» » » «ЧЕЧЕВИЦА» ОПЕРАЦИЯСЫ немесе шешен халқының Жалағаш ауданына қоныстандырылуы

«ЧЕЧЕВИЦА» ОПЕРАЦИЯСЫ немесе шешен халқының Жалағаш ауданына қоныстандырылуы

Кластас досым Муслим Татаевтың (1971-2000 жж.) рухына арналады
 
«ЧЕЧЕВИЦА» ОПЕРАЦИЯСЫ
немесе шешен халқының Жалағаш ауданына қоныстандырылуы
 
Ресей империясы өз тәуелсіздігі үшін күрескен абазиндер мен адығтарды 1864 жылы талқандаған соң ғана Кавказды толығымен бағындырды. Патшаның жазалау шаралары өте қатал әрі аса сұмдық жағдайда өрбіді. Тарихи деректерде Черкесия халқының 90% астамы қырғынға ұшырағандығы айтылады. Үдере жер аудару, қуғын-сүргін салдарынан жаней, убых, бесленей, мақош, тағы да көптеген халықтар жер бетінен мүлдем жойылып кетті. 2% ғана тірі қалған адығтар саны осы күндері 800 мың адамды құрап отыр. Отанынан жер ауып кеткен черкестер қазіргі таңда 8 миллион шамасында. Патша билігінің ұлттарды түгелдей қырып жіберу саясатын И.Сталин одан әрі жалғастыра түсті. КСРО-ның «антикеңестік» ұлттарға қарсы жүргізген этноциді 1935 жылдың 25 наурызында Ленинград облысының байырғы тұрғындары фин-ингерманландарды жер аударудан бастап жүйелі түрде іске асырыла бастады.
Германиямен болуы ықтимал соғысқа міндетті түрде оның одақтасы Жапония араласатындықтан депортацияға Қиыр Шығыстағы кәрістер «жапон тыңшылары» деген желеумен ілікті. КСРО мен Германия арасындағы Молотов-Риббентроп «Кеңес-герман арасындағы шабуыл жасамау туралы» пактісінен соң жапон үкіметі Еуропадағы ешқандай қақтығыстарға араласпайтынын мәлімдеді. Себебі, сенімді одақтасы А.Гитлердің күтпеген жерден И.Сталинмен қол алыса кетуі жапон үкіметіне қатты соққы болып тиді.
Аталған пактіде қосымша құпия хаттама болған. Бұл нұсқаулық негізінде И.Сталин мен А.Гитлердің шығыс Еропаны өзара бөлісуі үлкен соғыс алдындағы жаттығу болатын. 1939 жылдан бастап КСРО Армиясы Польша, Бессарабия және Балтық жағалауы елдеріне басып кірді. Жаулап алынған мемлекеттердің жергілікті тұрғындары (фин, латыш, литван, эстон, украин, поляк, т.б.) ішкі аймақтарға депортацияланды.
КСРО жариялылыққа бет бұрған соң Молотов-Риббентроп келіссөздері кезінде жасалған «құпия хаттама» негіздерін тергеу ісімен айналысу үшін 1989 жылдың 24 желтоқсанында кеңес үкіметінің СОКП ОК секретары А.Яковлев басқарған арнайы комиссия жасақталады. Нәтижесінде резолюция қабылданып аталған протокол (хаттама) жоққа шығарылады. КСРО Халық депутаттарының №979-1 «1939 жылғы кеңес-герман арасындағы шабуыл жасамау туралы келіссөздердің саяси және құқықтық бағасы» туралы: 
«...6. Съез шешімімен, Молотов-Риббентроп келіссөздеріндегі құпия хаттамалар қол қойылған күнінен бастап заңды күші жарамсыз деп танылады, себебі Сталин мен Молотов Германиямен келіссөздерді кеңес халқынан, ВКП(б)ОК және партиядан, Жоғарғы Кеңес пен КСРО Үкіметінен жасырын түрде жүргізген, бұл хаттама рәсімдерді бекіту кезінде алынып тасталған. Сол себептен, аталған хаттамаға қол қойылуы Кеңес халқының еркін емес өз жеке бас билігінің мүддесін көздегендік болып саналатындығын айқындап тұр.
7. КСРО Халық депутаттарының кеңесі 23 тамыз 1939 жылы қол қойылған қосымша құпия хаттаманы және Германиямен жүргізілген басқа да келісімдерді айыптайды. Съез, құпия хаттамалар қол қойылған сәтінен бастап заң жүзінде жарамсыз деп мойындайды.
Хаттама Кеңес Одағының үшінші елдермен қарым-қатынас орнату үшін жаңа құқықтық база орната алмады, бірақ Сталин және оның сыбайластары үшін басқа мемлекеттердің алдындағы құқықтық міндеттерді бұза отырып күштік қысым көрсету арқылы өзіне қажетті ультиматум ұсыну үшін қолданылды.» – деген тарихи әділ бағасын берді. 
Гитлер мен Сталиннің ХХ ғасырда адамзат баласына ондаған жылдар бойы жасаған қастандықтары тарихи факт.
Молотов-Риббентроп пактісі 7 баптан, ал осы келіссөздегі қосымша құпия хаттама өз кезегінде 4 пункттен тұрған. Соның:
«1-ші пунктінде. Саяси-аумақтық қайта құру жағдайында Балтық жағалауы мемлекеттерінің құрамына кіретін (Финляндия, Эстония, Латвия, Литва), Литваның солтүстік шекарасы бір мезетте Германия мен КСРО тараптарының мүдделері болып саналады. Бұл ретте Литваның Вилен облысына қатысты мүддесін екі тарап та мойындайды. 
2. Поляк Мемлекеті құрамына кіретін облыстардың саяси-аумақтық қайта құру жағдайында Германия мен КСРО мемлекеттері шекарасының өту желісі шамамен Нарева, Вислы және Сана өзендері шебімен өтуге тиіс....
3.Оңтүстік-шығыс Еуропаға қатысты КСРО тарапынан Бессарабияға қызығушылық танытылды. Неміс жағынан бұл жөнінде еш саяси қызығушылық жоқ екендігі мәлімделді...
Мәскеу, 23 тамыз 1939 жыл.»–деген құжатқа қанығамыз.
