Мәскеуде қазақтың зергерлік өнер жауһарлары ұсынылды
Мәскеудегі Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейінде «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында ашылған көрмеде ҚР Ұлттық музейі қорынан VII-ІІІ ғасырларға жататын алтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылды.
Ал, оның негізгі экспонаты - 1969 жылы табылған «Алтын адам». Бұл көне жәдігер Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан белгілі археолог Кемал Ақышев басқарған археологиялық экспедицияда табылған. Көсемнің костюмі мен бас киімінің барлық әшекейлері киімге тігілген кезекпен өзгеріссіз сақталған. Барлық әшекейлер өнер туындысы және скиф-сібір аңдық стильінің ескерткіштеріне жатады.
Бүгінде «Алтын адам» бүкіл әлемге танымал және Қазақстан Республикасының символы болып саналады. Археологтар «Алтын адамның» жерлеу камерасыннан 4800-ге жуық әшекейлер тапқан.
«Археология саласындағы Тутанхамон қорғанымен ғана салыстыруға болатын «Алтын адамның» көрмесі біздің музейімізде ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен алғаш рет ашылып отыр. Көрме археологиялық мазмұнымен ғана емес, жоғары деңгейде дайындалғандығымен де ерекшеленеді. Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейінде өтіп жатқан бұл көрме келген көрермендерге қуаныш сыйлайды деп ойлаймын», деді Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейінің директоры Е.Титова.
Жалпы, көрмеде таныстырылатын зергерлік өнер туындылары – Еуразияның далалық мәдениетінің өзіндік стилі мен ерекшеліктерін бейнелейтін әшекей-бұйымдар мен бізге аты белгісіз тарих тереңінде қалған шеберлердің қолдарынан шыққан туындылардың бір бөлігі ғана.
«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының бағыты Шығыс Азия (Жапония, Корея), Оңтүстік Шығыс Азия (Қытай), Европа (Австрия, Франция), сонымен қатар Ресейді және Америка Құрама Штаттарын қамтиды.
Мәскеудегі «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі 2018 жылдың 13 мамырына дейін жалғасады.
Baq.kz