» » » СЫР САҚТАҒАН ТҰМАР

СЫР САҚТАҒАН ТҰМАР

Қазақ әйелдерінің зергерлік сәндік әшекей бұйымдарының бірі тамаша үлгісі– бойтұмар. Тұмар араб тілінен аударғанда бүктелген, үлгі, қолжазба деген мағынаны береді. Молданың ауырған кісіге ырым үшін жазып беретін дұғасы. Бойтұмар дұға, аят немесе қасиетті кітаптан алынған сөздер жазылған, мойынға тағылатын қастерлі зат. Бойтұмар адамдарды түрлі пәле жаладан қорғайды деп есептеген. Бойтұмар тағу барлық халықтарға тән көне дәуірден келе жатқан дәстүр. 
            Қазақ даласында тұмардың «тұмарша, қолтықша, бойтұмар» сияқты формалары кеңінен таралған. Тұмардың үшбұрышты түрі – тұмарша, бұлшық еттің астында тұратын төртбұрышты түрі – қолтықша, доғал бұрышты түрі – бойтұмар деп аталады. Тарихқа көз жүгіртсек, біздің бабаларымыз тұмар тағудың ғасырлар бойы ғажап үлгісін жасаған. Мысалы: Хан ордасында – Орда тұмар, қала қақпаларында – қақпа тұмары, үйлерде – үйтұмар, батырларда – бойтұмар, арғымаққа –аттұмар, төрт түлікте – көзтұмар, үйленгенде – қостұмар, қыз ұзатса – жасаутұмар, сәбилі болса – бесік тұмар жастататын болған. 
            Осындай бір тұмардың бірі Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы тұр.Аталмыш бойтұмар жұмыр етіп құйылған іші қуыс екі түтікшеден және  шынжыр бауға жалғанған бес салпыншақтан тұрады. Түтікшенің екі басын мешіттің мұнарасы секілді конус тәріздес етіп жасаған және ұштарындағы жиектеме ішіне жасыл түсті 2 лағыл тас қондырылған. Бойтұмардың бастары 6 жерден жоғарыдан төмен қарай бір қатар нүкте тәріздес етіп бүршіктелген. Түтікшенің үстіне қысқа шынжыр бау тағылған. Түтікше ұсақ етіп шекілген ою-өрнектері баршеңберлермен сегіз жерден құрсауланған. Шеңберлердің арасы безелген геометриялық ирек ою-өрнектермен безендірілген. Түтікшенің астындағы  жеті шығыршыққа жалпы пішінін найза тәріздес үшкір етіп жасаған әрі шынжырларға жалғанған бес салпыншақ ілінген. Екі салпыншақ жоғалған. Салпыншақтардың өне бойына рельефті ою-өрнектер безеліп, жоғарғы тұсы көлденең шекілген екі сызықша-бедерлемемен безендірілген. Материалы: күміс, ақық тастар. Өлшемі: 12,5х3,5 см. d–1,8 мм.Техникасы: Құю, ширату, безеу, штамп,  бүршіктеу, шеку. 1999 жылы Аққыр ауылы тұрғындарынан музейге сыйға алынған. Заттың иесі мен зергердің аты-жөндері белгісіз. Ескі, кейбір тұстарындағы ою-өрнектер көмескілене бастаған. Бір салпыншағы соламайымен, бір салпыншағының жартысы үзіліп, жоғалған. Инвертарлық нөмері КП №387/3.
 Басқа да мәліметтерге жүгінсек:  
1. Жас бала не жаңа туған төлді көз тиюден, ауру-сырқаудан сақтайды деген ұғыммен ішіне құран сөзі жазылған, үш бұрышты мата не былғарымен тысталған дұғалық қағаз. Балаларға есектас пен тұмар қадау тіл, көз тиюден сақтайды деп есептелген (М. Исқақов, Соқыр сенім.). Әйелім маған молдадан тұмар алып берген болатын (Ж. Молдағалиев, Торғай.). Ол ерте тұрып Серғазы молдаға тұмар жаздырып алды (Д. Исабеков, Қара шаңырақ.). 2. Ауыс. Ең қастерлі, киелі зат. Туған жердің бір уыс топырағын салып жіберуді ұмытпағайсың, тұмар ғып тағып жүрейін (Р. Сейсенбаев, Аңсау.). Бой тұмар. Бойға тағып жүретін тұмар. Сенің сол хатыңды бой тұмар ғып әлі тағып жүрмін (О. Бөкеев, Мұзтау).   
