нағыз қазақ – домбыра «Домбыра мұнша шешен болдың неге?Күй толған көкірегің шежіре ме?Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», – деп Қасым Аманжолов жырлағандай, домбыра өнері, қазақ күйі – адам жанын тебірентіп, керемет сезімге бөлейді. Оның қасиеті де, құдіреті де мәңгілік. Қазақ халқын басқа халықтардан ерекшелеп тұратын да осы – қасиетті қара домбыра. Қай кезде де әр қазақ отбасының төрінде домбыра ілулі тұрған. Шанағынан төгілтіп күй орындамаса да, домбыра шертпейтін қазақ кемде-кем. Бүгінде атадан балаға жетіп, көздің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Жуырда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында орталық алаңда «Домбыра – думан» атты домбырашылар шеруі өтті. Аталған шара әуез мектебі мұғалімдері, оқушылары, этно топ домбырашылары, «Мұрагер» домбырашылар ансамблінен құралған 100 күйшінің қатысуымен ұйымдастырылды. Өңірдің өзіндік келбеті мен ерекшелігін, мәдени, рухани байлығын және қазақ өнерінің құдіретін жұртшылыққа насихаттау бағытындағы айтулы шараны аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ашып, халқымыздың мәдениеті мен музыкасын дамыту, өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеудегі бастаманың маңызы зор екендігіне тоқталды. Домбырашылар шеруінде өнерпаздар «Ерке сылқым», «Көрұғлы», «Күрішшілер биі», «Машботой», «Әлқисса», «Сал күрең», «Нар ағаш» туындыларын жекелей орындаса, Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлерін 100 домбырашы бір мезетте орындап, алаңды күмбірлеген күйдің әсем үніне бөледі. Орталық алаңға жиналған кент тұрғындары болса, ұлттық аспапта ойнап, өнер көрсеткен домбырашыларға ризашылықтарын білдірді. Нұр НАУАН,М.АХМЕТОВ (сурет). Жаңалықтар 02 маусым 2018 ж. 1 204 0