«Мыңшейіт» мінәжаты
Ғасырлар бойы қаншама қайғылы оқиғалардың куәсі болып, талай-талай тартыстар мен қатыгез қанды сапырылыстарды басынан өткізген бабаларымыз атамекенін жауларынан қорғап, ерекше ерліктер жасаған. Сондықтан туған жер – қазақ үшін аса киелі ұғым. Көшіп-қонып, жаз жайлап, қыс қыстаумен өткен аталарымыз сол киелі мекеніне ат қоюға ерекше мән беріп отырған. Ол атаулардың астарына аңыздар мен әңгімелерді сыйғызып, қазақ топонимикасының өзіндік философиясын құрай білген. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтың жер атаулары адам қызығарлықтай әдемі мәнге ие болып, көптеген көршілес халықтардың қызығушылығын оятқан. Кеңестік кезеңде бұрын кілемдей құлпырып, біртұтас мәнге ие болған ұлттық топонимикамыз бөлшектеніп, қырық жамау күйге түсті.
«Жер-судың аты – тарихтың хаты» дейтін қанатты сөздің тағылымы зор. Демек, жұмыр жер өз төсін мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың, рулардың ғұмыр шежіресін төсіне жаза беретін мәңгілік кітап сияқты. Әркімнің-ақ туған жерді киелі, қасиетті санап, перзенттік махаббатпен сүйетіндігі содан болар. Мәселенің мәні туған топырақтың қасиетіне сайса керек. Ойлы көз, ояу жүрекпен үңілер болсақ, басып жүргеніміз жай ғана топырақ емес, ғасырлар бойы қатталған ата-бабаның естелігі сияқты.
Қазақ елінің кең байтағында мыңдаған эндогендік байырғы топонимдер қалыптасқан. Өкінішке қарай, солардың белгілі бір бөлігі ғана хатқа түскен, карталарда көрсетілген. Ресми басылымдарда таңбаланбаған, бірте-бірте ұмытылып бара жатқан атаулардың қанша екендігі бір Жаратқаннан басқаға мәлім емес.
ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың белгілі географы Н.И.Надеждин: «Топонимика дегеніміз – жердің тілі, жер – географиялық атаулар арқылы адамзаттың тарихы жасалынатын кітап» десе, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білетін жұрт. Қайда, қандай бір елге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деп топонимика ғылымы туралы құнды пікірлер айтқан.
Сол эндонимдер (халықтың өз жеріне өз тілінде қойған аты) қатарында Ұлы Тәңірдің несібесімен құт дарып, түркі жұрты ұйысқан Алатаудың баурайында, арынды Сайрамсу өзенінің бойында тарих сырын ішіне бүккен қасиетті Мыңшейіт қорымы (молалар тізбегі) жатыр. Бұл жердің ашылмаған сыры, айтылмаған жыры көп.
Төле би ауданындағы бұл өңірдің әрбір сай-саласының бойы тұнып тұрған тарих. Ауыл аты Қарасора (бүгінде Кеңесарық), өзендер Сайрамсу мен Қасқасу. Таудағы жайлау қоныстар мен аңғар-шатқалдардың атаулары – Ұлы жұрт, Кіші жұрт, Қантау, Ақтау, Пайғамбар шыңы, Қоңыртөбе, Ұларлы, Қырыққыз, Әулие үңгір, Айтас, Мыңжылқы... осылай тізіліп кете береді, кете береді. Қазақ қашанда жерге себеп-салдарсыз ат қоймаған. Әр атауды сол жерде өткен оқиғаларға байланысты, болмаса бедер-сипатына қарап дәл әрі нақты да әдемі ат қойған. Барлық атаулардың аңызбен ұштасатын әңгімелері бар. Соның бірі осы тарихы жұмбақ Мыңшейіт.
