ӘЛПІ ПАРТИЗАНЫ


Ұ
лы Отан соғысының ардагері, Франциядағы қарсыласу қозғалысының жауынгері, партизан Байтөреев Мәдібай әкеміз туралы бір көркем дүние жазсам деген жоспар басымда осыдан үш-төрт жыл бұрын пайда болған. Мәдібай әкеміздің тағдыры, оның Француз партизан қозағалысындағы жорық жолдары қызықтыратын. Бірақ бұл әкеміз жайлы білетінім тым мардымсыз еді. Мәдібай ақсақал 1998 жылы дүниеден өтті. Ол кезде мен оқуымды бітіріп келіп, білім саласындағы жұмысымды енді бастап жатқан кезім еді. Мәдібай әкемізді сырттай естігенім болмаса көрмегенмін. Біздің ауыл құрылғанда директор Камал Бердәулетов ағамыз бұл кісіні прораб қылып әкелгенін білетінмін. Яғни, 1964 жылы құрылған Аққыр совхозының алғашқы прорабы.
 2014 жылдың мамыр айының басы. Бұл кезде мен Жалағаш ауданы әкімі аппаратының кеңесшісі болып істеп жүрген кезім. 9 мамыр мерекесінің қарсаңы болатын. Ұлы Жеңіс мерекесінде өтетін мерекелік шаралар мен аудан әкімінің құттықтауларын қарап отырғанмын. Кабинетке кент әкімі Құлмахан Қожантай ағамыз кіріп келді. Бір шаруалармен әкімге кірмекші.
- Әкімің бос емес екен, сенің кабинетіңде отыра тұрайын, не істеп жатырсың? – деді Қожекең амандық-саулықтан кейін.
- Ай, не істейін, біздің жұмыс қағаз ғой, Қожеке, 9 мамырдың материалдары, ардагерлердің құттықтауы дегендей.
- Қағазға көміліп отырмын десейші, ардагер демекші, ал, енді мен саған бір қызық айтайын ба? – деді Қожекең бір әңгіменің шетін шығарып.
- Айтыңыз, Қожеке, құлағым сізде.
- Байтөреев Мәдібай деген кісіні білесің бе?
- Жалпы білем.
- Жалпы несін білесің?
-Қожахмет Баймаханов ағамыздың әкесі. Ұлы Отан соғысының ардагері, немістердің тұтқынында болған, 1964 жылы біздің ауыл Аққыр құрылғанда алғашқы прорабы болған.
- Е, бұл көпшіліктің білетін нәрсесі ғой, басқа не білесің?
-Басқадай ол әкеміз туралы білмедім, Қожеке, - дедім мен шынымды айтып.
-Ал, енді сол әкеміздің Францияда жүргендегі жорық жолдарын өз қолымен жазған естеліктері бар екен.
- Оу, мынау үлкен жаңалық қой, Қожеке, ол қайда, кімде сақталған?
- Ол өзінің үйінде, әжеміздің сандығында сақтаулы.
- Оны өзіңіз көрдіңіз бе, Қожеке?
- Көрдім, бірақ ықтияттап қарағаным жоқ, үстірттеу шолып шықтым. Былай біраз дүние, өз қолымен жазған.
- Қалай екен, жорық жолдарын түсірген болар?
- Ай, енді біраз дүние, француз қыздары туралы да жазғаны бар,- деп Қожекең бір күліп алды. - Сен қалам ұстаған адам болғасын айтып отырмын. Егер сен оны алып таныссаң бірдеңе шығарар едің.
- Онымен қалай танысам, алып берсеңізші маған, көрейін.
- Алып берейін, көр.
- Онда келістік, Қожеке, мынауыңыз жақсы болды...
Қожантай ағам бұл уәдесін екі жылдан кейін орындады. Екі-үш рет сұрадым. «Ай, уақыт болмай жатыр, Қожахмет ағайға баруым керек еді, іс сапарға кетіп қалыпты» - деді. «Шалымның көзіндей сақтап отырған дүнием, жоғалтасыңдардеп әжеміз бермеді» - деді тағы бір сұрағанымда. Сөйтіп Әлпі партизанының қойын дәптері 2017 жылдың соңында ғана сәті түсіп, қолға тиді.