Фюрер бұл пактіні «Есеппен неке қию» деп атаған. Нацистік Германия аталған келіссөздердің артынша Польшаның батыс шекарасынан басып кіруі нәтижесінде екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткені белгілі. 1932 жылы қол қойылған кеңес-поляк арасындағы шабуыл жасамау туралы келіссөздерге қарамастан КСРО да Польшаға шабуыл жасады. Осылайша бұл мемлекет КСРО мен Германияның бөлісіне түсті. Польша еліне басып кіруінің себебін кеңес үкіметі, – Батыс Белоруссия мен Батыс Украина халқын қорғаймыз–деген желеуімен түсіндірді. Бұдан соң қос диктатор ат тізгінін солтүстік Еуропаға бұрады. Герман билігі Дания, Норвегия, Бельгия, Нидерланд, Люксембургті, ал Кеңес Одағы Литва, Латвия, Эстония және Финляндияны жаулап алды. Бұл соғыс тарихта «қысқы кампания» деп аталды. Соның салдарынан КСРО Ұлттар Лигасы мүшелігінен шығарылып бүткіл әлем алдында абыройы төмендеді. 
Кеңес билігінің жүргізген сыртқы және ішкі саясаты жалпы адамзат баласына қасірет болып төнді. Қасақана жасалған бұл саясат құрбандығына шалынған негізгі халықтарының бірі – қазақ халқы да болды. Бұл қасіретті жекелеген азаматтармен қоса тұтас ұлттар да тартты. Ал енді осы күнгі қасіретіміз И.Сталлиннің сол жылдары қазақ халқына жүргізген геноцидін осы күнге дейін геноцид деп айта алмай, айтуға да, мойындатқызуға да құлшыныс таныта алмауымызда.  
Сталин дәуіріндегі тұтас халықтардың күштеп жер аударылуы КСРО-ның барша азаматтарын қорқытып ұстаудың және тоталитарлық жүйені нығайтудың басты құралы болып табылды. КСРО мен Германия арасындағы соғыс басталысымен кеңестік немістер шығыс өңірлерге жаппай жер аударылды. Артынша бұл зұлмат қарашай, қалмақ, балкар, тағы да көптеген халықтардың басына төнді. 
Туған жерінен күштеп жер аударылған халықтардың арасында шешендер мен ингуштер де (нохчи) болды.
Қызылорда облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивіндегі (директоры–Г.Ахметова) материалдарға сүйенер болсақ шешен, ингуштердің депортациялануына қатысты деректерде олардың Қызылорда облысының Жалағаш ауданына ең алғаш келіп түскен күні 1944 жылдың 10 наурызы деп көрсетілгенімен күштеп қоныс аударылған халықтың ұлты аталмай, тек «арнайы қоныс аударылғандар» (спецпереселенцы) деген жасырын атау қолданылған (бұдан әрмен қарай «АҚА» деген аббревиатура қолданамыз.–М.А.). Ауданымызға «АҚА» деген атаумен жасырылған құпия ұлт шыныменде шешендер ме? Әлде сол жылы ауданымызға «АҚА» ұлт қалмақ, балкар, түрік немесе қырым татарлары ма? Ең алдымен осы сұраққа жауап іздеп көрсек.
1944 жылдың 10-11 наурыз күндері ауданымызға күштеп жер ауып келген «АҚА» саны 3885 адамды құраған. Шешен, ингурштерден бөлек сол жылы Қазақстанға, облысымызға қоныс аударылғандардың қатарында қалмақтар негізінен Ресейдің солтүстік аудандарына қоныстандырылғандықтан облысымыздың Арал ауданына 3841 (10.01.1945 жылы олардың саны 2492 адамды құраған) адам жер ауып келген. Егер, осы қалмақтардың барлығы да біздің ауданға «АҚА» болып келгеннің өзінде 3885 деген санға жетпейді. Қалмақтар шешендер санымен шамалас болғанның өзінде ауданымызда мұншама қалмақ диаспоры өкілдері тұрғандығы жөнінде көнекөз қариялар немесе басқа да дерек көздері растамайды.
Балкарларды жер аудару туралы шешім 5 наурыз күні шыққан және 21150 адам еліміздің Ақмола, Павлодар, Семей және Қазақстанның барлық оңтүстік облыстарына қоныстандырылады. Оңтүстік облыстарға Қызылорданы да қосар болсақ әр облысқа орташа есеппен 3525-дей адам таратылып және солардың барлығы дерлік ауданымызға қоныстанғанның өзінде 3885 деген санға толмайды. Толғанның өзінде балкарлар туралы да біздің аудан тарихына қатысты ешқандай мағлұмат жоқ екені тағы дәлел.
Сол жылы ауданымызға қоныс аударылуы мүмкін деген келесі халық – қырым татарлары (4500 адам). Бірақ, тарихи деректерге сүйенер болсақ Қырым татарларын жер аудару туралы қаулы сәуір айының 19 күні, яғни ауданымызға «АҚА» орналасқандарына 40 күн өткеннен кейін ғана шыққан. 
Ауданымызға қоныстандырылуы мүмкін дегендердің соңғылары түріктер (27833 адам). Бірақ, түріктерді жер аудару туралы қаулы қараша айында, яғни шешендердің ауданымызға орналасқандарына 9 ай өткен соң шыққан. Облысымызда түріктер 1945 жылдың басында 1857 адамды құраған. Көршілес Қармақшы ауданына түріктердің бір бөлігі қоныстанғаны болмаса біздің ауданымызға шешендер сияқты компактілі қоныс теппеген болатын.
Шешен-Ингуш Автономды Кеңестік Социалистік Республикасынан (ШИАКСР)  шешен-ингуштердің 70 пайызы әдепкі екі күнде, қалғандары басқа күндері депортацияланған. Таулы аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып бұл операцияны 9 тәулік ішінде аяқтау жоспарланады да 1 наурыз күні Л.Берия И.Сталинге операцияның сәтті аяқталғанын баяндайды. Бұл дегеніңіз ең алғашқылары жолда 16, ал соңғылары 10 күн жүріп ауданымызға келді деген сөз. Грозный мен Жалағаш  аралығына эшелондар 10-16 тәулік жүріп келуі де ақылға қонатындай. Себебі, елде жүріп жатқан соғысқа қарамастан Сталин бұл операцияға аса мән беріп өте шұғыл түрде іске асырды. Негізінен «Чечевица» операциясы Қызыл Әскер қатарындағы шешен, ингуштердің майдандардан кері қайтарылып туыстарына қосылған соң, яғни 20 наурыз күні толығымен аяқталады.
1944 жылдың көктемінде Қазақстанға орналасқан шешен, ингуштер 406375  адам деген мәлімет бар.