Алла мен Пайғамбарға шексіз сенсек те, кейде сол Пайғамбар негізін қалаған Ислам діні өз уақытында біздің елдегі кейбір жерлерде күшпен ендірілгенін тарих сыр етіп шертеді. Мыңшейіт соның куәсі. Ол туралы көнекөз әңгіме, құлақтан құлаққа жеткен бағзы аңыз былай дейді: VIII-ІХ ғасырларда араб халифаты Орта Азияға Ислам дінін тарату үшін жорыққа шыққаны белгілі. Олар осы Сайрам аймағына келгенде, мұндағы көк Тәңірге жалбарынатын жергілікті түркілердің зор қарсылығына тап болады. Алатау бауырының жазық төсі де, жайпаңдау келген тау шатқалдарының етегі де қанды майдан даласына айналады. Бірақ күші басым араб әскерлері біртұтас бірікпеген түркі жауынгерлерінен үстем түседі. Амалдары таусылған түркілер арабтардың осал тұтастарын іздеуге кіріседі. Олардан қалайда кек алуды ойлаған бір топ түркі сарбаздары олардың ішінен қалайда сыр тартуды жоспарлайды. Ойлары іске асып, жаудың жанды жерлерін біледі. Яғни Аллаға бас иетін арабтар күнде бес рет намазға жығылады екен. Намаз кезінде олар қаруларын қалдырып, аттарын қосақтап немесе байлап сапқа тізіліп, құбылаға қарап жығылып тұрады екен. Мұсылмандардың осындай сәттерін оң пайдалану орайындағы ойларын сарбаздар Түркі қолбасшысына жеткізеді. Күндердің күнінде Сайрамсу аңғарында өзен жағасында намазға (бесін болу керек) тұрған араб әскеріне осы сәтті аңдыған мыңдаған түркілер екі жақтан лап қояды. «Барлығы да Алланың пәрменімен болады» деп санайтын мұсылмандар намазды бұзуды да үлкен күнә қатарына қосқан. Бірақ жан беру оңай ма, өзен жағасы қырғынға айналып, Сайрамсу өзені қанқызыл түске боялған екен. Бес қаруы сай, үлкен дайындықпен келген түркілер арабтарды шашау шығармай қырып салады. Қанды майдан даласынан санаулы адам қашып құтылған екен дейді бізге жеткен қария сөз. Майдан даласындағы арпалыста мыңдаған түркілер мен арабтар шейіт кетеді. Соғыс тыншыған соң екі-үш күннен соң адамдар өліктерді сүйрелеп осы беткейге жерлеген екен. Содан бері бұл жер Мыңшейіт аталады. Мұның «Мың» дегені мың адамды білдірсе, «шейіт» сөзі дін жолында құрбан болған деген ұғымды айғақтайды.
Бұл күндері ол мазаратты әмбе жұрт әулиелі жер деп сыйынады, басына зиярат етеді, құран-дұға оқытады, құрбандық шалады. ...Кезінде қырғын соғыстар болса да бәрібір түркілер Ислам дінін қабылдағаны хақ.
Ал тарихшы, профессор Сәбит Жолдасов (марқұм болған) «Бірліктің басы болған Ордабасы» атты кітабында «Мыңшейіт» мазарының тарихын жоңғар шапқыншылығына байланыстырады. Дәлірек айтқанда, «қазақтар намазға бас қойғанда бір қазақ әйелінің сатқындығы салдарынан қалмақтар шабуыл жасап қазақтарды қырып тастапты». Ағамыз үлкен қателікке жол берген. Осы кезге дейін сан тарихты ақтарып, қазақ әйелі Отанына сатқындық жасапты дегенді оқыған да, көрген де емеспіз. Бірақ бұл мазаратқа жоңғарлармен болған шайқастарда қаза тапқандар да қойылғанына дау жоқ. Оған мынадай дәйекті де келтіре кетейік. Абылай хан ұрпақтары болып келетін Сейдазым, Сейдалы Тұрғымбаев деген қариялар бұдан он шақты жыл бұрын бізге жолығып, қызықты әңгімелер шерткен болатын. Сонда олар жыл сайын « Мыңшейітке» барып дұға оқитындарын, онда Абылай ханның әкесі Уәли мен анасы Айғанымның жатқанын айтатын. Аталардан ауызша тарих арқылы жеткен бұл әңгімеде де шындықтың болуы ықтимал. Біздің баба, әжелеріміз де осында жатыр.