Жүз бетке жуықтайтын қолжазба  дәптер. Ақсақал мұны 1990 жылы жазған екен. Сірә зейнетке шығып, қол босағасын жорық жолдарын хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырғысы келген болу керек. Алған бойда қолжазбаны бір оқып тастадым. Оқып отырып байқағаным, ақсақал сәті келгенде, ойындағасын қағазға түсіре берген, жүйелеуге үлгірмеген секілді. Араға бір-екі ай уақыт салып бір-екі мәрте тағы оқып шықтым. Әр оқыған сайын бір жаңалық ашып, қасіретті ғасырдың қойнауына ене бердім. Сонау Франция, Әлпі тауының етегі, партизан отряды, азапты жолдарда бейне бір өзім жүргендей тарих тереңіне сүңгідім де кеттім...
Соғыс тұтқыны!
Осы бір суық сөзді естігенде көз алдыңа кинофильмдерде көріп жүретін алажолақ  киім киген, омырауында реттік нөмірі жазылған төрт бұрышты қаңылтыры бар жүдеу жүзді кеңес жауынгері келе қалады...                  
Польшаны жаулап алған соң алты ай тыныштықтан кейін фашистікГермания 1940 жылы көктемде Солтүстік және Солтүстік Батыс Еуропа елдеріне бет бұрды. 1940 жылы 10 мамырда гитлерлік Германия Батысқа жорығын бастады. Бельгия, Люксембург және Нидерландыны тез жаулап алған неміс әскерлері бір аптаға жетпей Франция жеріне кірді. 18 мамырда немістер Сомма өзеніне қарай француз шебін бұзып өтіп, Кале маңында тұрған 350 мыңдық ағылшын-француз әскерлерінің ту сыртынан шықты. 22 мамырда неміс қолбасшысы  Гудерианның танк құрамасы ағылшын-француз әскерлерінің кейін шегінер бірден-бір мүмкіндігі Кале портына жақындады. Бірақ  осы кезде Гитлер ешкім күтпеген – жорықты тоқтату туралы бұйрық берді. Гитлердің осы қателігі  ғана 350 мыңдық ағылшын-француз әскерін аман алып қалды. Қоршаудағы ағылшын-француз әскерлері теңіз арқылы Англияға өтіп үлгірді. 
5 маусымда немістердің Францияның ішкері аймақтарына шабуылы басталып, ол 22 маусымда Франция үкіметінің жеңілгендігі туралы бітімге қол қоюымен аяқталды. Франция үшін масқара бітім шарты 1918 жылы Германияның жеңілгендігі туралы бітімге қол қойылған мұражайдан алдырылғанМаршал  Фоштың вагонында жасалды. Германия өзінің бақталасы Францияға деген өшпенділігін осылайша дәлелдеді.
1941 жылы маусымда Германия соғыс жарияламастан Кеңес Одағына тап берді. Соғыстың алғашқы күндері кеңес әскері үшін аса ауыр болды. Шайқастың алғашқы алты айы ішіндегі Кеңестік әскердің шығыны 3 миллион 138 мыңға жетті. Бұндай үлкен шығын туралы кеңестік тарихта бұрын айтылмай келді. Алғашқы айларда Кеңес әскері осылайша орасан зор шығынға ұшырады. Ірі әскери бөлімдер, құрамалар қоршауда қалып, мыңдаған адам тұтқынға түсіп, Германияға айдалды.
Дегенмен, қоршауға түскен кеңес әскерінің бір бөлігі қиян-кескі шайқастардан кейін қоршауды бұзып өтіп, өз бөлімдеріне қосылды немесе партизан отрядтарын құрды. Солардың бірі, бірегейі әйгілі  қолбасшы, даңқты батыр атамыз Бауыржан МомышұлыҰлы Отан соғысында 207 рет ұрысқа кіріп, 5 рет жау қоршауында қалып, қоршауды бұзып өтіп, өз бөліміне келіп қосылғанын білеміз. Бірақ Бауыржан сияқты жүрегінің түгі бар батыр, білімді, білікті, әскербасылар көп емес. Сондықтан тұтқынға түскен әскерлердің барлығы бірдей қоршауды бұзып шыға алған жоқ. Тағдыр тәлкегімен неміс тұтқынында кете барды. Ал, тұтқынға түскендердің қандай күйде болғандарын  соғысты көрмеген бізге айтып жеткізу қиын. Оны біз тек тарихи дерек көздері арқылы ғана білеміз. Еуропа елдерінің әскери тұтқындарымен салыстырғанда біздің тұтқындардың көрген қияметі адам төзгісіз болды. Басқа мемлекеттердің тұтқындары Женева, Гаага конвенцияларының шешімдеріне сәйкес, Халықаралық Қызыл Крест арқылы өз елдерінен азын-аулақ болса да киім-кешек, азық-түлік және тағы басқа заттар алып тұрды. Ал, Сталин болса кеңес тұтқындарын «Отанын сатқан опасыздар» - деп айыптап, кеңес тұтқындары өз елінен ешқандай көмек ала алмады.
