ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒЫСТАРЫ МЕН ҚАРҒЫСТАРЫ
“Бал тамған тілден у тамар»
(Халық мақалы)
Рас, қазақ “тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар” деп әдемі-ақ айтқан. Міне, тілдің небір күрделі де қиын сипаттарын қысқа ғана маржан сөзбен дәлелдей салыпты... Бұған иланбасқа болмас.
Қазақтың ана тілі дәл осындай құдіретімен құнды. Бұлбұлдай сайраған шешендер тілімен судырап төгілген не ғажайьш сөз меруерттеріне шек келтіруге болмайды. Егер анаңыз “Ботам, жасың ұзақ болсын, мерейің өссін! Құлыным, таудай табысты бол! Ақеркем, жаңа шыққан күндей бол, жарқыраған айдай бол!” деп күн мереймен сізді құлай сүйіп, құтты құшағына алып, бал тілімен еркелетсе, күн астыңда сізден бақытты адам болмас еді. Ал, керісінше, сізге тіл тікенін қадап, “Жетпей желкең қиылғыр! Көктей орылғыр! Кеудеңді қара тас бассын! Көзіңе құм құйылсын! Жүзің күйіп, жүзқара бол!” деп нәлет жаудырып, қарғап-сілесе, онда сіз ана құшағынан сытылып шығып, алты қат аспаннан, жеті қат жерден кірерге тесік таба алмай, тіл уынан тірідей өлер едіңіз.
Пенде үшін ең үлкен мерей – үлкендерден бата алып, елдің, халықтың алғысына, құрметіне бөлену. Тірлікте одан артық рахат жоқ. Ал ең қиыны – қарғыс естіп, ел алдында тірідей өлу. Мына дүниеде бұдан асқан қорлық болмақ емес.
Міне, тілге тиек еткелі отырған “Алғыс”, “Қарғыс” аталатын осынау егіз ұғымдарымыздың мағыналары бір-біріне мүлдем қарама-қарсы. Алғыс ақ батасын ақтарып, бал сөзден мерей төксе, қарғыс нәлет жаудырьш, у сөзбен өлтіре арбайды. Қазақ тілдің осы сипаттарына қарай отырып, бір жүректің екінші жүрекке ыстық ықыласын арнап, адам рухының мерейін жоғары көтеріп, өміргежігерлендіре, болашаққа үміттендіре айтылатын тәтті тілек сөздерді “алғыс” деп атады да, адам рухына соққы беретін, өмірден түңілдіретін, жағымсыз қылықтарға қарсы айтылған ащы сөздерді “қарғыс” деп атады. Сөйтіп, қазақ жақсылық істеген адамдарға алғыс айтып мадақтайтын, опасыз, жауыз адамдарға қарғыс жаудыратын болған. Мұнда алғыс болсын, мейлі, қарғыс болсын, жай сөзбен емес, шешен тілмен айтуды шарт еткен.
Алғыс та, қарғыс та белгілі адамға, табиғатқа, әртүрлі шаруашылыққа, тіпті, өмірдегі нәрселердің бәріне арнайы айтылады. Осы тұрғыдан келеміз де, алғыс пен қарғысты шешендік сөздердің бір саласы — шешендік арнауға жатқызамыз.
Неге?
Ауыз әдебиетіміздің шұрайлы саласы шешендік сөздердің кенже зерттелгені былай тұрсын, ел аузынан жиыла бастағанына да тым ұзақ болған жоқ. “Мұра”, “Шалғын” журналдары жариялаған бата, тілек, алғыс сөздері болмаса, қарғыс сөздер атымен жазба бетін көрген емес. Әуелі шешеңдік сөздерді арнайы зерттеп, осы саладан кітап шығарып үлгерген мамандарымыздың еңбектерін ақтарсақ та “қарғыс” туралы ештеңе айтылмайды. Олар шешендік сөздердің түрлерін былай бөліп зертгейді: шешендік арнау (сәлем, әзіл, бата, елге, жерге, малға айтылатын сын); шешендік толғау (аманат, ақыл, өсиет-насихат); шешендік дау (ар-намыс, есе-тендік, алашақ-ақы, жер, жесір, мал, құн дауы) деп бөлсе, енді бірде шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау деп үлкен жақтан топтастырады. Алғыс пен қарғысты ауызға да алмайды. Соңдықтан бұл еңбегіміз шешендік өнерді терендей зертгеуді негізгі мақсат етіп, алғыс пен қарғысты шешендік арнаудың екі түрі деген атпен дәлелдеуге тырысады.