Жер ауып келген шешен ағайындар мен олардың ұрпақтары осы күнге дейін ауданымызда өмір сүріп келе жатқандығын және жоғарыда аталған деректерге сүйене отырып 1944 жылдың 10-11 наурыз күндері ауданымызға «АҚА» шешендер деп толық сеніммен айтуымызға хақымыз бар.
Бір ерекшелігі, шешендер мен ингуштер күштеп жер аударыла бастаған 1944 жылы неміс басқыншыларының Кавказды басып алу қаупі толық жойылған және шешен-ингуштерден бөлек көптеген Кавказ халықтарының да кеңес билігіне қарсы бас көтерулері бәсеңдей бастаған болатын. (Бұндай бас көтерулер КСРО-ның барлық аймақтарында орын алып тұрған. Мәселен, өз ауданымызда 1930 жылы болған Қарақұм көтерілісі.–М.А.) Сол себептен шешен, ингуш және басқа да халықтарға «Жаумен ынтымақтастық құрды», «Шекаралық аймақтарды тазарту үшін», «Саяси сенімсіздер» деп тағылған айып ешбір сынды көтермейді. Егер, немістермен жүріп жатқан соғыс салдарынан кеңестік немістерді ғана шалғай аудандарға депортациялау саясаты іске асырылғанда биліктің жоғарыдағы айыптауларына түсіністікпен қарауға болар еді.
Сталиндік жүйе түрлі сылтаулармен ұсақ халықтарға күш көрсету арқылы елдегі негізгі ұлттарды тырп еткізбей республикаларды одақ уысынан шығарғысы келмеді. Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың жартысы жау қолында қалып фашистерден ойсырай жеңілістерін өзінің қате жүргізген саясатынан емес «Отанға опасыздық» жасаушы ұлттардың кесірінен деп ұқтырып бақты. Әрине, соғыс болған соң опасыздардың қай нәсілден де шығуы бек мүмкін, бірақ тұтас бір ұлттардың сатқындық жасауы ақылға қонбайтын фактор. 
Шешен, ингуштермен қатар басқа да халықтардың депортациялануының салдары қанқұмар сталиндік ресми идеология мен ел басшыларының шовинистік мүдделерінің де орын алып отырғандығын атап өткеніміз жөн. 
Тарихқа үңілер болсақ шешен, ингуштерді депортациялауға дайындық жұмыстары алдын-ала жоспарланғаны байқалады. Ал, іске асыру шаралары 1942 жылы әскерилердің еттен жасалған тағамының басым бөлігі шошқа етінен, майынан тұратындықтан таулықтар бұндай тағамды жемейді-мыс деген желеумен Қызыл Армия қатарына шақырмаудан басталды. Бұл әрине биліктің кезекті өтірігі екені айдан анық, себебі кавказдықтармен қатар кең байтақ КСРО Армиясы қатарында миллиондаған мұсылман солдаттары қызмет етті. 
1943 жылдың қазан айында шешендер мен ингуштерді депортациялау үшін Қазақстан мен Орта Азияда «АҚА»-ды қабылдап алу үшін бес жүздің үстінде аудан мен поселкелік комендатуралар жұмылдырылады. Ставрополь өлкелік ВКП(б) шешен, ингуштер жер аударылған соң босап қалатын ШИАКСР территориясына қоныстанатын орыстардың тізімін дайындап қойған. Бұндай тізім басқа өлкелерде да жасалғаны анық. 1943 жылдың жаз айларынан бастап майдан шебінің республикадан алыстауына қарамастан Грозный төңірегінде әскерилер шоғырлана бастайды. Халықтың күдігін тудырмас үшін жалпыәскерилердің формасын киініп алған НКВД жасақтары мен ішкі істер әскерінің жинақталуын билік ресми түрде әскери жаттығулар өтетіндігін хабарлайды.
Жергілікті белсенділер көмегімен «антикеңестік элементтер» құрықталып, депортацияны ұйымдастыруға ШИАКСР-нан бірнеше мың, Дағыстан мен Солтүстік Осетияда 10 мыңдай партиялық-кеңестік активтері жұмылдырылады.
1944 жылдың 31 қаңтарында КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің №5073 ШИАКСР-ын тарату және халқын «фашистік басқыншыларға жәрдемдескені үшін» Орта Азия мен Қазақстанға жер аудару туралы қаулысы қабылданады, бірақ аса құпия түрде ұсталып ақпан айының 21-де КСРО ІІХК-ның операцияны жүзеге асыру жөніндегі Жарлығы шыққан күннің ертесіне, яғни арада 22 күн өткен соң ғана жарық көреді.
Шешен, ингуштерді депортациялау жөніндегі «Чечевица» операциясы КСРО Ішкі Істер Халық Комиссары Л.Берияның НКВД-ға берген бұйрығы негізінде 1944 жылдың 23 ақпанында жергілікті сағат түнгі 2-00-де басталады. Жалпы алғанда, Солтүстік Кавказ халықтарын жер аудару мезгілін биліктегілер қасақана мереке күндеріне сәйкестендіріп отырды: мәселен, ингуштер мен шешендер – 23 ақпан, балкарлар – 8 наурыз, ал қарашайлар – 7 қараша мейрамында. Кеңес-орыс тарихшысы Н.Бугай «Правда о депортации чеченского и ингушского народов» атты еңбегінде операцияны іске асыру үшін 150 мыңға жуық ішкі істер әскерилері мен НКВД, НКГБ, «СмерШ» оперативтік қызметкерлері, 6 мың жүк көліктері, 15 мың теміржол вагондары мен паровоздары тартылып, 150 млн. сом ақша бөлінгендігін көрсетеді.
НКВД органдары шешен, ингуштердің ШИАКСР-нан тыс және шекаралас аймақтарда тұрып жатқандарын қоса есептегенде барлығы 459486 адамды депортациялауға тіркеуге алғанымен іс жүзінде 478479 (соның ішінде 91250 ингуш) адам жер аударылады. Солардың 85 пайызға жуығы біздің елге қоныстандырылады. Депортацияланған шешен, ингуштер жайлы зерттеушілердің келтірген деректері сан-алуан болғандықтан нақты саны әлі күнге дейін белгісіз.
«АҚА» ауылдар мен шағын поселкелерге қоныстандырылып, олардың еңбегін ауылшаруашылық және құрылыс жұмыстарында пайдалану ұйғарылды. 