Отан соғысы тарихына байыптап қарасақ тұтқынға түскендердің көпшілігі жау қолына жаралы болып, шегіне алмағандықтан, ес-түсінен айырылғандықтан немесе оғы таусылғандықтан түсті. Шындығына келсектұтқынға түсу де - әскери маневр. Тұтқынға түсу - өмір сүруді жалғастырудың соңғы мүмкіндігі. Оның өзі жауға қарсы күресті жалғастыру деген сөз. Тұтқынға түсуден қауіптеніп өзін-өзі ату дұрыс түсінсек – қылмыс. Құранда да өзіне-өзі қол жұмсау – қылмыс болып саналады.
Сенімді дерек көздеріне сүйенсек кеңес халқының 5,3 миллионы жау тұтқынында болған. Осы соғыс тұтқындарының жағдайы адам айтса нанғысыз қиын болды. Олар тұтқында жүріп елге аман-есен қайту үшін, отбасына оралу үшін соңғы демі қалғанша күресті. Барлық қиындықтарға, адам төзгісіз азапты жұмыстарға шыдап бақты. Неше түрлі аурудан, індеттен тұтқындар лагерьлерде қырылып жатты. Ал, соғыс біткесін аман сау елге қайтқандарын елде НКВД-ның жендеттері күтіп алды. Елге келгесін олар Отанын сатқан опасыздар ретінде әртүрлі мерзімге сотталып, түрмелерге тоғытылды. Өйткені Жоғары Бас қолбасшының бұйрығы бойынша Кеңес жауынгері мен офицерлері тұтқынға түспейді. Тұтқынға берілетіндер олар Отанын сатқандар.
Осындай азапты жолдан Мәдібай Байтөреев те өтті. Мәдібай ақсақал 1938 жылы  әскерге алынып, 1941 жылы соғыстың алғашқы айларында тұтқынға түсті. Тұтқынның азапты жолы Германия мен Францияда, соғыс аяқталғасын Сібір түрмелерінде жалғасты. Сөйтіп елге 1954 жылы біржола оралды. Тағдыр тәлкегімен өмірдің талай соқпағынан өткен, бірақ берілмеген, тізесі бүгілмеген, майыспаған, сынбаған, тағдырдың барлық сынағына көнген, сөйтіп бәрін де жеңген жауынгер-партизанның жорық жолы мен өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі.       
*     *     *
...Бұлар отрядқа келгенде бұл жақта жаңа жорыққа қызу дайындық жүріп жатты. Мәдібай келген бойда Иренді іздеді. Өткен жолы қоштасарда, «Мен енді отрядта болатын шығармын» - деген. Орталық штабқа іс-сапар, француз қала-қыстақтарына қыдыру басқалар үшін қызықты болғанымен Мәдібайға кереметтей бола қойған жоқ. Жүрегі құрғыр отрядқа қайтуды қалады да тұрды. Жатса-тұрса көз алдынан Ирен кетпей қойды. «Мен осы қызға шынымен ғашық болып қалғаннан саумын ба?» - дейді өзіне өзі.
Машинадан түсіп, лагерьдегі жігіттермен шұрқырай амандасып жатыр. Орталық штабтан алып келген жеміс-жидектерді, бір қорап француз виносын көргенде жігіттер қуанып қалды. Бұларға ризашылығын білдіріп, жемістерден алып, винодан ішіп жатыр. 
