Бізде көше мәдениеті қалыптасқан ба?
«Жүре берсең, көре бересің» деген сөзді көшеге шыққанда айтсақ та болатындай. Қанша адам болса, соншама ой-ауан болатынындай, далада да неше түрлі адамды көреміз. Көшедегі жастар да, қариялар да білуі керек этикет нормаларын еске түсіріп қояйық. Этикет заңдылықтарын үйде ғана емес, көшеде де сақтауымыз керек. Заманауи адамның ең бір маңызды қасиеті – айналадағы адамдарды құрметтеу болып табылады. Үйден түзге шығар алдында айнаға қарап, өзіңді ретке келтіріп алу керек. Тіпті қоқыс тастауға шыққанда да кірлеген киіммен, ұйпа-тұйпасы шыққан шашпен шығуға болмайтынын ескер. Бұдан басқа, үстіңнен жайсыз иіс шықпауын қадағалағаның абзал. Көше бойымен жүргенде оң жақта болуға тырыс. Қарсы келе жатқан адамдардың да оң жағынан өткенің дұрыс. Егер жолыңа әлдекім шығып алса, итеріп, қасына жақындауға болмайды. Жәй ғана өтіп кетуге рұқсат сұра. Ал жол тарлау болса, қарсы келе жатқан адамның өтіп кетуі үшін жол бергенің жөн. Ал достарыңмен бірге әңгімелесіп тұрғанда адамдар өтетін жолды жаппай, шеткері шығу керек. Тиісінше, қол сөмке немесе басқа да заттарды оң қолға ұста, себебі қарсы келе жатқан адам сол жағыңмен өтеді. Ал қолшатырды тек жоғары көтеріп ұстау керек, егер аласа ұстасаң өзгелерге тиіп кетеді. Тамшылар да өзгеге тимегенін қадағала. Адамдармен барынша жылы қабақпен сөйлесіп, ал балалы әйелдерге, ақсақалдарға, әжелерге, мүгедек жандарға көмектесуден бас тартпа. Оларға жолдан өтуге, ауыр жүк көтерісуге, көлікке отырғызуға көмектес. Кем-кетіктер мен жағдайы нашар адамдарға тесіле қарауға болмайды. Жолда таныс адамды көріп қалып, онымен жол үстінде әңгімелесіп тұрма. Қаншалықты жақының болса да кетіп бара жатқан адамның уақытын алма. Егер досыңмен кетіп бара жатып, өзге бір досты кездестірсең екеуін таныстырып барып әңгіме жалғауға болады. Жол сұрап, ақпарат алу үшін барынша құрметпен сөйлеуге тырыс. Ал егер сенен біреулер көмек сұраса, мүмкін болғанынша көмектесуге аянба. Ал егер сұраған көше жайлы сенімсіз болса, «Кешіріңіз, мен білмейді екенмін» дегенің орынды болмақ. Көшеде біреу сізге бағыттап бір нәрсе айтып жатса елемей өтіп кетуге болмайды. Мән-жайды біліп, жауап беру керек. Көшеде қатты сөйлеп, күліп немесе қоқыс лақтыруға тыйым салынады. Ысқырып, спирттік ішімдік ішсең – тәртіп сақшылары жауапкершілікке тартады. Қоқысты тек арнайы қоқыс тастайтын жерге апар. Егер қоқыс тастайтын жер жақын болмаса қоқысты қағазға орап, сөмкеге салу керек.
Толығырақ: https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/dep/18274/