Депортация кезінде сталиндік жандайшаптар жергілікті халыққа қырғидай тигендігі жөнінде Л.Я.Арапханованың «Спецпереселенцы: история массовых репрессий и депортация ингушей в ХХ веке» атты еңбегінде айтылады. Мәселен,  операция барысында он екі мыңдай адам чекистер қолынан қаза табады. Өз бетінше жүре алмайтын ауруларды аурухана (Урус-Мартан, т.б.) аулаларына тірілей көміп кетіп отырған. Таулы аймақтардағы тұрғындарды эвакуациялау қиын болғандықтан көптеген ауылдар (Моцкар, Хайбах, Таргим, Цори, т.т.) тұрғындарымен қоса қораларға қамалып тірілей өртелген. Қалалардағы мыңдаған пәтерлер, ауылдардағы жүз мыңнан астам шаруа қожалықтары тоналып, өртке оранады, т.т. Бұндай жаппай жазалауды НКВД полковнигі М.Гвишиани басқарады. Операция аяқталған соң мыңдаған әскерилер мен чекистер И.Сталин мен Л.Бериядан алғыс алып, шендері мен лауазымдары жоғарылатылып, мемлекеттік марапаттарға ие болады. Әрине, кеңестік ресми деректер «Чечевица» операциясында орын алған адами және материалдық ресурс шығынын кеміте көрсетіп отырғандары анық.
Адамдар, жолаушыларды тасымалдауға бейімделмеген жүк таситын суық вагондарға малша тиеліп, азық-түлік, киім-кешек, медициналық қызмет және басқа да аса қажетті заттармен жөнді қамтамасыз етілмеген. Бұл вагондарда жолаушылар қажетін өтейтін әжетханалар, отырып-жатуға лайықталған орындықтар мен жылу жүйесінің жоқтығын айтпағанның өзінде мініп-түсуге арналған қарапайым баспалдақтары да болмаған. Терезені кішкене люктер алмастырып, ағаш вагондардың жан-жағындағы тесіктерінен суық жел азынап тұрған. Соның салдарынан онмыңдаған адам, әсіресе балалар мен қарттар суықтан, аштықтан, жұқпалы аурудан өлген. Бұл жөнінде Бұқарбай батыр ауылының қарт тұрғыны Мавлоди Шарипов: «Қыстың күні қарулы солдаттар үй-ішімізбен вагондарға тиеді. Вагон іші суық. Жолай аштан, суықтан, аурудан көптеген адамдар өліп жатты. Өлген адамдарды көмуге мүмкіндігіміз болмады. Тоқтаған станцияларда вагоннан 5 метр асатын болсаң әскерилер атып тастайды. Жер мұз болып қатып қалғандықтан қазатын ешқандай құралымыз болмай кейбір өліктерді қар астына көміп кеттік. Үлкендеріміз, мәйіттерді жүріп келе жатқан вагон есігінен сыртқа қарай лақтырып жіберетін. Әкесі, өлген баласын, баласы, өлген әкесін, шешесін, бауырын, туысын тірі қалғандардың амандығы үшін амалсыздан далаға лақтырды. Жейтін тамақ та, жылы киім де жоқ. Күн суық, вагонның ішінде ешқандай жылынатын пеш болмады. Бір-бірімізге жабыса, құшақтаса отырып тоңып өлмеудін амалын жасап бақтық. Осы суық вагондар ішінде бірнеше күн жүріп, өлер хәлге жеткенде зорға дегенде Қазақстанға, Жалағашқа келдік.»– дейді өз естелігінде.
Архивтік деректерге сүйенер болсақ келушілерді тездетіп орналастыру мақсатында 1944 жылдың ақпан айынан бастап ауданымызда дайындық шаралары ұйымдастырылып Жалағаш аудандық клубына 200, аудандық ауруханаға 150 адамға ғана жай дайын екендігі анықталады. Келушілерге уақытша паспана ретінде 25 киіз үй тізу көзделеді. Жалағаш станциясына қабылданатын шешендерді тәулігіне 350 адам шомылуға арналған қалалық және теміржол моншалары әзірленсе, Қаракеткен станциясында 190 адамға арналған клубтың үш бөлмесі, қосымша 30 адамға арналған ескі жатақхана жаңартылады. Клубтың бір бөлмесінің еденіне ағаш, екі бөлмесіне қамыс төселіп, бұрынғы жатақхана пеші жөндеуден өткізіледі. Қаракеткен станциясында бір мезетте 15 адам шомылуға лайықталған моншада жуынып-шайынуға арналған 2 ағаш бөшкі мен шешінетін бөлмесі болған.
Сонымен қатар, Жалағаш станциясында хәлі мүшкіл ауруларға 20 орындық аурухана, 1 медициналық қызметкер. Қаракеткен станциясында 4 керуетті (көрпе-төсексіз) бір қоныс жасақталып бұған да 1 медициналық қызметкер бекітіледі. Ауданымыздың барлық колхоздары осы іске жұмылдырылады.
1944 жылдың 10-11 наурыз күндері «АҚА»-ды эшелондармен ауданымыздың Жалағаш станциясына 2740, Қаракеткен станциясына 760 адамды (барлығы 3500 адам) қабылдап, ыстық тамақпен қамтамасыз ету жоспарланғанымен іс жүзінде  3885 адам қабылданады (ауданымызға жер ауып келгендер негізінен шешен ұлтының азаматтары).
Жалағаш станциясына қабылданған 956 адамның денсаулығы тексеріліп  санитарлық көмек көрсетіледі. Келушілерді колхоздарға бөліп орналастыру үшін оларды тасымалдау мақсатында 113 түйе, 143 жылқы, 430 өгіз бен есек және 4 автокөлік даярланады.
Соғыс жүріп жатқан қиын-қыстау кезеңде шешендердің мұншама көлемде ауданымызға келуі жағдайды одан бетер қиындата түсті. Олар, әкімшіліктің бөлген клубтарына, киіз үйлерге, шаруашылық қораларға, жартылай қираған барактарға, қоймаларға орналастырылып, мұндай орындар да жетпей қалғандары ашық аспан астында өздеріне жертөлелер қазып, қос тігіп тұруға мәжбүр болды. Хәлі өте мүшкілдері жергілікті халықтың отбасыларына таратылды. Шешендер арасында эпидемиялық жұқпалы аурулар – бөртпе сүзбесі, дизентерия, бит басу күшейіп кеткен. Климаттың күрт ауысуы, өте ауыр тұрмыс пен антисанитарлық жағдайда емір сүру шешендер арасында өлімді кебейтіп жіберді. Ешбір дүние-мүліксіз (депортация кезінде өздерімен бірге әрбір адам 500 кг.дүние-мүлкін алуларына құқылы дегенімен іс жүзінде олай болмады) ауып келген көптеген шешендердің жан сақтап қалуы қазақ халқының бауырмалдылығының арқасында мүмкін болды. Аудан халқы ашаршылық пен қуғын-сүргін қасіретін өз бастарынан өткергендіктен қолындағы бір жапырақ нанымен, жылы киімімен, үйінің бір бұрышымен бөлісіп, қолдан ұйымдастырылған қасіретке ұшыраған шешен халқына қол ұшын бере білді.