Тамыздың тамылжыған тағы бір күні өтті. Кешке қарай топ командирлері штабқа жиналды. Капитан Моно тапсырманың мән-жайын айтып отыр. Бұл кезде Мәдібай француз тілін өте жетік меңгермегенімен, жалпы нобайын түсінетіндей халге жеткен. Мононың айтқанынан, тілмаштың аударуынан түсінгені, маусым айында екінші майданның ашылуынан кейін немістердің жағдайы жақсы емес. Уақыт өткен сайын неміс әскерлерінің мұндағы ахуалы қиындап жатқан көрінеді. Германиядан азық-түлік, қажетті қару-жарақтар жеткізудің өзі олар үшін үлкен мәселеге айналған. Кеше батыс аймақтағы неміс әскерлеріне Германияданбір жүк колоннасы шыққан. Колоннада жиырма-отыздай жүк көлігі бар. Олардың алып келе жатқандары негізінен азық-түлік пен қару-жарақ, оқ дәрілер. Колонна Шательро, Пуатье қалаларындағы әскери бөлімдерге Страсбург-Дижон-Монтуар тас жолы арқылы барады. Колоннаның негізгі межесі Бордо қаласы. Колоннаны бір взводтай неміс жауынгерлері қорғайды. Міне, осы колоннаны жолдан күтіп алып, жою қажет. Ертерек жолға шығып, жолды миналау керек.    
-Сержант Мишель, өзіңмен келген жігіттер мен немістерден тұтқыннан босатылған жауынгерлерден арнайы бір отряд жасақталды. Осы отрядқа басшылық жасауды өзіңе тапсырамын. Отрядтың басым бөлігі орыстар. Бүгін түнде жорыққа атанасыңдар. Барлау мәліметтері бойынша колонна таңғы сағат алтылар шамасында біздің межелеген жерімізге, Дижон Кутернон қалалары арасындағы тау шатқалына келеді. Сол кезде шабуылдап, жою қажет. Колоннаны таудағы тар шатқалдан күтіп аласыңдар.  
Топ командирлері штабтан шыққанда қас қарайып, көз байланған мезгіл еді. Мәдібай өзінің жігіттерін түгендей бастады. Расында бұған бекітіліп берілген отыз жеті адам, отрядтың басым бөлігі орыстар екен. Татарлар мен грузиндер бар, башқұрт Самат пен өзімен бірге келген сегіздің бірі Сәрсенбай бар. Отрядта бірде-бір француз жоқ. Негізі капитан Моно ақылдаса келе осылай іріктеген сияқты. «Өздері мен өздері болсын көрейік» - дегендей. «Несі бар, мейлі, тіпті жақсы» - деп ойлады Мәдібай. Бұл бір жағынан сынақ, «Орыс жауынгерлері қалай соғысар екен?» - деген сыңайлы. Айбынды Қызыл армияның жауынгерлерінің ерлігі мен батылдығы осы жорықта байқалады. Отрядты жинап, қару-құралдарын тексеріп, олармен сөйлесіп, жете танысқанда  араларында Қызыл армияның офицерлері де болып шықты. Мәдібай бұны олардың әңгімелерінің ауанынан байқады. Олар Мәдібайдың берген тапсырмаларына сыни көзбен қарап, мойынұсынбағандай сыңай байқатты.
-Жолдастар, біз қазір соғыста жүрміз және өзге елдің территориясындамыз. Әскери уставқа жүгіне бермейтін партизан отряды болғанымызбен, шешім қабылдауда менде дербестік бар. Осындай құқықты маған француз партизан құрамасының командирі Моно арнайы бұйрықпен бекітті. Мен сіздердің дұрыс пікірлеріңізді құптаймын, ал егер алдағы жорық кезінде отрядта алауыздық туғызатын әрекеттерді байқайтын болсам, табанда атып тастаймын, - деді түсін суыққа салып.
Мынадай ескертуден кейін әлгілердің жүні жығылып қалды. Жорыққа аттану мерзіміне дейін үш сағаттай уақыт бар еді. Мәдібай сарбаздарға барлық қару-жарақ, жолқапшықтарын дайындап алып, үш сағаттай демалып алуға рұқсат берді.
Сарбаздар демалуға кеткесін Мәдібай Сәрсенбай екеуі қалды.
-Мәке, бұл жорықтың жайы қиындау болайын деп тұр-ау, сірә, - деді Сәрсенбай қалтасынан француз шылымын алып, тұтатып жатып.