1960 жылдары аңыздың анық-қанығын білгісі келгендер моланы ашқанда кездейсоқтық па, әлде бәрі де солай ма, әйтеуір екі мазардан басы бөлек жатқан екі жауынгердің қаңқа сүйегі шыққан. Екеуінің жанында да тот басқан қару-жарақтары бар, киімдері күл болып үгітілген. Олардың қалай көмілгені жөнінде де аңыздар әртүрлі айтылады.
Мыңшейіт оқиғасының аңыз емес, шынайы шындықпен астарласып жатқанын орта ғасырлық шығармалар мен аты әлі көпшілікке мәлім емес биік ілім иесі, ғұлама Бекасыл Биболатұлының «Жұлдызнама» атты шығармасынан аңғардық. Араб қолбасшысы Кутәйб ибн Муслим әскері Қазақстанның оңтүстігіне 714 жылы, яғни VIII ғасырда кіреді. Осы кезде Мауренаһрдағы бауырластарына үнемі қол ұшын беріп отыратын Түркеш қағанаты Орта Азиядағы арабтардың жаулап алған жерлеріне үлкен қауіп төндірді. Себебі олар Шаш (Ташкент) пен Ферғананың, Самарқанд пен Бұхараның автохонды тұрғындарын қолдау үшін әскер жіберіп отырды. Испиджабта (Сайрам) жоғарғы түркештердің қолбасшысы Әбу Мырзақым (Сүзеген) қаған араб басқыншылығына сәтті тойтарыс берді. Міне, осы тұста Мыңшейіттегі оқиға орын алған болатын. Әбу Мырзақым сарбаздары араб әскерлерін тас-талқан еткен еді. Ал бұл оқиғаны естіген араб, парсы жазбагерлері Мыңшейітті тікелей атамағанымен, Испиджаб өңіріне қарасты болғандықтан сол атаумен оқиға барысын жеткізген. 737 жылы түркеш атты әскерінің көмегімен Орта Азия жерлері басқыншылардан тазартылған. Бірақ таққа талас барысында Сүзегеннің өлтірілуі Түркеш мемлекетін әлсіретті, сол себепті арабтың аймақ бастығы Насыр ибн Сейяр осы жылдан бастап Орта Азиядағы араб билігін қалпына келтіре бастады. Өзбекстан ғалымы Б.Ғафуров та өз еңбегінде оқиға барысын нақты сипаттайды. «714 жылы Кутәйб Шашқа қайта шабуыл жасап, шаһарды өз ордасына айналдырды, содан Испиджаб бағытында жорыққа аттанды» дейді. Бұл баяндаулар Мыңшейіт оқиғасының аңыз емес, ақиқат екендігіне көз жеткізеді. Мыңшейіттің қасиетті мекен болғандығын Бекасыл Биболатұлының «Жұлдызнама» кітабының Испинжаб дұғасынан табамыз. Онда былай деп нұрлы сөздермен жеткізеді. «Мейірімді де рақымшыл Алланың атымен (бастаймын). Ал Жаъфардың ұлы Мансұр (Алла одан риза болсын!), Абдулла Мүбарак Хаммаданның (Алла одан риза болсын!) ұлы Сауд (Алла одан риза болсын!) еді» Міне, осылардың риуаят етуінше, олар әзірет Мұхаммед Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын!) мүбәрак ауыздарынан естіпті: «Күншығыста бір мекен бар, ол мекен пейіштің шырағы екен. Ол мекен – шығыстың жауһары. Ол Ыдырыс (Алланың оған сәлемі болсын!) Пайғамбар келіп зиярат еткен жер. Тағы бір риуаятта «Күншығарда бір мекен бар, ол мекен пейіштің шырағы екен. Онда бір нұр бар, ол пейіштің нұры, Алла тағала мұны артық жаратыпты (Нұрлы мекен Қазығұртты он сегіз мың ғаламнан артық етіп, ахрет күні осы бейіштің шырағы адамзат баласын тозақ отынан құтқаратынын және бейішке баратын тура жол көрсететінін Мұхаммед (с.а.с.) сәуегейлі хабары арқылы жеткізген – авторлар). Оған қоса Испиджаб – он екі мың асыл кісілер шаһид болған жер. Ол екі уәляаттың ортасында орналасқан. («Нұрлы – мекен» екі елдің Қазақстан мен Өзбекстаның аралығында – профессор Б.Артықалиевтың түсініктемесі). Күншығыс бағытындағы мекен – Касан делінген. Ал Қыбыла тарабында Ташкент қаласы орналасқан. Қайсы кісі ол мекенге барып, ықыласпен ол жерде екі рәкат намаз оқыса, жетпіс мың рәкат намаз оқығандай сауап алады екен.