Деректер бойынша, аудан әкімшілігі келушілерге тиесілі 9 тонна ұнның орнына 3 тонна ұнмен ғана қамтамасыз етілгені анықталды. 
«АҚА»-дың орналасуы және хәл-жағдайлары туралы Жалағаш аудандық НКВД бөлімінің бастығы милиция аға лейтенанты Абдуллиннің Жалағаш аудандық Атком (атқарушы комитет) КП(б)К секретары (хатшысы) жолдас Егізбаевқа берген мәліметінде: (жазу мәтіні машинка шрифтісімен, кейбіреулері қолмен жазылған. Шрифттегі мәтіндер сиясы көмескі әрі көптеген әріптері өз қатарынан төменгі қатарға түсіп кетіп отырғандықтан астыңғы мәтін үстінгі әріптермен араласып оқуда қиындық туғызды. Архивтік деректер орыс тілінен аударылды.–М.А.)
«Райсовет председателі Меңдібаев пен Заврайздрав Яхина жер ауып келген ауруларға арналған үй-жайды көрпе-төсектерімен және медициналық қызметпен қамтамасыз етулері тиіс. 
Қазіргі таңда аудандық клуб, жатақхана, моншалар 2000 бау қамыспен қамтамасыз етілген және бұл жұмыстар әрі қарай жалғаса бермек... 
РК КП(б)К өкілдері толтырған актіде қоныстанушыларға жетіспей жатқан үй-жай, монша, қажетті отын көздерін дайындау, қамтамасыз ету жұмыстары колхоз председательдеріне жүктелсін деген шешім қабылданды.
Осы уақытқа дейін аудан көлемінде орналасқан моншалардың жағдайы мен дайындығы тексерілді. Нәтижесінде, аудан бойынша 28 монша дайын екендігі анықталды. Бұлардың ішінде ақауы бар моншаларды сол колхоз өз күштерімен жөндеу жұмыстарын атқаруы тиіс.» – делінсе, келесі мәліметінде: 
«Арнайы қоныс аударылғандарды (спецпереселенцы) екі тәулік ішінде (ү.ж.10,11 наурыз) қабылдап және қоныстандырғанымызды мәлімдеймін. 894 отбасы, 3885 адам қабылданды. Оның ішінде 765 ер, 1065 әйел, 2055-і балалар.»– деп хабарлайды.
Келесі ақпарда Абдуллин Жалағаш аудандық Атком КП(б)К секретары жолдас Егізбаевқа жазған баянатында:
«...20/ІІІ-1944 жылы колхоздарда жүргізілген тексерістерден кейін 14 адам өлгендігі анықталды. Сонымен, іс жүзінде 3871 адам тізімде көрсетілген 31 колхозға бөлініп, орналастырылды:
 

Колхоз аттары
отбасы
Оның ішінде
барлығы (адам)
ер
әйел
балалар
1
Алғабас            (қазіргі Ақсу)
30
30
34
58
122
2
Елтай               (Шәменов)             
30
27
28
61
116
3
Жаңаталап 25   (Ақсу)
27
34
35
68
137
4
Жас-Қайрат      (Ақсу)
18
22
23
53
98
5
Ақарық             (Ақсу)
18
20
24
56
100
6
Карл-Маркс      (Бұқарбай)
25
24
31
65
120
7
Қызыл-Ту         (Бұқарбай)
27
26
31
58
114
8
Путь Октября (қазіргі кент төңірегіндегі Бәйбіше, Серкеш, Қараөзек бойы)
89
77
92
196
365
9
1-ші Март (Бәйбіше, Серкеш, Қараөзек бойы)
44
42
68
123
233
10
Приморский-Партизан (Бәйбіше, Серкеш, Қараөзек бойы)
66
68
74
132
274
11
Красный Октябрь     (Бұқарбай)
20
14
27
57
98
12
Калинин                 (Бұқарбай)
33
24
36
84
144
13
Шаңлыкөл            (Еңбек)
24
15
23
40
78
14
Мәдениет            (Мәдениет)
16
14
12
26
52
15
Әдебиет               (Мырзабай)
21
13
29
54
96
16
Қызыл-Октябрь    (Еңбек)
17
15
29
70
114
17
Ынтымақ              (Еңбек)
47
25
50
100
175
18
Бірлік                   (Мәдениет)
20
16
17
46
79
19
Еңбек                   (Еңбек)
23
16
19
49
84
20
Қызыл-Жұлдыз   (Мәдениет)
16
11
23
40
74
21
Жамбыл              (Мәдениет)
18
13
20
47
80
22
Қазахстан. 20 ж.  (Мырзабай)
40
28
55
87
170
23
Белсенді              (Шәменов)
17
18
18
31
67
24
Ұмтыл                 (Таң)
14
11
23
35
69
25
Таң                      (Таң)
27
25
38
59
122
26
Жігер                  (Шәменов)
23
20
25
51
96
27
Иіркөл                 (Шәменов)             
27
27
42
68
137
28
Қызыл-Дихан      (Мырзабай)
24
29
31
65
125
29
Мақпалкөл          (Мақпалкөл)
20
18
24
53
95
30
Еңбекші              (Мақпалкөл)
26
24
37
56
117
31
Жас-талап         (Жаңаталап)
47
22
40
58
120
 
барлығы
894
765
1060
2046
3871
 
Оларды (қоныс аударылғандар) 20 наурызда жұмыспен қамту үшін арнайы бригада жасақталды. 612 адам түрлі мекемелерге жұмысқа орналастырылды. Бірнеше отбасы өндіріс комбинатына, поселке маңындағы шаруашылықтарға, аудандық аурухана қарамағына жіберілді...
Сонымен қатар, аудандық сауда бөлімі тарапынан да наразылық байқалуда. Осында жұмысқа орналастырылған арнайы қоныстанушылар сауда бөлімінің меңгерушісі Гербис жолдастың өздеріне 1/ІҮ дейін тиесілі 150 гр. азық үлесін жөнді бермейтіні жөнінде шағымдануда. Осы жөнінде өз тарапыңыздан ықпал етуіңізді сұраймыз.
