­кен бабаларымыз сол замандағы тұр­мыс тіршілігін өздері мәңгілік тыныс тапқан кесенелердің ішіне бей­нелеп қалдырған екен. Солардың бірі – Сәтбай кесенесі. ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ. Жаңадария ауылынан оңтүстік-ба­тысқа қарай 80 шақырымда орна­ласқан.

Кесене Сыр бойы қазақтарының «үйтам» үлгісі бойынша салынған, көлемі – 25х25х6 см. Ортағасырлық күйдірілген қыштардан тұрғызылған. Іргетасы мен табаны да сол кірпіштен қаланған. Кесене портал салу арқылы ерекшеленеді. Сыртқы көлемі – 8,20х8 метр. Жалпы биіктігі – 5,70 метр. Порталдың биіктігі 4,50 метр. Төрт бұрышына 4 мұнара тұрғызылған. Әрқайсының биіктігі – 3,60 метрден. Кесене көлемі – 6,10х6 метр, бір бөлмелі, төбесі күмбез болып келеді.

Бұл кесененің тағы бір ерекшелігі іші киіз үйдің жабдықталуына ұқсатып безендірілген және безендіру үшін архитектурамен тығыз байланысты монументальды живописьтің бір түрі қабырғаға салынған немесе сызылған «сграффито» суреттер техникасы пайдаланылған. Қабырғаларға сол кездегі қазақтардың көшін бейне­лейтін суреттердің фрагменттері па­но­рама үлгісінде майлы бояумен салынған. Суреттерде қой, жылқы айдалып, жүк артылған түйелер, сәйгүлік ат жетектеген атсейістер мен шабандоздар, қыз-келіншектер мен жігіттер көрінеді. Табиғат көріністері, киік, қасқыр т.б. жабайы аңдардың суреттері тұтас композицияда па­но­рамаға енген. Суреттер толық сақ­талмаған, көп жерлері өшіріліп, түсіп қалған. Қабырғалардың кей­бір жерлерінде қызыл және көк түс­тер­мен салынған ою-өрнектердің фраг­менттері де ұшырасады. Ол бояу­лардың қалай дайындалғаны, құра­мына не қосылғаны әзірге бізге бей­мәлім.

Екіншісі Қабылтам кесенесі, 1826 жыл. Аққыр ауылынан солтүстік ба­тысқа қарай 22 шақырымда орна­ласқан. Кесене – қам кесектерден қаланған порталды-күмбезді құрылыс. Кесененің ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Жалпы формасы квадратты, 7,8х 9 метр болып келген. Жалпы биіктігі – 7 м. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішінде орналасқан кесене есігі бар портал ( пештак) оңтүстік-батыс жаққа қаратып салынған. Биіктігі – 3 метр. Қабырғасының қалыңдығы – 1,5 м. Кесененің интерьері суреттер мен ұлт­тық ою-өрнектермен безендірілген. Ке­сене ішінде бір қабырдың орны жатыр.

Құрылыс көлемі – шамамен 497,7 куб метр. Казіргі уақытта кесененің күмбезі мен қабырғалары шатынап, жарылған. Порталының жартысы құлап қалған. Бұл кесененің де ішкі қабырғалары қазақы ою-өрнекпен безендірілген. Қазақтың этно­графиялық өмірін тұтастай су­рет­теген десек те болады. Атап айтқанда, құмыралар, түйелер, жыл­қылар, сонымен қатар жолбарыс пен пілдің суреті де салынған. Өкінішке орай кесененің күмбезі жартылай опырылып ішке құлаған. Қабырғасы жарты метрге дейін жарылып тұр. Енді бір бес-алты жылда түгел құлап, жермен-жексен болудың алдында тұр.

Қорытындылай келе ойға түйгеніміз қазақ халқының тұрмыс тіршілігі кең байтақ даласымен үндестік тауып, ой өрісінің дамығандығын көрсетеді. Ою-өрнектің қай түрі болса да ол – адам ойының жемісі. Бейнелеу өнерінде қазақтың өзіндік стильі қалыптасқан. Әдемі суретпен ою-өрнек өз шеберін тапса, көзге қуаныш, көңілге жылылық, айналаға әсемдік сыйлайды. Біздің ата-бабаларымыз осындай өнер түрін шебер меңгеріп, шыңырау шегіне жеткізе білген.

Қазақ халқы, яғни түркі баба­ла­рымыз сонау ерте замандарда тасқа қашап жазу, сызу (Орхон Енисей жазба ескерткіштері) және бейнелеу өнерін меңгерсе, сақтар дәуірінде алтын өндіруді меңгеріп, аң стильіндегі монументті (Таутеке, бұғы, марал, қасқыр, қабан, барыс т.б.) бұйымдар жасауды асқан шеберлікпен меңгерді. Кейін тұрмыстық бұйымдарға (кебеже, сандық, текемет, киіз үй, киім-кешек, шымылдық, ыдыс-аяқтар, қару-жарақ, ат әбзелдері т.б.) ою-өрнек салуды қолданған.

Ою-өрнек дегеніміз – есеп, геомет­рия, дәлдік, тепе-теңдік, үйлесім, жарасым, сәндік, сұлулық. Сол ою-өрнек (Қошқар мүйіз, арқар мүйіз, гүл т.б.) арқылы әсемдікті, сұлулықты, гуманизмді насихаттаған. Сұлулықты сүйген халықтың да жүрегі нәзік, көңілі таза, мейірімді, болып, бейбітшілікті аңсаған. Бүгінде әлемдік мәдениеттер тоғысып, жаһандану үдерісі жүріп жатқан заманда ұрпақтан-ұрпаққа әке­нің қанымен, ананың ақ сүтімен беріліп келе жатқан осы қасиеттерді сақтап, тектілігімізді жоғалтпау – бү­гінгі буын біздер үшін үлкен міндет. Осындай мәдени мұраларымызды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттап табыстау әрбір аза­маттың парызы деп санаймыз.

А.Байқабылов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі



31 наурыз 2022 ж. 563 0