» » » Халықаралық айтыстың Бас жүлдегерлері - Ринат Заитов пен Мұхтар Ниязов

Халықаралық айтыстың Бас жүлдегерлері - Ринат Заитов пен Мұхтар Ниязов



Көрген де арманда, көрмеген де арманда! Астана төрін екі күн жырға бөлеген дүбірлі айтыс өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Жыр арқауы – Астана» атты халықаралық ақындар айтысы қалың елді шулатып, халықтың сөз өнеріне деген шөлін бір қандырып, құмарын бір тарқатты-ау! 
Айтулы жыр додасына Қырғызстан елінен Асылбек Маратов, Мундузбек Усупбек, Моңғолиядан Рашат Айдос, Қуантқан Аманжол сынды жүлделі жүйріктер келсе, еліміздегі танымал ақындар Айбек Қалиев, Ринат Заитов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Мақсат Ақанов, Дидар Қамиев, Мейірбек Сұлтанхан және өзге де танымал ақындар қатысқан болатын. Халықаралық додаға айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, айтыстың ақсақалы Жүрсін Ерман, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, белгілі ғалым, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы және Түркиядан келген ғалым, Әбдуақап Қара, Моңғолиядан келген ақын, Шынай Рахметұлы қазылық жасады. Сонымен, Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған айтысқа келген 20 ақынның ішінен келесі күнге 12 ақын суырылып шықты. Финалда Аспанбек Шұғатаев пен Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртай мен Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұлов пен Асылбек Маратов, Мейірбек Сұлтанхан мен Шұғайып Сезімхан, Ринат Заитов пен Айдос Рашат, Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиев айтысты.
Шыны керек, екінші күнгі айтыс сәл қысқалау болса да бірінші күнгі айтыстан басым болғандай. Ақындар барын салды. Қазылар көбіне толық ұпай көтеріп отырды. Алты жұп айтыс аяқтағаннан кейін қазылар ақылдасуға шығып, осылардың ішінен үздік шыққан Ринат Заитов пен Мұхтар Ниязовты бас жүлде үшін шешуші айтысқа жіберді. Екеуі де ентікпеген екен. Нағыз шаппа-шап айтыс жасады. Шулаған ел бірінен кейін біріне аунап залды жарып кетердей шатырлатып шапалақ соқты.
Ол айтыс та аяқталды. Ендігі мәселе – Бас жүлдені кімдікі? Бас бәйгені жүлдесі – 7 000 000 теңге. Шынында қазыларға қатты соғар мәселе. Осы тұста қазылардың қасына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді. Тағы да ақылдасты. Біраз сөйлесіп, бір шешімге келгендей болды. Асылбек Маратов, Айдос Рашат, Дидар Қамиев, Шұғайып Сезімхан, Аспанбек Шұғатаев сынды бес ақынға арнайы жүлде беріліп 500 000 теңгеден сыйақы үлестірілді. Жүлделі үшінші орынды Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұлов иеленіп, әр қайсысы 1 000 000 теңгеден қанжығалады.
Айта кетерлігі, Серік Қойшығұловқа берілген жүлдені Қазақстан респбликасының мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова тағайындапты. Жүлделі екінші орынды Рүстем Қайыртайұлы мен Мейірбек Сұлтанхан иеленіп, әр қайсысы 2 000 000 теңгеден еншіледі. Сөйтіп, бұл айтысқа екі Бас жүлде берілетін болып шешім шықты. Бірінші орын жоқ, екеуіне де 7 000 000 теңгеден берді!
Нағыз айтыстың шарпысын, нағыз доданың тартысын көрсеткен екі ақынға бірдей жүлде берген қазыларға риза көңілмен қайтқан айтыс сүйер қауымның құлақ құрышында қалған ақындар жыры көпке дейін ұмытылмастай болды.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
 «Егемен Қазақстан»

22 қазан 2018 ж. 1 329 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930