Арнайы қоныс аударылғандар орналасқан 3 колхозда (Иіркөл, Елтай, Алғабас) қоныстанушылардың арасында жұқпалы ауру 34 адамды шалып отыр. 8 ауру 20 наурызда аудандық ауруханаға жатқызылды. Ауруханаға 21 наурызда 19 ауру, ал 22 наурыз күні тағы да 6 ауру жеткізілді.
Бөртпе сүзбесіне (сыпной тиф) шалдыққандар Ақарық (қазіргі Ақсу) колхозындағы ауруларға аудандық денсаулық сақтау бөлімі тиісті шара қабылдауда. Аталған жұқпалы ауру инфекциясы басқа колхоздарға таралып кету қаупі бар. Аудандық медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігінен барлық колхоздарды уақытылы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету қиындық туғызуда. Сол себептен, облздрав алдында ауданымызға медқызметкерлер бөлуіне ықпал етуіңізді сұраймыз.»–деп хабарлайды.
1944 жылдың 10-шы наурызынан 1-ші қарашасына дейін, яғни арада 7,5 ай уақыт өткенде Жалағаш ауданында қайтыс болған шешендер саны–696 адамды құраған. Ауданымыздағы шешендер арасындағы адам шығыны 7-8 айдың ішінде 17,9 % құраған, ал келер жылғы мәлімет бойынша жағдай одан бетер ушығып кеткендігін төмендегі мәліметтерде келтіретін боламыз.
Қызылорда облыстық НКВД басқарма бастығы, Мемлекеттік Қауіпсіздік подполковнигі Шаманский Жалағаш ауданына қатысты Қызылорда КП(б)К Обком секретары жолдас Долженкоға жолдаған аса құпия арнайы хабарламасында осы аудандағы «АҚА»-дың нақты хәл-жағдайлары туралы,
«30 желтоқсан 1944 жылы Жалағаш ауданындағы 307 отбасыға (1181 адам) шұғыл азық-түлік, ал 313 отбасыға (683 адам) жылы киім қажет.
Жұмысқа жарамды 620 адамның 415-і жұмысқа шықпауының себебі олардың 194-інде жылы киім жоқ, 55-і науқас, 166-сы аштықтан өте әлсіз күйде. Тек қана желтоқсан айында 72 адам өлген, олардың 35-і балалар, 37-сі ересектер. 80 адамның денсаулығы инфекция мен аштықтан мүшкіл хәлде.
Еңбек колхозына (председателі Қарымсақов) орналасқан 23 отбасындағы 84 адамның 46-сы өліп, 5-еуі басқа колхоздардағы туыстарына қашып кетуінен бұл колхоздағы 13 отбасында 33 адам ғана қалған.
Путь Октября колхозына (председателі Вон Прохор) орналасқан 89 отбасындағы 365 адамның 77-сі өліп, 161-і бытырап кетіп, осындағы 37 отбасында 127 адам ғана қалған. Бұлардың 17 отбасындағы 66 адам азық пен жылы киімге зәрулікте.
Иіркөл колхозына орналасқан 27 отбасындағы 137 адамның 33-і өліп, 71-і басқа жаққа қашып кетіп, бұндағы 9 отбасында 33 адам ғана қалған. Осындағы барлық отбасы азыққа мұқтаждық тартып отыр.
Ауданның басқа колхоздарындағы жағдай да мәз емес. Медициналық қызмет пен санитарлық-профилактикалық жұмыстар іс жүзінде жүргізілмеуде.
Шаңдыкөл колхозында 3 ай ішінде бірде бір медициналық қызметкер болмаған. Көптеген колхоздарда ауыр науқастардың өзіне еш медициналық жәрдем көрсетілмеген (ауруханаларға оларды жатқызбайды).
Ауданның 9 колхозында монша мүлдем жоқ, ал 22 колхоздарындағы монша іс жүзінде жұмыс істемейді, санитарлық жұмыстар тек 3 колхозда (Путь Октября, 1-Март, Приморский Партизан) ғана жүргізілген, ал Красный Октябрь, Калинин және Қызыл-Ту колхоздарындағы моншалар қирап қалған.» – дей келе, шұғыл түрде тиісінше шара қолдануын сұрайды.
Соғыс қиыншылығын барша халық басынан өткеріп жатқанына қарамастан  жергілікті билік пен халық тарапынан шешендерге материалдық қолдау (мал, үй-жай, азық-түлік, киім-кешек) қолдан келгенінше көрсетіліп тұрған. Жалағаш ауданындағы «АҚА»-ға үй салуларына 1944 жылы 260000 сом несие беріліп жыл аяғына дейін бұл қаражат толығымен игеріледі. Облысымыздағы бұл көрсеткіш 75% орындалғанын айта кеткеніміз жөн. Жергілікті тұрғындар, «Бәрі майдан үшін!»-деген ұранмен майдан мұқтаждығына жинақтаған жылуынан бөлек шешен отбасылары үшін 154 тонна сексеуіл, 319 пар аяқ-киім, 202 келі жүн, 20 дана шалбар, 7 дана тон, 4500 сом ақша жинап берген.
Облысымызда 1886, ал ауданымызда 455 шешен жанұялары бақша егуге жер телімін алады. Шешендерді қосымша азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ауданымызда балық және аң аулау бригадалары жасақталып мамыр айында өз жұмысын тоқтатқан. Мысалға, «Приморский партизан» колхозында құрылған балықшылар осындағы 66 жанұядан тұратын шешендер үшін наурыз айының 17 күнінен мамыр айының 23-не дейін 20 келі балық бөліп, қалғанын дүкенге (сельпо – сельский потребительское общество) өткізген. «Қызыл-Ту» және басқа колхоз балықшылары да аулаған балықтарын сельпоға өткізіп отырған. Ауланған балық барша колхозшыларға қолхоздың сельпосынан сатылып тұрған. Әлбетте, балықшылар жоғары жақтың бұйрығынсыз өз еркімен ештеңе шеше алмайтыны сөзсіз. Сол себептен, балықты сельпоға өткізу туралы ауызша нұсқаулық болған сыңайлы. Шешендерді сүтпен қамтамасыз ету жағы да сол шамада атқарылғанын байқауға болады. Мәселен, ауданымызда бұл іспен тек үш колхоз ғана жұмыс жасаған екен. Оның өзі бір жүйеге келтірілмей, анда-санда ғана атқарылып, қалғаны ауланған балық секілді сельпоға өткізіліп тұрған. «Карл-Маркс» колхозындағы шешен отбасыларына екі айдан астам уақыт ішінде 11 (49 адам) жанұяға 248 литр сүт пен сүзбе босатылған. Осы уақыт аралығында (2 ай) әрбір отбасыға орташа есеппен  19,7 литрден сүт тиген, яғни тәулігіне 300 грамдай ғана. Бұл колхоздың фермасының есебінде 42 сауын сиыры болған. Осы шамасындағы жағдай «Жігер», «Приморский партизан» колхоздарында да орын алған.
