» » » Қазақстан Президенттігіне кім үміткер бола алады

Қазақстан Президенттігіне кім үміткер бола алады

Осыдан 1 айға жуық уақыт бұрын, нақты айтқанда 19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті ретіндегі лауазымын тоқтатып, еліміздің ең жоғары билігі сол кездегі Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткеннен кейін қоғам арасында алдағы президенттік сайлауға қатысты сан-алуан пікір болғаны белгілі.


Кейбір сарапшылар Қ.Тоқаев Тұңғыш Президенттің қалған мерзімін соңына дейін атқарып, одан кейін ҚР Конституциясының 41-бабына сәйкес Республика Президентінің кезекті сайлауы 2020 жылдың желтоқсан айының бірінші жексенбісінде өткізілетіндігін болжаған болатын. Кезектен тыс сайлау өтетіндігін айтқандар да болды. Дәл осы мәселеге бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы ел халқына үндеу арнап, соңғы нүкте қойды.

«Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды үндеу жариялағалы отырмын. Еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын  2019 жылдың 9 маусымда өткізу туралы шешім қабылдадым. Мен бұл жауапты шешім бойынша  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палатасының спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім. Конституциялық кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім. Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау өте маңызды әрі қажетті қадам», - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен сайлау мерзімі нақты жарияланды. Енді президенттік лауазымға кімдер үміткер бола алады? ҚР Конституциясының 41-бабы 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңының 54-бабында Республика Президентіне қойылатын талаптар  нақты көрсетілген.

Атап айтқанда, Президент болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс. Президенттiкке кандидатқа Конституцияда және осы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға оның сәйкестiгiн Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшірме кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде анықтайды.

Президенттiкке кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына заңнамада белгіленген ең төмен жалақының елу еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат Республика Президенті болып сайланса немесе дауыс беру қорытындысы бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда, енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады. Бұл ретте Президенттiкке кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл тұрып жатқандығын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды, ал кандидаттың мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгергенiн анықтау рәсімі Республика Конституциялық Кеңесінің Конституцияның 41-бабының 2-тармағын ресми түсiндiру туралы шешіміне сәйкес Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен айқындалады. Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі кандидатурасы өкілеттіктердің келесі мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген Республика Президентіне қолданылмайды. ҚР Конституциясының 41-бабы 1-тармағы бойынша Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды. Осы баптың 5-тармағына дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі. Егер кандидаттардың бірде-бірі көрсетілген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екі кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.

Сондай-ақ Ата заңымыздың 42-бабы 5-тармағына сәйкес бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Айта кетерлігі, бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.

Дереккөз: www.inform.kz
09 сәуір 2019 ж. 780 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930