» » » ҰЛТ ҮШІН ҰТЫМДЫ ШЕШІМ

ҰЛТ ҮШІН ҰТЫМДЫ ШЕШІМ


Әліпбиді латын қарпіне көшіру – мемлекет үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Тілдің шұбарланып, оның тазалығы мен ана тіл ұғымы біртіндеп көлеңкеленген тұста мұндай оңтайлы шешімге бірқатар зиялы қауым өкілдері мен ел азаматтары қолдау көрсетіп отыр.
Аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында жаңа әліпбидің соңғы нұсқасын талқылау, өңір тұрғындарына бұл бастаманың тиімділігін түсіндіру мақсатында облыстық семинар өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов, «Қызылорда-Ақиқат айнасы» жастар қоғамдық бірлестігінің медиа координаторы, облыстық ақпараттық-насихаттық түсіндіру тобының жетекшісі Еркін Құсан, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика факультеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай, облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы өңірлік тілдерді оқыту орталығының әдіскері Жаныгүл Ерекешова, мекеме, бөлім басшылары және мұғалімдер қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Айтбайұлы Елбасының ел үшін қабылдаған шешімінің маңыздылығына тоқталды.
– Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соған сәйкес, елдің барлық өңірлерінде жаңа әліпбиді түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихаттық топ өкілдері құрылып, әр аймақта осындай кездесулер өткізіліп жүр. Өздеріңізге белгілі, біздің жазу тарихымызда қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді бастан өткерді. 1929-1940 жылдар аралығында қазақ әліпбиі латын әліпбиі негізінде жасалған жазу үлгісін пайдаланса, қырықыншы жылдан бастап қазіргі қолданыстағы кириллицаға ауысты. Ал, ел тәуелсіздік алған жылдардан бастап қоғамда латын қарпіне көшу мәселесі әр кездерде көтеріліп жүрді. Осының негізінде былтырғы жылдан бері Елбасы тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, жаңа әліпбиге көшу жұмыстары басталып кетті. Осы орайда, бүгінгі ақпараттық-насихаттық топ өкілдері қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің негізгі қағидаларын түсіндіретін болады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң, ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Ж.Ерекешова хабарлама жасады. Оның айтуынша, өткен жылдан бастап облыста қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесін түсіндіру аясында ақпараттық-насихаттық жұмысшы топ құрылып, 300-ден аса мекемеде насихаттық жұмыс жүргізген. Яғни, осыған дейінгі ұсынылған үш нұсқа түрлі талдаулардан, зерттеулерден өткен. Халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, диктанттар алынған. Ж.Мұхитқызы Жарлықпен бекі­тілгенімен бұл нұсқадағы жазуларды көше билбордтарына, маңдайшаларға пайдалану­ әзірге ерте екенін жеткізді. Алдағы уақытта елдің пікірі ескерілген, халыққа жақын, тіл мамандарының жан-жақты талдауынан өткен нақты нұсқа бекітілетінін айтты. Содан соң, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай хабарлама жасап, әліпби мәселесінде аса ыждағаттылық керектігін айтты.
– Елбасының қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы бастамасы заман талабынан туындаған қажеттілік. Өйткені, ақпараттық технологияның қарыштап дамыған уақытында озық елдердің қолданысындағы латын графикасының үстемдігін жақсы білеміз. Мұнымен қоса, әлем елдерінің 80 пайызы осы графиканы қолданады екен. Сонымен бірге, компьютерлік құрылғылардың тиімділігін арттырып, оның барлық мүмкіндігін пайдалануда латын таңбасының әсері мол. Ақпарат кеңістігіне еркін бойлап, заманауи технологияларды еш кедергісіз қолдануға жол ашады. Демек, жаңа әліпби басқа елдермен саяси байланыста, мемлекеттің даму жүйесінде дамыған елдердің іс-тәжірибелерін тұтынуда алаңдатарлық қиындық туғызбайды. Керісінше, өз кезегінде қоғам дамуының ауқымын кеңейтеді, – деді тіл маманы.
Расында, латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл – қазіргі заманғы қажеттіліктен туындаған игі бастама. Әлемнің дамыған алпауыт елдерімен тереземізді теңестіріп, соларға ілесуге мол мүмкіндік беретін саяси маңызды өзгеріс. Мемлекет басшысының қолға алып отырған игі бастамасы ел болашағын жарқын етеріне сенеміз.

Нұр АЛМАСҚЫЗЫ.
07 сәуір 2018 ж. 1 110 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 778

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031