1945 жылдың басында ауданымыздағы шешен отбасыларының тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін 148 бас ірі қара, 1971 ұсақ мал басы беріледі. Бір ерекшелігі, мал алған отбасыларға заттай және ақшалай салық салынатын болған. Малдың сүтін, жүнін, төлін өз мақсаттарына пайдаланудың орнына көптеген ашынған отбасылар хәл-жағдайларының өте ауыр болғандығынан малды сойып жеген. Бұндай оқиғалардан соң Қазақ КСР басшылығы КСРО үкіметінен «АҚА»-дың аса ауыр жағдайда екендіктерін ескере отырып оларға қатысты арнайы жеңілдіктер жүйесін қарастыруды сұрайды.
Ауданымызға қоныстанған шешендер туралы статистикаға назар аударатын болсақ, 1944 жылдың 10 наурызында Жалағаш топырағына аяқ басқан шешендер саны 3885 болса 1945 жылдың 10 қаңтар күні олардың саны 2374 адамды құраған. Яғни, ауданымызға қоныстандырылған шешендер саны тура 10 айдың ішінде 40%-ға жуық кеміген.
Депортация салдарынан шешен халқының 40-50 % қырылып қалған деген мәлімет бар. Олардың жолда өлгендерін есепке алмағанның өзінде ауданымызға түскен 10.03.1944 жылдан бастап 1949 жылға дейінгі шығынынын өзі көп болғанын байқаймыз. Бұның растығын ауданымызда қоныстанған шешен отбасы мүшелері санынан да байқауға болады.
Жалағаш аудандық архивінің (директоры Ж.Ыбыраев) деректерінде 1946-1948 жылдар аралығында Жалағаш поселкесіндегі (кент) 37 шешен отбасында 137 адам тіркелгендігі анықталды (орташа есеппен әрбір отбасында 3,7 адамнан). Мәселен, Жалағаш поселкесінде қоныстанған 37 отбасының жетеуінде адам саны біреуден ғана болған. Олар: Ленин көшесі (қазіргі Үркімбаев) №19 және №92 үй тұрғындары Зубайраева Маржан (1926 ж.т.) мен Сұлтанова Зандат (1928 ж.т.), Новостройка көшесі номірсіз үйлердегі Сейтқаев Жабраил мен Сұлтанов Конкар (1879 ж.т.), Колхоз (Төле би) көшесі №21 үй тұрғыны Абубакіров Минкаил (1920 ж.т.), Жамбыл көшесі №9 үйдегі Арсанукаева Патимат (1908 ж.т.) және Энгельс (Абай) көшесі №9 үй тұрғыны Абитов Жақия (1898 ж.т.) деген азаматтар жалғызбасты екендіктері көрсетілген. Шешендер санының өсу динамикасы тек 1949 жылдан бастап қана байқалады. 
Абдуллиннің аудандық райком секретарына: – «Арнайы қоныс аударылғандарды үй-жаймен қамтамасыз ету қанағаттанарлық жағдайда.» – деп берген статистикалық мәліметі дұрыс болғанымен іс жүзіндегі жағдай одан қиынырақ еді. Себебі, баспана жетіспеушілігінен бір үйде бірнеше отбасы тұруға мәжбүр болған. Мысалы, Жалағаш поселкесіндегі Ленин көшесі №19 үйде 6 шешен отбасы өмір сүрген. Олар: Жанұясында 8 адамы бар Сұлтанов Омар, отбасында3 адамы бар Имадаев Юсуп, Хозуева Базибат отбасында 4 адам, Имадаева Басират ұлы екеуі, жалғызбасты Зубайраева Маржан және Хакимов Шербани отбасында 4 адам, барлығы 22 адам тұрған. Басқа үйлерде де бірнеше отбасыдан өмір сүрген. 
КСРО министрлер Кеңесінің 1948 жылғы №4367-1726сс құпия қаулысында: «КСРО-ның шалғай аудандарына қоныстандырылған шешен, ингуш, қарашай, балқар, неміс және т.б. сол жерлерінде мәңгі қалып, олардың бұрынғы тұрғылықты орындарына қайтуларына құқықтары жоқ. Оларға саяси қадағалау жасайтын жергілікті НКВД-ның «арнайы комендатурасының» (спецкомендатура НКВД) рұқсатынсыз жаңа қоныстарын тастап кетуіне тиым салынды, бұл тәртіпті бұзған адам 20 жылға дейін каторгалық жұмысқа жегіледі.»–деген жолдарды оқимыз.
31 қаңтар 1944 жылы Мемлекеттік қорғаныс комитеті бекітіп шығарған «Шешен және ингуш халқын Қазақ және Қырғыз КСР жер аудару туралы» қаулысының негізсіз екендігін «ШИАКСР территориясының аумағы тек ШИАКСР келісімімен ғана өзгертілуі мүмкін» деген ШИАКСР Конституцияның 15-бабы толықтай дәлелдей түседі.
Зұлматқа ұшыраған басқа да халықтар сияқты шешен және ингуштерді туған жерінен депортациялаудың негізгі мақсаты әрқашан өз елінің тәуелсіздігі үшін күресіп кеңес өкіметіне қарсылық көрсетіп отырған ұлттық республикаларды этникалық тазарту деп түсінген жөн. Себебі, 20 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Жарлығының жобасы бойынша «ШИАКСР бірқатар аудандарын тарату және Грозный округын ұйымдастыру туралы» сондай-ақ КСРО ХКК «Жергілікті халықтан босап қалған аудандарды қоныстандыру тәртібі туралы» қаулысының жобасы дайындалып, соныңсалдарынан ШИАКСР таратылып, оның құрамындағы 4 аудан Дағыстан АКСР-на, 1 ауданы Солтүстік Осетин АКСР-на берілсе, бір аудан аумағында Грозный облысы құрылды. Жергілікті халықтың дүние-мүлкі талан-таражға түсті. 1944 жылы орысшаланған топонимикалық атаулар 1957 жылы республика қалпына келтірілген соң ғана тарихи атаулары қайтарыла басталды. Мәселен: Горячий Ключ – Истису, Междуречье – Шали, Советское – Шатой, Колхозное – Аргун. Ал кейбіреулеріне: Белоречье – Иласхан-Юрт, т.т. 1991 жылы, Братское – Ногай-Мирза-юрт, т.т. 2000-ші жылдары ғана бұрынғы атауларын алды.