-Қиынына қиын, бірақ бізге үлкен сынақ, тапсырманы қалайда орындауымыз керек. Орындай алмасақ ұятқа қаламыз.  
-Иә, жауапты тапсырма, сәтін салсын, - деді Сәрсенбай.
-Жігіттердің шамасын байқадың ғой, жорық кезінде екеуміз бір жерде болмаймыз. Мен отрядтың басында болсам, сен ортасында жүр, егер арандату, ірткі салу әрекеттері байқалса аяма, атып таста. Мұсылман ғой деп башқұрт Саматқа да, татарларға да сенбе, - деді Мәдібай.
-Түсіндім, Мәке, - деді Сәрсенбай.
-Түсінсең, сәл көз шырымын алып, демалып алайық, - деді де екеуі қосқа беттеді.
Осы кезде штабтан екі қыз шықты да бұларға қарай жүрді. Бұл келе жатқан Ирен еді, қасындағы қызды Мәдібай танымады.
-Мына қыздар саған келе жатыр ғой шамасы, мен демала берейін, - деді де Сәрсенбай қыздармен бас изесіп амандасты да, қосқа кетті.
Қыздар Мәдібайдың қасына келіп амандасып, Ирен қасындағы қызды таныстырды.
-Танысып қой, Мишель, менің досым Мирея, - деді Ирен.
-Қуаныштымын, Мишель, - деп Мәдібай қолын ұсынды. Қыздың қолы үлбіреп тұр екен. Түрінен жас екені көрініп тұр, әрі десе он жеті-он сегізде.
-Мен жорыққа сендермен бірге барамын, командирден сұрандым, рұқсат етті, - деді Ирен Мәдібайға наздана жымиып.
-Оның не, жорыққа неге қызықтың, бұл жорық қиындау болады. Атыс, айқас болады.
-Мейлі, маған бәрібір не болса да, сенің қасыңда болсам болды. Сені жалғыз жібергім келмейді.
-Мен неге жалғызбын, түгел отряд бар емес пе, - деп күлді Мәдібай.
-Олар саған мендей қарай алмайды, қиындық болған жағдайда мен сенің қасыңда болуым керек.
Мирея бұлардың түрік тілінде не айтып тұрғанын түсініп тұрған жоқ. Бірақ ол да жігіттен көз алмай қарап қалыпты. Әлден уақытта Иренге французша әлдене деп тіл қатты. Ирен жауап берді.
-Ол не айтты? – деді Мәдібай.
-Жігітің өте сымбатты, маған ұнады деп тұр, - деді Ирен.
-Ал сен не дедің?
-Мен оған сымбатты жігітті сен де жан досыңдай сезінуіңе болады дедім, - деп күлді де Ирен Мәдібайдың мойынына асылып, екі бетінен сүйіп-сүйіп алды. Бұған Мәдібай да күлді, сосын қыздың екі білегін мойынынан алып:
-Көңілдеріңе рақмет, Ирен, енді аздап демалып алайық, қазір екі сағаттан кейін жолға шығамыз, - деді.
-Жарайды, демалсақ демалайық, сен бізге жүр, біздің қасымызға демал, - деді Ирен.
Үшеуір қыздар жатқан жертөле-қосқа келді. Қосқа кіргесін Ирен бір сәт ойланып тұрды да, Мәдібайдың мойнына асылып:
-Мишель, өткен жолы берген орамалым қайда берші, мен өзім де көрейін, - деді наздана жымиып.
Мәдібай жан қалтасынан өткен жолы түнде Иреннің берген орамалын алып берді. Ирен қызыл дақтар түскен ақ жібек орамалды алып қарады да, бетінің ду ете қалғанын сезді. Сосын Мәдібайға көзін төңкере қарап:
-Енді маған риза шығарсың, Мишель, мен не дегенмін түрік қызымын ғой, саған дейін пәктігімді жоғалтқаным жоқ, көрдің ғой, - деді.
-Көрдім, саған ризаман, Ирен, - деді Мәдібай қызды бауырына қысып.
-Сенен балам болғанын қалаймын, - деді Ирен Мәдібайдың мойнына асылып, көзін жұмып.
-Құдай қаласа болады, - деді Мәдібай қыздың алтын түстес шашынан аялай сипап. –Ал, енді сәл демалып алайық, екі сағаттан кейін жолға шығамыз...
