Шал ақынның бір күйі

Ұмытпасам, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болу керек. Бірде Сергеев ауданына (қазір Шал ақын) қарасты қазақ елді мекендерін аралап қайтуға бекіндім. Ондағы ойым – есімдері ұмытылып бара жатқан жергілікті күйші-композиторлардың шығармаларын жинау, нотаға түсіру. Сапар барысында жолай нағашым тұратын Кеңес ауылына соқтым. Хал-жағдайымды тәптіштеп сұрап болғаннан кейін әңгіме ауаны күй, күйшілік жайына қарай ойысты. Бүгінгі жастардың домбыра қағысы өзгешелеу. Бірақ араларында күйді бұзып тартатындары да кездеседі. Аға буын салып кеткен дәстүрге қиянат жасауға болмайды, дей келіп Тарғыл бұқаның «Шөккен нар», «Терісқақпай», «Көк жорға» күйлерін нақышына келтіріп орындап берді. Мен де нағашымның сүйіп тыңдайтын бірнеше күйлерін орындап, өз домбырамды ұсынып едім, алғысы келмегендей тартыншақтай берді. Сосын меселімді қайтарғысы келмеді білем, біраз шертіп отырды. Пернесі көп екен. Менің жуан саусақтарыма көне қоймас, деп қайтарып берді. Мен де жиендік еркелік мінезіме басып, керексіз полутон пернелерін қысқартып, қайта ұсындым. Сол-ақ екен, мен естімеген бір күйді төгілдіре жөнелді. Көзімді жұмып, демімді ішке тартып, елтіп отырмын. Қос ішекті қара домбыраның қоңыр үнін тыңдай бергің келеді. Күйді аяқтап болған соң «Шал ақынның арнауы» ғой деді елеусіздеу ғана. Шал деген есім болады екен-ау деген таңданысымды сезіп қойды білем, әңгіме айтар кездегі әдетімен бар денесімен маған бұрыла қарап, қаршадай Тілеукенің жасынан сөзге жүйріктігіне, шешендігіне, тілінің ділмарлығы мен табан асты айтқыштығына қарап жеңгелері әжуалап «Шал» атап кеткенін түсіндірді. Күй ақылына ажары келіскен Күлімжан есімді балдызына арналған деседі. Екеуінің өзара айтысын да білуші едім. Жастың ұлғайғаны, жадының кемігені ғой, ұмытыппын, деді. «Шал ақынның арнауын» заматта үйреніп алғаныммен, араға жылдар салып нотаға түсірдім. Бозбаланың сұлу аруға деген ерек сезімін домбыра үнімен жеткізе білген Шал Құлекеұлының Абылайдың замандасы, төкпе ақын екенін біліп келсек, енді күйшілік өнерін жаңа қырынан танытудың алғашқы тартуы болсын деген үмітпен шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Өз өлеңдерін домбырамен жырға қосқан бабамыздың күйшілік дарыны бір шығармамен ғана шектеліп қалмаса керек. Індете зерттей білсе, табылып қалуы ғажап емес.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.
https://egemen.kz