» » » Домбыра тілін түсінген шебер

Домбыра тілін түсінген шебер

Домбыра – қазақ халқының ежелгі әуездік аспаптарының бірі. Сол арқылы даңқты күйшілер – Құрманғазы, Дәу­леткерей, Тәттімбет, Дина, Сүгір, Қазанғап, Төлеген, Қаршыға, Секен, Айгүл тағы басқалары ұлттық өнеріміздің өркенін өрістетіп, айдай әлемге паш етті. Бармағынан бал тамған майталман домбырашылар қалың көрерменді құдіретті күйдің сиқырлы сарынымен баурап, жүректерге рухани ләззат сыйлады.Қатпарлы тарихтың көзіндей көрінген түрлі ескерткіштерге, сонымен бірге этнографтардан жеткен дерек көздеріне сүйенсек, домбыра мен туысқан халықтардың осыған ұқсас аспаптарының шығу тегі тереңде жатыр. Оның сонау орта ғасырдан бастау алып, бүгінгі күнге жеткені белгілі болып отыр. Кейде еліміздің кейбір аймақтарындағы халқымыздың осы бір аса қасиетті қос ішекті, көп пернелі музыкалық құралын жасаумен айналысатын шебер қолды ісімерлер туралы естігенде елең етіп, кеудемізде ризашылық сезімі бой көтеріп қалатын.
Ел іші – өнер кеніші. Сөйтсек бойында осындай қабілет-қарымы жеткілікті, талантты жандар Қазалы жерінде де бар екен. Ол Әйтеке би кентінің 5-ші квартал аумағындағы жыр алыбы Жамбыл көшесінің тұрғыны Ерболат Яхияұлы Қанатбай. Оған арнайы жолығып, өмір жолы, кез келгеннің қолына түсе бермейтін кәсіпті таңдау сыры төңірегінде сұхбаттасудың сәтін келтірдік.
С.Сейфуллин атындағы №165 мектебінен түлеп ұшқан Ерболат 1990-1992 жылдары Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында әскер қатарындағы азаматтық борышын өтеді. Туған жерге оралысымен теміржолды сумен жабдықтау мекемесінде ағаш ұстасы болып еңбек ететін әкесі Яхияның қасына жұмысқа орналасады. Оқушылық шағында-ақ үй ішінің ұсақ-түйек шаруаларын ұсынақты атқарып, машықтанған жігіт ағаштан түйін түюдің құпия қырларын терең меңгеруге ден қойды. Аз уақыт бедерінде тапсырылған істі тиянақты да сапалы орындайтын дәрежеге жетті.
Алайда тоқырау жылдарындағы нарықтық реформаның қатаң талабына сәйкес, бір топ ұжымдастарымен бірге қысқару қыспағына ұшырап, тым тәуір үйренісіп қалған мамандығымен қош айтысты. Аяқ-асты кездескен жайсыз жағдайға жабырқап, көңілін құлазытуға жол бермеуді ойлаған Ерболат үйден тапсырыс қабылдауға белбуды. Соның арқасында есік-терезе, үстел, қол жуғыш сияқты күнделікті тұрмысқа қажетті көптеген бұйымдар істеді. Бұл қарекеті отбасының шайлығын айыруға біршама көмегін тигізді.
Бірде Ерболаттың жанына келген әкесі мұның маңдай терін төге жасаған заттарын көрді. Қуанышты пейілін жасырмай, еңбегінің жемісін ұзағынан көре беруіне тілектестігін арнады. Сосын үйдің көлеңкесіндегі сыпырғышты домбыра қылып, ойнап отырған кішкентай Айдосты көз қиығымен нұсқады. Балдырғанның аңғал қылығына сүйсінген әкесі: «Шырағым, мына жиеніңнің талабы таудай екен. Бұған енді ағаштан домбыра жасап бергенің жөн болар», – деп ұлына салмақ сала тіл қатты.
Үлкен кісінің айтқан тілегін жерде қалдырмауға бекінген Ерболат қарындасы Динаның бір жасар сәбиі – Айдосқа аталған аспапты жасап, тапсыруға ынта қойды. Арада бірнеше күн өткенде домбыраның шағын түрі – шіңкілдек дайын болды.
Кездейсоқ сәттілік дегенді қойсаңшы! Бұл оқиғадан кейін Ерболаттың бойында домбыра соғуға деген ерекше қызығушылық пайда болды. Алға қойған құштарлығы мен талпынысын мұның бірге оқыған сыныптас досы Мұхтар да қолдап, көмегін көрсетті. Ол Ерболатқа үйінен уақытында ауданның белгілі өнерпазы атанған әкесі Әбен Жолтаевтың домбырасын әкеліп береді. Соған қарап перне, сағақ, шанақтың жасалуын көріп, өлшемі мен орналастыруын үйренді. Талмай іздене жүріп, 19 пернеден тұратын домбыраны дүниеге әкелді.
Көш жүре түзеледі. Алғашқысының біршама кемшін тұстары кездессе, бертін келе кеткен олқылықтарды ойға түйіп, ұқыптап жөндеуден жалықпады. Кейде қолынан шыққан аспабын тыңдармандарға танылған жергілікті домбырашылар Орақ Баубеков, Ерпазыл Жүсіпов, Мұрат Жебеевтерге көрсетіп, ақыл-кеңестерін алуды ұмытпады. Соның арқасында шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі толыса түсті.
Бұл күндері Ерболаттың домбыраларын интернет жарнамалары арқылы құлақтанған Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Орал, Ақтау, Байқоңыр және басқа да қалалардың тұрғындары алдырып, көптеп тұтынуда. Іскер жан домбырамен бірге бірнеше қобыз да соғып шығарыпты. Қазірде Ерболат аудандық мәдениет бөлімі, музыка мектебі, оқушылар үйі ұжымдарымен байланысын үзген емес. Өйткені олардың ескі аспаптарын жаңғыртып, өтініш болып жатса жаңадан жасап та береді.
Бізбен әңгіме барысында Ерболат Яхияұлы:
–Домбыра жасауға қарағай, қайың, терек ағашы қолайлы. Қарағай мен қайыңнан соғылғаны күй мен термеге, теректен істелгені ән айтуға жақсы келеді. Айналысып жүрген кәсібімнің машақаты жетіп артылады. Шанақты ыстық суға салып иіп, көлеңкеде кептіремін. Қатты ағашты тұз тұнбасына салып, икемге келтіремін.
Дайындалған аспапты түссіз лакпен бояған дұрыс. Өте қалың етпей, жұқалап жақса беріктігін сақтауға көмектеседі. Шанақтың бетіне лакты барынша бірқалыпты, тегіс етіп, пайдалануға мән берген жөн, – деп өз кәсібінің кейбір көпке беймәлім жақтарын ақтарыла жеткізді.
Дәл осы тұста жанымызда отырған Ерболаттың шешесі, Батыр ана Үрімхан сөзге араласып: «Талаптыға нұр жауар» деген. Шүкір, баламның қолының месекері бар. Құдайым тіл көзден сақтап, бақыты мен бағы өрлей берсін!», – деді.
Иә, асыл ананың шуақты көңілінен шыққан ақжарма тілегіне бізде қосыламыз.

Сахи ҚАПАР
Фото: Ғалымжан АЛДАМЖАРОВ
25 наурыз 2018 ж. 945 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930