Екі сағаттай демалып, отряд жолға шықты. Отрядты сапқа тұрғызып, қару-жарақтарын Мәдібайдың өзі тексеріп шықты.
-Ирен, сен осы жорыққа бармай-ақ қойсаң қайтеді, мен өтініп сұраймын, - деді Мәдібай неміс автоматын асынып, саптың басында тұрған Иренге қарап.
-Жоқ, қалмаймын, мен осы жорыққа бару үшін командирден әдейі сұрандым, - деді қыз Мәдібайға тура қарап.
-Жарайды, - деді Мәдібай, сосын сәл ойланып:
-Бірақ келісіп алайық, менің бұйрығымды орындайсың, өз бетіңше әрекет етуші болма, бұл сапар барлау емес, соғыс болады, - деді.
-Келістік, бұйрығыңды орындаймын, командир мырза! – деді қыз Мәдібайға көзін төңкере қарап, наздана жымиып.
-Отряд, еріңдер соңымнан! – деді Мәдібай. Отряд қозғалды, саптың басында Мәдібай өзі, Сәрсенбай ортада келеді.
Отрядтағы отыз жеті адамның басым бөлігінде винтовка, оншақты адамда немістің шолақ дүмді автоматтары, екі адамда қол пулеметі бар. Әрбір адамда үшеуден, төртеуден гранаталары белдерінде. Жолға көмілетін запалдыминалар салған үш-төрт жәшікті екі адамнан кезектесіп көтеріп келеді. Отряд тау етегіндегі орман ішімен бір жарым-екі сағаттай уақыт жүріп отырып, карта бойынша межелеген жерге өздері жоспарлаған уақытта жетті. Бұл ұзындығы он шақырымдай болатын тау шатқалындағы жол екен. Кең шатқалдың ортасында шағын тау өзені сылдырап ағып жатыр. Жолдың бір жағы өзен, бір жағы тау етегіндегі сиректеу өскен орманды, қарағайлыалқаптар. Жүк колоннасының келуіне бір жарым сағаттай уақыт бар. Ендігі жұмыс жолды миналау. Тау жолы тастақты, күректер шақ-шақ етіп тасқа тиеді. Маңдайынан тері бұршақтаған жауынгерлер бір сағаттай уақытта жеті жерден мина қойып үлгірді. Отыз жүк көлігінің арасы он-он бес метрден келген кезде колонна шамамен жүз метрден аса аумақты алады. Миналар да осы есеппен орналастырылды. Минаны жарғыш сымдарды дереу жолдан елеусіздеу етіп, етекке түсірді. Минаны жарушы екі адам жолдың қарсы бетіне, тау өзені жағындағы ағаштардың тасасына орналасты. Олардың арасы отыз-қырық метрдей, миналардың бәрін бірдей жармайды. Алғашқы машиналарды алға өткізіп жіберіп, бүкіл колонна тұтас қамтылатындай жерге келген кезде жарады. Ол үшін командирдің белгісін күтеді. Ол белгі алғашқы оқтың атылуы. 
Мәдібай минерларға тапсырмасын берді де, отрядтың қалған адамдарын шатқалдағы жолдың тау жақ бетіндегі ағаштардың арасына, қойтастардың тасасына орналастырды. Әр адамның арасы он-он бес метрдей жер. Мәдібай қасына Иренді алып, екі қол пулеметті жауынгер төртеуі оңтайлы деген биіктеу жерге келіп, үлкен қойтастардың тасасына орналасты. Бұл жерден жол үсті, етектегі жауынгерлер алақандағыдай көрінеді. Екі пулеметшінің арасы он бес-жиырма метрдей болады. Бір пулеметшінің қасында Иренді қалдырды да, Мәдібай өзі екінші пулеметшінің жанына келді. «Мишель, мен сенің қасыңда болайын» - деген Иренге Мәдібай, «Болмайды, бәріміз бір жерге топталып жүру қауіпті» - деп қалдырып кетті. «Мишель, өзіңді сақта!» - деді қыз Мәдібайдың құлағына сыбырлап. Мәдібай автоматын иығынан алып, пулеметшінің қасына жайғасты. Беліндегі үш гранатты шешіп, қасына қойды. Екі көзін жолдан алмаған қалпы  пулеметшіге, «Колонна жолға келген кезде менің белгіммен оқ ат, мен граната лақтырамын» - деді. Енді колоннаны күту ғана қалды. Шатқалдағы жол әзір тым-тырыс, тек орманды алқаптардан әлдебір құстардың сұңқылдаған үні ғана естіліп қалады. Жаздың қысқа таңы бозарып, жарты сағаттай уақыт өткенде алыстан гүрілдеген машина үні естілді.