Халқы депортацияланған республикалардағы тарихи мұра есткерткіштері, мешіт-медреселер, зираттар қиратылып, қирауға ұшыраған ғимараттардың қыш-тастары жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына пайдаланылды. Автохонды тұрғындар материалдық тұрғыдан бөлек рухани шығынды да молынан тартты. Ұлттық құндылықтар, көнеден келе жатқан әдебиеттер, шығармалар, басқа да көптеген рухани, мәдени дүниелер қасақана жойылып жіберілді. Шешен, ингуш халқы туралы кез-келген тарихи, әдеби, әлеуметтік, тағы да басқа мәліметтер толықтай өшірілді. Жүйелі түрде ұйымдастырылған депортация тұтас бір ұлтты өз шаңырағынан аластатып, тарихын өшіріп, мәңгүрттендіріп, болашақта жер бетінен жойып жіберуге арналған И.Сталиннің бұл экспериментін сол халықтарға жасалған геноцид деп қабылдаған жөн. Депортация кесірінен шешен және ингуштердің ұлттық білім жүйесіне балта шабылды. Ауданымызға қоныстандырылған басқа да халықтар секілді шешен балаларының сабақты өз ана тілінде алуларына тиым салынғандықтан білімдерін орыс және қазақ тілдерінде алуға мәжбүр болды. Жоғары білім алу үшін ішкі істер бөлімінің арнайы рұқсатын алу керек болды. 
Ауданымыздағы шешендер өздерінің қиындыққа төзе білетін, шымдамды, батыл, еңбекқор халық екендіктерін еңбек майданында дәлелдей білді. Арнайы комендатуралардан түскен ақпарларда шешен азаматтары еңбек етуде оң қырынан байқалып жүргендігі туралы айтылады. Соның арқасында қайсар мінез халық тұрмысын түзеп 5-6 жылдың көлемінде жартысынан астамы өз үй-жайларында тұратын жағдайға жеткен. 
Елдегі қиын жағдайға қарамастан шешендер арасында жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқарып өз колхоз, бригадаларымен жақсы көрсеткіштерге жетіп отырған. Соның дәлелі, «Путь Октября» (Бұқарбай батыр ауылы) колхозында 10 стахановшы шешен азаматы жарты жылда 200 еңбеккүннен тапқан. (Ол кездері жұмыс ақысы үшін ақша төленбеген. Ақша орнына астықпен есептескен. Әркімнің тәулік ішінде атқарған жұмыс мөлшерін еңбеккүнмен белгілеген. Мысалы, 1944 жылы 1 еңбек күніне 800 грамм астық берілген.–М.А.)
1956 жылы Н.Хрущевтің ХХ съезде жеке басқа табынушылық туралы И.Сталиннің қылмыстарын әшкерелеген баяндамасынан кейін КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының «Ұлы Отан соғысы кезеңінде арнайы қоныс аударылған балқар, шешен, ингуш, қарашайлардан және олардың отбасы мүшелерінен аталған шектеулерді алып тастау туралы» Жарлығы шыққанымен, олардың тәркіленген мүліктері қайтарылмады және бұрынғы қоныстарына қайта оралуларына құқық берілмеді. Бұл дегеніңіз, күштеп жер аударылғандардың туған отанына оралуға тиым салғандығының белгісі еді. Жарияланған Жарлыққа қуанған қара халық ақталдық деп ойлап көптеген кедергілерге қарамастан туған жерлеріне лек-легімен көш түзей бастады. Туған отандарына қайта оралған байырғы халықтардың өз үйлерінің жаңа қожайындарымен болған түсінбеушіліктердің арты ұлтаралық қақтығыстарға ұласып кету қаупі басым болғандықтан сол жылдың 14 қарашасында СОКП ОК Президиумының қаулысымен депортацияланған халықтардың ұлттық автономияларын қайта қалпына келтіру туралы қаулысы қабылданып, 9 қаңтар 1957 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы «РКФСР құрамындағы ШИАКСР қалпына келтіру туралы» Жарлығын шығарды. 
1989 жылы 14 қарашада «Күштеп жер аударылған халықтарға қарсы қуғын-сүргін актілерінің заңсыздығын мойындау және олардың құқықтарын қамтамасыз ету» жөнінде КСРО Жоғарғы кеңесінің Декларациясы, 1990 жылдың 11 желтоқсанында РКФСР халық депутаттарының съезі «РКФСР-дағы саяси қуғын-сүргін құрбандары», ал 1991 жылдың 26 сәуірде РКФСР Жоғарғы Кеңесі «Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтау» жөнінде заң қабылданнан кейін шектеуліктердің барлығы алынып тасталынды. 
1993 жылдың 14 сәуірінде қабылданған Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» жөніндегі қаулысының негізінде шешен-ингуштер саяси қуғын-сүргін құрбандары болып есептеліп, ақталды. Сталиндік зобалаң қаншама ұлттар мен этностарға қасірет шеккізгенімен олардың сағын сындыра алмады. Түптін түбінде шешен ағайындар да өз мақсаттарына жетіп, туған елдеріне оралды. Кейбіреулері ауданымызда өздерінің кіші Отанын тапты. 
1995 жылдан бастап Қызылорда облысы нохчиларының «Вайнах» (өзіміздің адам) ұлттық мәдени орталығы жұмыс жасауда. 
2004 жылы Еуропалық Парламент 1944 жылы КСРО билігінің халықтарға қарсы іске асырған депортациясын геноцид актісі деп мойындады. 
Қазіргі таңда Қазақстанда қырық бес мыңнан, ал облысымызда жеті жүзден астам шешендер мен ингуштер тұрып жатса, Жалағаш ауданында 132 шешен ұлтының өкілдері өмір сүруде.
 
 
Марат Ақмырзаұлы, 
Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану
 музейінің ғылыми қызметкері.



Пайдаланылған материалдар:
 
1.ҚОҚСТМА (Қызылорда облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві). Р.№264., т.№1., іс.№74., п.№7, 7а, 8.
Р.№268., т.№1., іс №1872, п.№15,16.
Р.№268., т.-№1., іс.№1897, п.№5-11.
2.ҚОЖАА (Қызылорда облысы Жалағаш аудандық архиві). Р№24., т.№1., іс№50., п.№8.
Р№24., т.№1., іс№51., п-№8.
13 шілде 2018 ж. 1 045 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 664

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30