Бұдан бұрын біздің елде шешендікке қатысты сөздерді жинау барысында алғыстарды “асыл мұра” деп, азды-көпті жинап, журналдарға немесе айырым кітаптарда жарияладық. Ал қарғыстарды “жексұрын сөз” деп ілікке алмадық. Нәтижеде қарғыс та шешендік арнаудың бір бұтағы екенін ескермедік.
Сан ғасыр сарабынан өтіп, бізге ауызша сақталып жеткен шешендік өнердің баршасы бірдей әлеуметтік мүддені көздеп, қорғап, қолдап, қоғам, халық тағдырына әсер ететін сұлу-сымбатты сөздер бола бермеуі мүмкін ғой. Кейбір шешендердің сөздері жеке адамға, жеке оқиғаға, жеке мәселеге, жеке іс-әрекетке, жеке шаруашылыққа қатысты айтылуы ықтимал. Сол себептен шешендік сөздердің көп бөлімі «зерттеліп, жазба бетіне түссе де, кейбір жеке адам, жеке іс-әрекетке, жеке шаруашылыкқа арнап айтқан түрі, күні бүгін де жазба бетін көрмей, әлі де ауызша айтылып, көкірекке жатталып келеді. Әсіресе алғыс пен қарғыс сияқты түрлері жазба бетін көрмегендіктен, бабалардан қалған не бір ғажайып алғыстар мен қарғыстар ұмыт болып барады.
Алғыс пен қарғысқа да бірдің екіге бөліну заңы бойынша талдау жасағанымыз жөн. Қазақ тіліндегі алғыс пен қарғыс адам өміріндегі жақсы мен жаманды парықтандыратын сара сөздер, яғни шешендік арнаудың екі бұтағы. Сондықтан да алғыс пен қарғысты арнайы бір тақырып етіп зерттеудің ешқандай артықтығы жоқ деп санаймын.
Шешендік өнерді тұтастай алып, зер сала зерттеп өткен Қазақ ғалымы Балтабай Адамбаевша айтсақ: “Шешеңцік өнер қай жерде, қай елде сөзғе бостандық, еркіндік болса, жүйелі сөзге жұртшылық құлақ асса, міне, сол жерде, сол елде ғана дамыды. Керісінше ақыл-ойға, сөзбен тілғе қысым жасаған, шек қойған жерде, елде дамымайды. Бір тәуір жері біздің қазақ елінде, ақындық пен шешендікті қасиетті өнер санап, “өнер алды қызыл тіл” деп орақ ауыз, от тілді адамдарды қолдап-қуаттап отырған. Әуелі кезекті сөзін айта алмаған адамға “ауызға келген түкірік, қайта жұтса мәкүрік”, “сөзбен сөзге жауап қайырмаса, сөздің атасы өледі” деп кімнен болса да тартынбай-тайсалмай сөйлеуді дәріптеп отырған.
Сөз еркіндігі күллі қазақ елінде алғыс пен қарғыстың небір кереметтері айтылған екен-ау! Алдымен алғысқа тоқтайық.
Жаңалық пен жақсылыққа “құтты болсын айту”, қаза мен қайғыға “арты қайырлы болсын” деп көңіл айту – қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы. Жолаушыны келгенде “қош келдіңіз, аман жеттіңіз” деп қарсы алу, кеткеңде “жолыңыз болсын, аман жетіңіз” деп, ақжол айтып шығарып салу жаңа салтымызға да жат емес. “Жақсы сөз – жарым ырыс” деп, тілектестік сөзге бөлек орын берген. Халқымызда мұндай бата, алғысты бейнелейтін шешендік сөздің сан алуан түрі бар. Мәселен, қазақ халқы “ас адамның арқауы”, “астан ешкім үлкен емес” деп заттық игіліктің адам өміріңдегі шешуші мәнін дұрыс танып, астың алды-артында жақсы тілек, игі ниеттерін білдіретін болған:
Дастарқаннан ас кетпесін,
Бастарыңнан бақ кетпесін,
Кетпес ырыс, кең пейіл берсін.
Балаларың көп болсын!
Бақыттары баянды болсын!..
деп келетін қазақтың бата, тілек, алғыстары – сонау ескі дәуірден қазірге дейін құнын жоймай келе жатқан, халықтың үміті мен келешекке сенімін білдіретін жарқын ниет, игі тілектерінің куәсі. “Алғыспенен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп елдің алғысын, үлкеннің батасын алуды қазақ жоғары бағалаған.
Болат Бопайұлы Жота Қажы.
http://reactor.inform.kz