Керемет кәдесый
Отандық нарықтағы кәдесыйлардың 80%-і шеттен келеді. Жергілікті өндірушілердің бұл бағытта жұмыстануға құлшыныстары кем бе, әлде жасалған бұйым өз бағасын ақтамай ма? Атыраудағы «Эталон» жарнама агенттігі осы сауалға жауап іздеп, еңбектенуді жөн көріпті. Нәтиже жаман емес.
Бес жылдан бері полиграфия және сыртқы жарнама бойынша қызмет көрсетіп келе жатқан агенттік тарихи жәдігерлердің көшірмелерін жасауды Атырауда алғаш болып қолға алған. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңіне жергілікті материалдан дайындалған кәдесый ұсынып, үздіктер қатарынан көрінді. – Қазір жарнама агенттігіміз «Самұрық-Қазына» қорының әлеуетті жеткізушілер тізімінде. 300-ге жуық бұйым түрін жасаймыз. Жыл сайын 40 жаңа бұйым әзірлейміз. Баға мен сапа көрсеткіштерінің оңтайлы қатынасына сәйкес, кәсіпорын өнімдерінің көпшілігі алыс және жақын шетелдердің нарықтарында табысты бәсекелесе алады деп санаймыз», – дейді мекеме басшысы Асқар Саппаев. «Эталонның» кәдесыйлары ағаштан, органикалық шыныдан, басқа да материалдардан дайындалады және әрқайсына дара дизайн қолданылуымен ерекше. Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