Тағы бір риуаяттарда айтуынша, ол жерде он екі мың асыл кісілер шаһид болып, Алла рақыметіне бөленген екен. Сонда кәпірлер тарапынан жеті мың әскер шығын болып, жандары тозаққа кетіпті. Міне, бұл риуаяттарда қанша адамның шаһид болғанына дейін анықтап, айқын хадис нұсқада бүгінгі біздерге жеткізіп отыр. Қасиетті сол Нұрлы мекеннің қай тарапта орналасқанын да осы құнды жазбадан білеміз. Пайғамбарымыз өз кезеңінде сәуегейлікпен болашақта Ташкент деген қаланың болатынын айтып кеткен ғой. Ғажап! Бұған қалай таңғалмассың.
Иә, тізе берсек, тереңірек таныстырар мұндай киелі орындар бұл аймақта өте көп. Пайғамбарымыздың лебізіне ілінген қасиетті мекенді қастерлеп жаңғыртуымыз керек. Оны Елбасымыздың ұсынған «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына енгізіп, зерттеулер жүргізіп, таныстыра білсек, мұндай мұғжизаға әлем тамсанып қызығады. Бұл өлкені табиғи-тарихи туризмның бесігіне айналдыруға мүмкіндіктер мол. Біздің елімізде Коммунистік партия тұсында әулие-мазарлар қараусыз, күтусіз, аяқасты болып жатты. Алайда Мәскеу «Золотое кольцо» атты қасиетті мекендерді жаңғыртып, бүгінгі Ресейдің туристік индустриясының идеялық тұғырын қалыптастырды.
Осынау кезеңде әрекет етіп, мазаратты қоршатып, қорғауға алып, басына кішкене болса да там салып, шырақшы қойып, бір Аллаға сыйынып, өлшеусіз еңбек еткен Пошатай Бишымырұлы сынды алтынның сынығы мына өмірден 100-ге жақындап баз кешті. Кейінірек онда мешіт салып, атаның ісін жалғастырған ұзынарықтық Молберген Жамалбеков қарияға да бүгінгі ұрпақтың алғыстан басқа айтары жоқ. Қазір әулиенің басында 85 жастағы Шымкентбай ақсақал шырақшылық қызмет атқаруда. Оның аянмен мұсылмандықты қабылдаған орыс әйелі Дариға ұзақ жылдар осында шырақшы болып, бойындағы Алла берген қасиетін елге таныта білді.
Киелі орындармен танысу елдік бейнеміздің кәусар бұлағы. Сондықтан Мыңшейіт сияқты қасиетті тарихи орындарды қастерлеуді, өзімізде ғана емес, шетелдерге әйгілеуді бір сәт те назардан тыс қалдырмау керек деп санаймыз. Қазір біз Төле би өңіріндегі жер атауларына қатысты әпсана-аңыздарды тарихи деректер негізінде зерделеуді қолға алып, сан алуан материалдарды жүйелеудеміз. Осынау жер атауларына қатысты ой бөлісетін, тың мәліметтер жеткізетін азаматтар болса тілдесіп, сырласуға дайынбыз. Қорыта айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Туризм басқармасы біз көтеріп отырған мәселеге ерекше назар аударып, өлкелік ескерткіштерді туризм кластерінің «Рухани жаңғыру» жоба-жоспарына кіргізіп, жұмыстарды бірлесе жандандырса нұр үстіне нұр болар еді.
Мұхитхан ҮМБЕТҰЛЫ,
Қанатбек ПОШАТАЙҰЛЫ,
Ақбөпе ПОШАТАЕВА,