-Ұрысқа дайындалыңдар! – деді Мәдібай. Мәдібайдың сөзін жауынгерлер әрі қарай іліп әкетті. «Ұрысқа дайындалыңдар!», «Ұрысқа дайындалыңдар!» - деп отрядтың аяғынан бір-ақ шықты. Жауынгрелер автомат, винтовкаларының шаппаларын қайырып, кезене ұстап, жол бойына жіті көз салып, демін ішінен алып қатып қалған.
«Япыр-ай, қалай болар екен, көліктердің саны нақты қанша болар екен?!» - деді іштей күбірлеп Мәдібай. Міне, алғашқы көлік көрінді, үстін березентпен қымтап жапқан жүк көлігі таң бозында бұлдырап көрінде де, айқындала берді. Артынан тағы бірі, үшіншісі. Мәдібай дүрбі тартып қарап жатыр, үш, төрт, бес, алты. Он үш жүк көлігін санап шықты. Аржағындағыларын санай алмады, өйткені бірінің артында бірі  қабаттасып көрінбеді. «Командирдің айтқан барлау мәліметі дұрыс болды, отыз шақты болды ғой» - деді Мәдібай. Бәрінің де қорабы березентпен бүркелген. «Колоннаны қорғаушы неміс жауынгерлері қай машинада болуы мүмкін?» Міне, көліктер жолдың миналанған бөлігіне кірді. Осы кезде колоннаның артындағы жүк көліктері түгел көрінді, барлығы жиырма төрт көлік екен. Алғашқы машина ыңыранып тартып келеді, ол жолдың миналанған бөлігінің басына да келіп қалды. Енді кешіксе ол миналы алаңнан шығып кетеді, бастау керек. Мәдібай беліндегі гранатаны алды да білтесін суырды, сосын жанында жатқан жауынгерге қолын сілтеп қалды. Дайындалып жатқан жауынгер пулеметінің шүріппесін басты. Қол пулеметі сақылдай жөнелді. Мәдібай қолындағы гранатасын алғашқы машинаға қарай лақтырды. Сол-ақ екен отыз төрт адам барлық қарулардан колоннаға оқты қарша боратты. Осы кезде минерлер минаға от берді, олар бірінен соң бірі гүрс-гүрс жарылып, жолдың үсті лезде алатопалаң болды да кетті. Ондаған машина отқа оранды, айқай-шу, немістердің өз тілдерінде сөйлеп, айқайлаған дауысы, атыстың қайдан шыққанын аңғара алмай қалған олар естен танғандай күйге түсті. Бес-он минуттан кейін ғана естерін жиып, машиналарының тасасына тығылып атыса бастады. Колоннаның орта тұсындағы екі көліктің қорабынан бір взводтай неміс жауынгерлері секіріп түсіп жатыр. Олардың кейбірі түскен бойда оққа ұшып, домалап қалды. Аман қалғандары жата қалып, атысып жатыр. Бірақ тас төбелерінен атқылаған партизандар немістердің естерін жиғызбастан қырып салды. Аяқ астынан, күтпеген жерден болған шабуыл өз нәтижесін берді. Ұрыс әрі кетсе жарты сағаттан аса уақытқа ғана созылды. Немістер өлгені өліп, аман қалғандары қаруларын тастап, машиналарының астынан, тасасынан қолдарын көтеріп шыға бастады. Олар берілгеннен кейін партизандар да атысты тоқтатты.
-Тұтқынға берілгендерге тимеңдер, қаруларын, құжаттарын алыңдар, машиналарды түгел тексеріп шығаңдар! – деп бұйырды Мәдібай.