            «Тұмар» сөзінің мағынасы қай заманнан болмасын, қай елде болмасын өзіндік тарихи мәні бар. Әсіресе қазақ халқынының наным-сенімінде аса терең мәнге ие және елеулі орны бар екені жоғарыдағы мысалдардан да аңғаруға болады.
            Тұмар тағу мұсылмандықтың белгісі ме, әлде ырым-жырым ба? Әлбетте, тұмардың тарихы тым тереңде жатыр. Сенбесеңіз, ел аузында әл-Фараби бабамыздан қалды дейтін мынадай бір әңгіме де бар.            
Ұлы ұстаз қартайып, бір топ шәкірттерінің басын қосып: «Сендерге аманатым бар, құпияны сақтап, шартын орындасаңдар ғана ашамын»-дейді. «Айтқаныңызды екі етпейміз»-деп шәкірттері де бірауыздан уәде береді. Сонда ұстаз оларға киізден тігілген тұмарды ұсынып, өз қабірінің басында ғана ашуды міндеттейді. Араға көп уақыт салмай данышпан дүниеден өтеді. Шәкірттері арулап жерлеу рәсімі кезінде әлгі тұмарды ашып қараса, ішінен бір түйір қағаз шығады. Оған: «Бұл – мен туған жердің топырағы. Қабіріме осы топырақты салыңдар»-деп жазып кеткен екен. Ғұламаның әлгі өтініші үлкен тебіреніспен, толқумен орындалыпты. Ол кезеңдерде дәл қазіргідей туған жердің қадір-қасиеті артық тұрса керек... 

            Тұмар тағуға байланысты мұсылман қауымына кең тараған тағы бір аңызда былай баяндалады: Мұхамбет пайғамбардың заманында Тафашат атты бір көзі соқыр әйел болыпты. Егер ол тасқа назар салса, тас уатылып кетеді екен. Адамға назар салса, ол заматта құлайтын болыпты. Кәпірлер Мұхамбет пайғамбарды(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұқату мақсатымен атышулы әйелді оның немерелеріне айдап салады. Тафашат Асан мен Үсенге назар салғанда олар қалтырап-дірілдеп, естерінен танып қалады. Бұл пайғамбардың көңіліне қайғы салады. Сол сәтте Жебірейіл періште бір дұға жеткізіпті. Ол «Аятүл күрсі» дұғасы екен. Пайғамбар «Аятүл күрсіні» оқып үшкіргенде Тафашаттың сиқыры сынады. Осыдан кейін пайғамбар «Аятүл күрсі» дұғасын қағазға жаздыртып, екі немересінің мойнына тұмар етіп іліпті. Аңыз бойынша тұмарды ең бірінші Асан мен Үсенге таққан екен.    
            Сонымен бірге, тұмардың өзі бірнеше дәуірді басынан кешіргенін байқауға болады. Алғашында тұмар ретінде өз тотемдерінің бір мүшесі не терісі т.б. болса, кейіннен мұсылмандықтың енуіне байланысты тұмарға құраннан аяттар жазып салатын болған. Бұдан ерте кездегі діндердің өзгерген түрлерінің қазақ халқының ерекшелігіне байланысты мұсылман-дыққа да ықпал жасағанын көреміз. 