Мина жарылысынан колоннадағы жиырма төрт жүк көлігінің он үші жанып кеткен еді. Қалған көліктерді тексеріп, олардың қораптарында негізінен азық-түлік пен қару-жарақ, оқ-дәрі екені анықталды. Колоннаны қорғаушы бір взводтай жауынгерді қосқанда барлығы елу-алпыстай неміс жауынгерінің он төрті тұтқынға түсті. Қалғаны жойылды. Тұтқынға түскендердің екеуі офицер болып шықты. Мәдібай олардың былғары сөмкесіндегі құжаттарды алып, Сәрсенбайға беріп, «Өзің еге бол, командирге тапсырамыз» - деді.
-Біздің адамдар аман ба, шығын жоқ па? – деді Мәдібай жауынгерлерін көзімен шолып шығып.
-Біздің адамдар аман екен, үш-төрт адам жеңіл жарақат алыпты, - деді Ирен.
-Көліктерді отрядқа жеткізе аламыз ба?- деп сұрады Мәдібай жауынгерлерден.
-Көліктер барлығы да жарамсыз, жарамды болған күннің өзінде бұл жерден біздің отрядқа баратын жол жоқ, - деді жер жағдайын білетін Ирен.
-Онда азық-түліктен, қарулар мен оқ дәріден көтергендеріңше алыңдар да, қалғанын орман арасына, тасалау жерге жинап, үстін жауып, жасырып кетейік, - деді Мәдібай.
Партизандар екі сағаттай уақытта көліктердегі қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді орман арасына тасып, орналастырып, үстін ағаш бұтақтарымен бүркеп жапты. Ал, қалған көліктерді өртеп, жойып, он төрт тұтқынды алдарына салып, отряд жолға түскенде күн сәскеге таяу еді.
-Ұрыс басталғанда мен сен үшін қатты қорықтым, - деді Ирен Мәдібайға.
-Неге қорқасың?
-Қалай неге, түсінбеймісің, оққа ұша ма, мерт бола ма деп қорықтым.
-Ал, мен сені ойладым.
-Солай ма?
-Иә, сен автоматыңды алып, немістерге тұра жүгіре ме деп қорықтым, - деді Мәдібай.
-Енді мен сені жорыққа жалғыз жібермеймін, үнемі сенің қасыңда боламын, - деді Ирен Мәдібайдың қолын қысып...
Отряд таңертең өздері келген жолмен үш сағаттай жүріп, партизандар қосынына келді. Мәдібай отрядқа демалуға рұқсат берді де, екі-үш жауынгермен Сәрсенбай, Ирен үшеуі тұтқындарды алып штабқа келді.
Штабқа кіріп, капитан Моноға тапсырманың орындалғанын, жиырма төрт көліктен тұратын азық-түлік пен қару-жарақ тиелген неміс колоннасының жойылғанын, он төрт немісті тұтқындап алып келгенін баяндады.
-Сержант Мишель, дегенмен сен жарадың, нағыз батыр екенсің! – деп күлді Моно орыс тілінде француздық мақаммен. 
-Командир мырза, қазақ деген халық талай соғыстарды көрген. Менің ата-бабаларым талай жауын тізе бүктірген батырлар, сондықтан менің батыр болмауға хақым жоқ, - деді Мәдібай. Моно ойланып қалды, әдетінше оң қолының бас бармағы мен сұқ саусағымен мұртын сылап қойды. Сосын Мәдібайға қарап:
-Ал, сіздің халқыңыз кімдермен соғысқан? – деді.
-Қазақ халқының жаулары көп болған, қазақтар қалмақтармен, жоңғарлармен, қытайлармен, орыстармен соғысып, елін, жерін қорғап қалған.
-Қытайлармен, орыстармен соғысқан иә,  - деді Моно өзімен өзі сөйлескендей болып. Сосын мұртын сылап, бір сәт тағы да ойланып қалды.
Мәдібай оның қазақ, жоңғар, қалмақ деген халықтарды көз алдына келтіре алмай отырғанын, қазақтардың қытайлармен, орыстармен қалай соғысқанын ақылға сыйдыра алмай отырғанын білді. Осы кезде Моно:
-Жарайды, Мишель, өз халқың туралы әңгімеңе рақмет. Сіздерді тапсырманы мүлтіксіз орындағандарыңыз үшін француз үкіметінің марапатына ұсынамын, - деді орыс тілін белден баса сөйлеп.
Штабтан шыққан Мәдібай Иреннің жертөлесіне беттеді...
Тұрақ Адисұлы.
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
09 мамыр 2019 ж. 710 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930