            Тұмарды әдетте діни ғұламаларға жаздырып алып, былғарымен қаптап, мойынға тағып жүргендіктен, бойтұмар деп аталады. Құран сүрелерінің емдік қасиеті бар екендігінің мысалын мына хикаядан көреміз. Он бір аяттан тұратын «мұғаууизатайн» (екі қорғаныш) деп аталатын «Нас» пен «Фалақ» сүрелерінің түсуіне Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды бір яхуди әйелдің жіпке он бір түйін түйіп, оқып сиқырлауы себеп болған. Сиқырдан пайғамбар сарғайып бозарып ауырғанда, Жебрейл (ғ.с.) періште осы екі сүрені әкеледі. Он бір аяттың әрбір аятын оқығанда, бір бір түйін шешіліп, пайғамбар құлан таза айығады. Тағы бір хадисте пайғамбар «көздің тиюі хақ» дейді. Көз тиюден, тілден алдын ала сақтану үшін Айша анаға «көз тимеу үшін үшкіріп ал» дейді. Үшкіртумен қатар тұмар, ішірткі, түтекті жазып қолданып, ұшықттау діни дәстүрде бар. Осындай емдік аят-дұғалар жинақталған кітаптар қолжазба күйінде қазақ даласына көп тараған. Кейіннен ондай дұға жазылған қағазды қадірлеп, күмістен арнайы қорап жасап, қорапты әртүрлі зергерлік техникалық әдістермен безендірілген. Сөйтіп бұл бұйым екі түрлі қызмет тұмар және әсемдік үшін әшекей қызметін бірдей атқарған. Оны әртүрлі пішінде жасайды және мойынға іліп жүретін әсем шынжыр бау тағады. Тұмар немесе әшекей бұйымдарын жасауда қазақтың зергерлік өнеріне көне дәстүрлерді жалғастыру және көршілес елдер мәдениетінің өзара әсері де негіз болған. Орта Азияның басқа халықтары секілді қазақтардың да таққан көптеген зергерлік бұйымдардың тек әшекейлік бұйым ретіндегі қызметінен бұрын тұмар иесін бәле жаладан, қауіптен қорғау мақсатындағы мағынасы басым. Кейбір әшекей бұйымдардың формасы мен оған түсірілген өрнектер ежелгі наным сенімдер және халық дәстүрімен өте тығыз байланысты. Мысалы: аңдар мен құстар алғашқы кезде киелі саналып, тайпаны қорғайтын рулық тотем болса, өсімдік тектес өрнектер қазақтарда және басқа Орта Азия халықтарының түсінігінде «өріс жаюы» білдіреді. Тұмар көбіне балалар мен әйелдерге ғана арналып жасалған. Балаларға қызыға қараған көзден, тілден сақтасын десе, әйелдерді ұрпақ жалғастырушы ретінде сақтау үшін тағылады. Сондықтан да қазақ ұғымында бойтұмар ұрпақтың көбею, өсу символын білдіретін бұйымдардың қатарына кіреді.            
           
Ал тұмар тағу жөнінде ислам ғұламалары тарапынан екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Бір тобы Пайғамбарымыздың тұмарға қатысты: «Кім тұмар тағатын болса, Алла оған денсаулық бермесін», «Кім тұмар тақса, Аллаға серік қосқаны» деген хадистеріне қарап, тұмар тағуды түбегейлі теріске шығарады. Екінші топ ғалымдары дәл осы хадистерге сүйене отырып, оларда Құран аяттары жазылған тұмарлар емес, басқа тұмарлар туралы сөз болып отырғанын, ал Құран аяттары жазылған тұмарды таққан адам Аллаға сенгендіктен, «Құран аяттары жанымда жүрсін» деп ізгі ниет еткендіктен тағатынын айтып, оны ислам шариғатына қайшы емес деп тапқан. Дегенмен ғұламалардың басым көпшілігі «Құран аяттары жазылған тұмарды негізінен балаларға таққан дұрыс, ал ересек адамдар Құран аяттарын жаттап алып, үнемі қайталап жүргені абзал» деп тұжырымдаған. Яғни бұл орайда да атамыз қазақтың жеті рет өлшеп, бір рет кесетін дағдысымен шариғаттан шалыс кетпегенін аңғаруға болады.
Музей қызметкері Т.Қозыбағаров
01 қараша 2018 ж. 2 103 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930